Лаңкестердің қатарына қосылған жастардың 80 пайызы интернет арқылы тартылған. Бұл туралы бүгін Астанада интернетті лаңкестік мақсаттарда пайдалануға қарсы күрес және оның алдын алуға арналған халықаралық семинарда ҚР Бас прокуратурасының халықаралық байланыстар департаменті директорының қызметін атқарушы Әлжан Нұрбеков мәлім етті.
«Жыл сайын интернет арқылы лаңкестік сипаттағы 100 мыңдаған материалдар тарайды. Соның ішінде Қазақстанға бағытталатын бөлігі де орасан зор. Радикалды топтардың қатарында интернетпен жұмыс істейтін толыққанды ақпараттық қызметтер бар. Сарапшылардың баға беруінше, лаңкестердің қатарына қосылған жастардың 80 пайызы интернет арқылы тартылған. Олар лаңкестердің тұзағына түсіп, террористік топтарға ант береді. Сондықтан Қазақстан ақпараттық кеңістікте осындай контенттің таралуын болдырмау бойынша жұмыстар атқаруда. Он мыңдаған видео, аудио материалдар мен сайттар жабылады», - деді прокурор.
Оставить комментарий