Жаңа жыл ішімдік ішуге арналған мереке ме?

/uploads/thumbnail/20170709192039225_small.jpg

 

Жаңа жыл мерекесі келсе халық дүкендерге жүгіреді. Себетін толтырып азық-түлік алады. Сыңғырлатып үйіне қарай бөтелке сүйрейтіні де аз емес. Былтырғы 2015 жылдың аяғында жаңа жылдық Аққайнар сатылымы әлемде 4,7 млрд. евроны құраған. Бұл өткен жылдардағыдан 4,4 пайыз артық болыпты.

Жаңа жыл қарсаңында еліміздегі ішімдікті тұтынушы адамдардың саны, маскүнемділік дертінің өткен жылдармен салыстырғандағы көрсеткіші және  алкогольды өнімдердің сатылымына «Қамшы» порталы шолу жасап көрді.

Әр екінші адамның ішкілікке салынған көршісі, туысы, танысы болуы мүмкін. Біздің елімізде спирттік сусындардың сатылымына және қоғамдық орындарда ішімдік  ішуге шектеу қойылуының себебі бар. Демек, мәселе де жоқ емес.  БАҚ-та жақында ғана еліміздегі ең көп ішімдік ішетін қаланы жариялады. Ол – Павлодар екен. Жергілікті айықтырғыш мекемелеріне тәулігіне 50 адамға дейін жеткізіледі. Бұл – республика бойынша ең үлкен көрсеткіш.

Ұлыбританиялық IWSR (халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы – ред.)  ұйымының сараптамасы бойынша арақ ішу жөнінен Қазақстан бесінші орынға шыққан. Сол уақыттың ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 200 мыңнан астам адам маскүнемділікке шалдыққан. Бұл – 2013 жылдың дерегі.

Қазақстанда 2015 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 11 миллион  793,2 мың литр арақ өндірілген.  Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, осы уақыт аралғында  185 миллион 354,7 мың литр сыра өндіріпті.  Ресми дерек бойынша республикамызда маскүнемдік дертімен 300 мыңнан астам адам есепте тұрғанын айтады.

Ал, 2015 жылғы мәліметке сүйенсек, ҚР-ның 17 ірі қаласында ішімдікті  үй жағдайында жылына  17,7 млн. литр қолданады. Ал, Қазақстан бойынша жылына 44,2 млн. литр қолданылады. Үйде емес, сыртта, демалыс орындарында қолданылған ішімдіктің мөлшері 80 млн. литр болады екен. Жан басына шаққанда 4,7 литр ішімдік. Бұл сыраның қолданысын есептемегендегі көрсеткіш.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әрбір төртінші қазақстандық жылына 11 литр ішімдік ішеді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша ішімдіктің салдарынан болатын жол апаттарының саны да артпаса, кемитін емес. Жылына 6219 көлік апатының 200-і мас күйінде көлік айдаған жүргізушінің кінәсінен болады екен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайды деген ақпарат таратқан. Қазақстанның статистика агенттігінің мәліметі бойынша, арақтан бөлек, ел тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішеді. Бұл да әлемдегі жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ал, 2014 жылдың көктемінде ҚР Премьер- Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеулеріне сәйкес спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің  арасында 34 орынды иеленіп отыр. Еліміздің әрбір азаматы жылына орта есеппен шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады екен. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі арақты ең көп ішетін ел ретінде танылып отыр», - деп мәлімдеме жасады.

Санкт-Петербургтегі медицина ғылым­дарының докторы  Владимир Леонидович Козлов­скиий сөзінде: «Ішімдік ішу жағынан Қазақстан мен  Ресейдің көрсеткіші бірдей» депті.   130 миллион халқы бар Ресей мен 17 миллион халқы бар Қазақстан арақ пен есірткі тұтыну жағынан теңесуі қаншалықты қауіпті екенін ойлай беріңіз!» – депті. Әлемдегі ең әйгілі алкоголь өнімі арақ болса, оны көп ішетін – бұрынғы коммунистік елдердің тұрғындары. Кеңес дәуіріндегідей адамдарды ішімдік қойып сыйлау деген түсінік бірте-бірте жойылып келеді.

Ал, 2015 жылы қазан айында қазақстандықтар алкоголь өнімдерін күндіз сағат 12-ден кешкі 21-ге дейін ғана сатып ала алатын заң қабылдаған. Алайда бір қуантарлығы, бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. «ҚалАлко» қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев берген сұхбатында: «Соңғы бес жылда алкогольды өнімдерге сұраныс 52-ден 13-ке дейін төмендеген. Ішімдік саудасы жыл сайын 5%-ға төмендеп келеді» деген болатын. Еліміздің ішімдік ішуге шектеу қойып, жарнамасын да дәріптеуді қолға алуы – адамдардың да ішімдікті аз ішуіне әсер етті. Тағы бір себебі, көп жастар ислам дініне бет бұрып келеді. Бұл, әрине, көз қуантарлық жағдай. Ішімдік тұтынушы адамдардың санын азайтпай еліміздің дамуы, өркендеуі мүмкін емес.

Марал Шайхы

Связанные Статьи