Ақын Тұманбай Молдағалиев жайған дастарқан басында Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев бастаған бір топ ақындар болса керек. Бір кезде сөз кезегін Ғафу Қайырбеков алады да, ықылас-ілтипатын орталарындағы жасы үлкен ақын ағасы Хамит Ерғалиевке арнайды: «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп, шауып келе жатыр, – деп бастайды Ғафу әдеттегідей арқалана сөйлеп, – көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ, келеді. Сол арғымақ Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін».
Хамаң бұл сөзге қатты толқып, көзі жасаурап, орнынан тұрып Ғафуды құшақтап, үнсіз сүйеді.
Содан, бір мезгілде сөз кезегін Хамит Ерғалиевтің өзі алғанда: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын еркін жұтып, мен ағып келе жатқанымда, соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып, сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның, Ғафужан!» деген екен.
Кейін арада жылдар өткенде Тұманбай Хамаңа еркелеп әлгі сөздерді еске алып, «Хама, сол жылғы қалың дүрмектің ішінен тай мінген Сағи екеуміз көзіңізге түскен жоқпыз ба?» деп әзілдейді ғой.
Сонда Хамаң ақын інісін бәленбай жыл өкпелетіп алдым ба дегендей көңілмен қауқылдап: «Тұмаш-ау, бар болғанда қандай: сол көп дүрмектің ішінде жұлдыздай ағып, суырыла шауып келе жатқан қос қоңыр – Сағи екеуіңнің тайың болатын!» деген екен.