Кейбір мемлекеттерде белгілі бір шенеуніктің қол астында қызмет істейтін жас келіншекке немесе бойжеткенге қырындағаны туралы ақпараттар анда-санда қылаң беретіні рас. Кейбіреулер өзінің бейәдеп жүрісін мойындаса, өзгелері лауазымына сеніп, мойындамауға тырысады. Әлемдегі алып мемлекеттің бірі демократиялық АҚШ-та әйелдермен байланысы көпшілікке жария болғаннан кейін өз еркімен қызметтен кеткен жоғары лауазымды шенеуніктер кімдер? Енді соған тоқталайық.
Оңтүстік Каролина губернаторы Марк Санфорд 2009 жылдың 24 маусымында көңілдесімен кездесу үшін Аргентинаға барғанын жеті күн өткенде мойындапты. Өзінің 4 баласы бола тұра Аргентинадағы жас келіншекпен сегіз жыл бойы кездесіп жүріпті. "Менің бұл ісім дұрыс емес" деп мәлімдеді ол көпшілікке.
2009 жылы 19 маусымда Джон Энсайн деген сенатор өзінің көмекшісі болып табылатын шенеунік әйелмен байланысы бар екенін көпшілікке жария еткен. Ол бұл әрекетке көңілдесінің күйеуі оған қоқан-лоқы көрсеткен соң барған екен.
Нью-Йорк штатының губернаторы Элиот Спитцер 2008 жылы жезөкшелерге барғанын жариялап, қызметінен кеткен. Оның жеңіл жүрістілермен байланысы туралы «New York Times» басылымында мақала жарияланған. Губернатор мақала жарыққа шыққан аптада сөзге келместен орнын босатқан.
Сенатор Дэвид Виттер де 2007 жылы жезөкшелер үйіне телефон шалғанын мойындаған. «Hustler» журналының журналистері сенатордың телефон нөмірі жезөкшелер ұяшығымен байланысты екенін жазды.
Боб Ливингстон деген шенеунік 1998 жылы Парламент спикері болайын деп тұрған жерінен әйелі оған күдікпен қарайтынын айтады. Содан екі ай өтпей жатып, шенеунік Конгрестегі қызметін тастайды.
АҚШ Президенті болған Билл Клинтонге де Моника Левинскимен байланысы үшін халық сенімсіздік танытқан.
Сенатор Боб Пэквуд 1995 жылы отставкаға кетті. Өйткені ол қарамағындағы 17 қыз-келіншекке қырындаған. Оның әйелқұмарлығы туралы ақпараттар көпшілікке кеңінен жария болған.
Әзірлеген Айғаным Біртуар