Жұрт талқыға салған Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залы ашылмағаны анықталды

/uploads/thumbnail/20170709190801237_small.jpg

№157 орта мектеп басшылығы «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залы» ашылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын өзін Төреғали Төреәлінің директорымын деп таныстырған Фариза Спандиярова өзінің инстаграм парақшасында  «Бүгін бізде тағы бір қуанышты жаңалық. Наурызбай ауданындағы, нөмірі 157-ші мектептің ішінен Ұлы Дала баласы - Төреғали Төреәлі атындағы “Мәжіліс залы“ ашылды. Ендi мектептің барлық іс-шаралары осында өтетін болады» деп жазған еді. Осы жазбаны көргеннен кейін «Қамшы» сайты  жазбаның авторына хабарласты.

Фариза Спандиярова бізге берген сұхбатында мектеп басшылығына оқушылар «Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс-залын» ашу туралы ұсыныс тастағанын айтқан.  Мектеп басшылығы қабыл алып, оның ашылу салтанатына әншіні шақырған. Төреғали ұсынысты қуана қабыл алып, оқушыларға ән айтып бергенін айтты.

Әншінің директоры бізге мәжіліс залының ашылу салтанатынан деп Төреғалидың оқушылармен бірге түскен және Төреғалидың «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залы» деп жазылған тақтайшаны ұстап тұрған фотосы мен видеоны жіберді. Ол qamshy.kz жарияланды.

Наурызбай ауданындағы №157 мектепке хабарласқанымызда, мектеп директоры Ахметова Света Ағабекқызы аталмыш мәжіліс-залы жоқ екенін және болашақта да ашылмайтынын айтты.

«Төреғалидың продюсері «Төреғали Төреәлінің атындағы мәжіліс залды ашу» туралы ұсыныс жасады. Алайда біз өз бетімізбен ондай зал аша алмаймыз. Ол үшін әкімшіліктің, білім басқармасының рұқсаты керек. Біз аты аталған мекемелерге ол ұсынысты жіберген де жоқпыз. Сондықтан «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залы» №157 мектепте ашылмады және болмайды да. Ал фото мен видеоға қатысты айтар болсам, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға Төреғали қонақ ретінде келіп кеткен. Сол уақытта түсірілген фото мен видео» деді мектеп директоры.

qamshy.kz сайтында әншінің атында мәжіліс залы ашылғаны туралы ақпарат шыққанда оқырмандар тарапынан мектеп басшылығына наразылық білдіргендер көп болды. Білім ордасындағы залда әншінің емес ұлт зиялыларының есімдері берілуі керек еді ғой деп реніштерін білдірді. «Қамшы.кз» порталы өз тарапынан және оқырмандардың тілегін №157 мектеп басшылығына жеткізді. 

 №157 мектепте «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залы» ашылғанына қатысты келеңсіздік орын алыпты. Мектеп директорына  әртараптан қысым көрсетіліп жатыр екен. Іс насырға шаппауы үшін «Қамшы» барша оқырмандарды сабырлыққа шақырады.

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи