Мақаламды биыл 70 жасқа келетін ғалым, ұстаз Рахман Алшановтың ұлт алдындағы қызметіне арнап отырмын. Әуелі, Алаш арыстары туралы бірер сөз.
2017 жыл – қазақ халқы үшін қастерлі жыл! Себебі, Алашорда мемлекетінің 100 жылдық мерейтойы. Біз өткен жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын UNESCO көлемінде тойладық... Той болғанда да елеусіз өткен Абылайханның 300 жылдығы іспетті болды. Әлиханның аяулы есімі мен ұлт үшін жасаған ерен еңбегін қажетті деңгейде ардақтай алмадық.
Әлихан ғана емес, Алаш Арыстары, халықтың арда ұлдары, заманының заңғар тұлғалары біздің бет түзер құбыламыз іспетті әрдайым жүрегімізде, төрімізде орын алуға тиіс. Мемлекеттік идеологиямыз солардан нәр алуы, қуат алуы қажет.
Әлиханмен деңгейлес тұрған, жасы да қарайлас, Алаштың қайраткерлеріне жол сілтеп, бағдар көрсеткен тарихи тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы! Ахаңның ұлтына еткен қызметі, жазып қалдырған еңбегі өлшеусіз.
Жер аударылып жүрсе де 1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынды. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. 1913-1918 ж.ж. қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады. А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бірінші санындағы халыққа арнауын былай дейді: «...Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесер қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы». Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсынұлына бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлы «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды. І-ші жалпықазақтың съездің қорытындысында «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды. 1918-1919 ж.ж. «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді.
Алашорда үкіметі советтік зұлымдар саясатымен күштеп таратылғанда да Байтұрсынұлы 1920 жылы 17 мамырда В.Лениннің атына хат жолдап, «... Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ», дей келе қазақ жерінің билігін қазақтан шыққан коммунистер қолына беруді талап еткен еді. Ол совет үкіметінде де ұлтының мүддесі үшін аянбай еңбек етті.
Ал, осындай ірі мемлекет қайраткерінің атын халқы ардақтай алып отыр ма? Бүгінде Алматыда Байтұрсынұлының мұражай-үйі, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік Университеті, Қостанай мен Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және қалаларда көше атауына берілген есімі болмаса Байтұрсынұлы есімі жоғары шенділер сөйлейтін мінберлерден естіле бермейді. Бұл туралы Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы Имаханбет те айтқан болатын. «Рахман Алшанұлы – Ахмет Байтұрсынұлы атында алтын, күміс, қола медалдар және орден шығарып, саяси жұмыстан гөрі оқу-ағарту саласындағы атаулы және ұжымдық еңбектерге марапат ретінде тағайындап келеді. Ахметтің ардақты атын ел жадында қалдырып жүр. Сол үшін де алғыс шексіз!»
Рахман Алшанұлы 2001 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының ассоциациясы президенті болып сайланған. 2002 жылдың сәуір айынан бері қарай қауымдастықты басқарып келеді. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Алшанұлы 1992 жылы «Тұран» университетін құрған.
Алшанұлы басшылық ететін ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы тағайындаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орден және медальмен негізінен еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін тұлғалар мен ұйымдар марапатталады. Марапаттауға жоғары оқу орындары, жоғары оқу орындарының ректорлары, жоғары оқу орындарының ғылыми кеңесі ұсына алады. Бұл туралы шешім ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы Басқармасының отырысында қаралып лайықтылар арнайы шешіммен жылына бір рет марапатталады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖОО Қауымдастығының медалы Жоғары оқу орындары қызметкерлеріне арнап жасалған, жоғары нәтижелі еңбектерге беріледі.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖОО Қауымдастығының медалімен – ЖОО арнап көп жыл оқулықтар жазып, қарымды еңбек еткен авторларға, оқу құралдары ЖОО қоғамының арасында зор ілтипатқа ие болғандарға беріледі. Әсіресе, бірнеше мәрте қайта шығарылған, автордың өз қолымен жазылған оқулықтар ерекшеленеді. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі жаңа нұсқадағы оқулықтар мен зерттеулер. Үміткерді ЖОО ғалымдар кеңесі, ректорлар, кітапханалар баспасының кеңесі және автордың өзі өзін ұсына алады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖОО қауымдастығының отырысында авторлар ұсынылып, қаралады. Марапаттау рәсімі жылына бір мәрте жасалады.
Байтұрсынұлы атындағы Алтын Медалға бүгінге дейін ие болғандар арасында академик Кенжеғали Сағадиев, академик Ержеп Мәмбетқазиев, Нұрсейіт Айтқали, профессор Қожамжар Төлегенов т.б. да бар. Күміс медалға танымал азаматтардан Ерлан Арын, Ерлан Сыдықов ие болған. Қола медалға Ғалымқайыр Мұтанов, Досым Сүлеев, Айгүл Ісімақова қатарлы ұстаздық қызметте жүрген ғалымдар ие болған.
Қазақстанның Жоғары оқу орындары қауымдастығы біраз жылдардан бері еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін елеулі тұлғалар мен ұйымдарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапаттап келеді.
2012 жылдан бастап бұл марапат санатына «А.Байтұрсынұлы атындағы орден» қосылды. Алғашқы иегері болып сол жылдағы ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орденнің тұңғыш иегері атанды.
Білікті ғалымдардың құралған арнайы комиссияның шешіміне сәйкес Жоғары оқу орындары Қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың өзі табыс ететін марапаттар жыл сайын иелерін тауып жатады. Атап айтқанда Құрманғазы консерваториясының ректоры, әйгілі музыка шебері Жәния Әубәкіроваға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Алтын медаль табыс етілген. Іскер басшы, өнер саңлағы басқаратын Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы А.Байтұрсынұлы орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы орденімен марапатталған.
А.Байтұрсынұлы атындағы орденмен баға жетпес қызметі мен елдің жоғары білімін дамытқаны үшін жаңашыл идеясы мен жаңа ұрпақ тәрбиелеуде арнайы жаңа дайындықта инновациялық жолмен келгені үшін жекеленген тұлғалар мен ұйымдар марапатталады. Марапатқа ЖОО, ЖОО ректорлары, ЖОО ғалымдар ұйымы ие болуы мүмкін. ҚР ЖОО Қауымдастығының басқармасымен жылына бір мәрте А.Байтұрсынұлы атындағы орденмен марапаттау рәсімі өтеді. Бұндай бастаманы қолға алған Алшанов Алаштың атын насихаттауға үлкен үлес қосып жүр.
Экономист, ғалым Рахман Алшанов Байтұрсыновтың ізін жалғаған ағартушы десек қателеспейміз. Ол, Қазақтың баласы оқыса, өзгемен иық теңестірсе дейтін тұлға. Сондай-ақ ол білім саласы ғана емес, қоғамдағы көптеген әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық проблемаларға үн қосып келеді.
Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттық және халықаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті және Білім және ғылым министрлігі коллегиясының, ҚР Үкімет жанындағы Республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдау кеңесінің мүшесі сондай-ақ, ҚР премьер министрлік ішілік Кеңестің экономика саласы бойынша кеңесшісі.
«Мәдениет», «Білім және ғылым беру туралы» заңдардың жобасына, Еңбек және Салық кодекстерінің жобаларын талқылауға белсенді қатысты. Бірнеше экономикалық қоғамдық журналдардың редколлегия мүшесі.
Нұрғали Нұртай
Оставить комментарий