«Өнер қырандарының» соңғы өткізген концерттерінде жат ағымды ұстанушыларды сынағаны жайлы материал «Қамшы» порталында жарық көріп, 70 мыңнан аса оқылып, айтарлықтай талқыға түсті. «Қамшы» тілшісі «Өнер қырандарының» директоры Мадияр Серікбаевпен телефон арқылы тілдескен болатын. «Қамшы» порталы жұрт көңілінен шыққан қойылымды сахналаған театр жетекшісімен өткізген сұхбатын оқырман назарына ұсынады.
– Қайырлы күн, Мадияр мырза! «Тәуелсіздік күні» 31 арна эфирінен көрсетілген концерттеріңіздегі жат ағымды ұстанушыларға қатысты қойылым халықтың көңілінен шығып, қоғамда айтарлықтай дүмпу туғызды. Бұндай қойылымды саханалауға не ықпал етті?
– Біріншіден, бұл – Елбасының тікелей тапсырмаларының бірі. Экстремизмге қарсы, қазақ жастарының жат ағымға кіріп кетпеулері үшін алдын-алу мақсатында жасалған жұмыс. Екіншіден, Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен, қолдауымен өткен шара болды.
– Қойылым көрерменге не айтқысы келді?
– Біздің негізгі мақсатымыз – экстремизмге қарсы, қазақ жастарының жат ағым жетегінде кетіп қалмаулары үшін мәселенің алдын-алу, адами қасиеттерді дәріптеп, жақсыға шақырып, жамандықтан тыю еді. Сонымен қатар, қазіргі таңда тек қазақтың басына емес, күллі адамзатқа төніп тұрған қауіптердің бірі: жат ағым жетегінде кету, экстремизм құрбаны болу, толастамай тұрған террор. Бұл жәй ғана тақырып емес және де біз ешқандай да дін өкілі емеспіз, ешқандай да дінді насихаттап, оны талқыға салып жатқан жоқпыз, өзіміздің ислам діні, мұсылмандығымыз не айтады деген сияқты сауалдар төңірегінде құралған. Қазақтың салт-дәстүрінің өзі - дін, діннің діңгегіне байланған дәстүр. Біз сол діннің көрінісі: ата-ананы сыйлау, көршімен жақсы қарым-қатынасты болу, ағайын-туғанмен араласу, пара алмау, өтірік сөйлемеу деген сияқты дәстүрімізді көрсеттік. Салафит, ваххабизм, тәкбіршілер деген сияқтылардың ара-жігін ажыратып жатқан жоқпыз, тек Отанды тастап, Сирияға кетіп қалу, Отанын сүймеу мәселесін айқындап көрсетуге тырыстық. Алайда, тек қана өзіміздің білімімізбен ғана, Өнер қырандарының ғана өзінің ізденісімен жасалды деп айта алмаймын. Бұл – келісілген, жүйелі түрде жасалған дүние.
– Осы қойылымға қатысты сіздерге жат ағымды ұстанушылардың тарапынан қандай да бір қысым көрсетілмеді ме?
– Әрине, біреулерге ұнамай жатуы мүмкін, біреулер мұсылмандарды осындай қылып көрсеттіңдер деп қарсы пікір айтуы мүмкін, тіпті желілерде айтылып та жатыр ғой, ал біздің өзімізге келіп пәлен деп ешкім айтқан жоқ. Бірақ, біз пәленшені ғана көрсетеміз деп емес, негізінен халықтың жат ағым жетегінде кетіп қалмау, тура жолдан адаспаудың алдын алу мақсатында қойылған болатын. Енді, сөз иесін табады дейді ғой, әркім өзін тауып та жатқан болар.
Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Оқырманның есіне сала кететін болсақ, биыл Қазақстанда екі бірдей лаңкестік оқиға орын алып, салдарынан Қазақстанда террордың сары деңгейі, Ақтөбе мен Алматыда қызыл деңгейі жарияланған еді. Билік ресми түрде аталған қылмысты салафиттердің жасағанын жариялаған болатын.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Оставить комментарий