МАҚТАНУДАН СОВЕТ ОДАҒЫНАН АСЫП КЕТТІК

/uploads/thumbnail/20170708153009045_small.jpg

«Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар бүгінде әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын тудыруда. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов Таиланд Корольдігінің Мемлекеттік қызмет жөніндегі комиссия офисі Бас хатшысының орынбасары Висоот Праситсиривонгсемен кездесу барысында айтты.«Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар бүгінде әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын тудыруда».

"Қазақ үні" газетінен

diktator

Мақтансаң қазақ, осылай мақтан!

Әлихан Бәйменовтың айтып отырғанына қарағанда, мемлекеттік қызмет саласына реформалар жасауда біздің Қазақстан – әлемдегі теңдесі жоқ озық елдердің бірі көрінеді. Бұған сенесің бе, сенбейсің бе?..

...Әлі есімде, 1990 жылы сол кездегі еліміздегі марқұм Батырхан Дәрімбет екеуміз шығарып жатқан тұңғыш тәуелсіз саяси басылым – «Азат» газетіне жазған бір мақаламның тақырыбын: «Әлемдегі ең мақтаншақ ел – біздің Кеңес Одағы болуы мүмкін» деп қойғаным. Шынында да, өмірдің қай жағынан алып қарағанда да Кеңес Одағы шектен шыққан мақтаншақ ел еді!

Содан бері арада көзді ашып-жұмғанша  ширек ғасырға жуық уақыт та зымырап өте шығыпты!  Әлгі «мақтаншақ ел» - Кеңес одағы келмеске кетті! Кеңес Одағының құрамындағы мемлекеттердің ең соңы болып, Қазақстан әзер дегенде тәуелсіз мемлекет болды!

Сол келмеске кеткен Кеңес империясының құрамында 15 одақтас республикалардың болғаны белгілі. Бүгіндері сол «он бестің» дені өз алдына жеке тәуелсіз мемлекет! Әлі көздері бозарып, тәуелсіздіктерін аңсап отырған олардың бодандағылары қаншама? Бұл – өз алдына бөлек әңгіме.

Ал, енді  «мақтаншақтық» жөніндегі әңгімеме қайта оралайын!

Менің кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағын «мақтаншақ» ел деп жүргенім бекер болып шықты. Олай дейтінім, мақтаншақтық жөнінен ол Кеңес Одағы мына біздің Қазақстанның жанында жіп иіре алмай қалады екен.

Оған дәлел, жоғарыда сөзінен үзінді келтіріп отырған Әлихан Бәйменовтың айтқандары.

Әлиханша айтқанда, Қазақстан мемлекеттік қызметке реформалар жасауда әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет саналса, ана 5 мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті, 300 жылға жуық тарихы бар АҚШ, сондай-ақ, кезінде жарты әлемді билеген Англия, Франция, Германия, Италия, т.б. мемлекеттер мемлекеттік қызметке реформалар жасамай, бүгінге дейін ауыздарын ашып, айға қарап, шошқа тағалап келген бе, сонда?

Олар бүгінге дейін Қазақстан деген мемлекет болмаса, оның реформаторы Әлихан Бәйменові болмаса, көрген күндері қараң екен ғой?..

Біздің Қазақстан билігі қасиетті Арқада аз уақыттың ішінде аты жоқ астанасын салуын, орыстармен бірігіп, Қазақстанда тұңғыш рет АТОМ электор стансасы құрылысын бастағысы келгенін, ана мұхиттың арғы жағындағы Канададан асыл тұқымды бұқаларды ұшақпен жеткізуін, тіпті, Арқадағы жабайы қарақұйрықтардың «Еуразиялық экономикалық одаққа» мүше болғалы бері күрт өсіп кетуін («Қазақстан»  теларнасы, «Таңшолпан» бағдарламасы), т.б.  әлемдегі теңдесі жоқ жаңалыққа жатқызғанда, аузың ашылып, көзің жұмылып қалады екен. Міне, нағыз мақтаншақ мемлекеттің кім екеніне енді көзің жеткен шығар...

«Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасын қарасаң, біздің Қазақстан өмірдің қай қырынан да әлемдегі «ең озық ел» екеніне еріксіз көзің жетеді.

Иә, Қазақстан билігінің шектен шыққан мақтаншақтығы күн өткен сайын шектен шығып барады.

Жұмаш КӨКБӨРІ,

10.07.2014 жыл. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи