Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 3-4 желтоқсан күндері Алматыда «Алтын домбыра» атты аламан айтыс өтті. Бас жүлдесі Мұхтар Ниязовқа бұйырған айтыстың нәтижесі «Қамшы» порталында жарияланған болатын.
Айта кетсек, Ниязовқа «Алтын домбыра» мүсінімен қатар, 3 миллион теңге сыйақы берілді. 1-орын Болатбек Оразбаевқа (2 млн теңге), 2-орын Жансая Мусинаға (1 млн теңге) бұйырды. Ал 3-орын Серікзат Дүйсенғазы, Мейірбек Сұлтанғазы, Иранғайып Күзенбаев пен Өміржан Көпбосыновқа берілді (әрқайсысына 300 мың теңгеден) берілді.
Қазылар алқасы осындай шешім шығарып, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі барысында бас жүлденің берілуіне Республика сарайына лықа толған халық наразы болды. Оразалы Досбосыновтың төл шәкірті, ірі ізі Болатбек Оразбаев шешуші айтыста жыраулардай жыр төкті. Дегенмен әділ қазылар берген бағада «бір тоғыз» беріліп, «Алтын домбыра» қарсыласы Мұхтар Ниязовқа берілді.
Мұхамеджан Тазабек, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла, Әділбек Ыбырайымұлы, Қонысбай Әбілов, Қойлыбай Асанов сияқты «зейнеттегі ақындар» қазылық еткен айтыстың ақтық бәсекесіне Болатбек Оразбаев пен Серікзат Дүйсенғазы, Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусина "Алтын домбыра" үшін айқасқа шықты.
Жүлде тапсыруда сөз алған Алматы әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы сөзін халыққа қарата «Сабыр етіңіз!» деп бастады. Бауыржан Байбек ақындарға ризалығын айта келіп, Бас бәйгенің жүлдесіне тағы 2 000 000 теңге, бірінші орынның жүлдесіне 1 000 000 теңге үстеме қосатынын хабарлағанда көрермен қошаметі тіпті де үдей түсті. Шулаған халыққа Болатбек Оразбайұлының өзі басу айтып: "Халықтың бірлігі маған мың артық" деді.
Айта кетейік, «Алтын домбыра» айтысы осымен V рет өткізіліп отыр. Мұхтар Ниязов (2012 жылы) алғашқы иегері болған еді. 2013 жылы Жандарбек Бұлғақов иеленсе, 2014 жылы Балғынбек Имашевтің еншісіне бұйырған болатын. Ал 2015 жылы «Алтын домбыра» Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Әр жолы «Алтын домбыра» айтысы өткен сайын арты белгілі дәрежеде дауға ұласып келеді.
Ерлан Төлеубай
Оставить комментарий