Ербол АЛШЫНБАЙ
Ішім өлген, сыртым сау.
Абай.
І
Бедеу көкке телмірген қара беріш белдері,
Желге жайған ақ шашын дала қандай шерлі еді.
Сол даланың төсінде жетім ауыл бүрсиген,
Кеудесін жер, қушиған жаурынын күн сүйген.
Қара тұмсық қорқау түн ақситқанда азуын,
Келте ғұмыр бөбек таң көр жалғанның жазуын.
Күнмен бірге өретін жұрттың тесіп құлағын,
Осқылады жүрегін бебеулеген бір ағын.
Әбжыланға арбалған бозторғайдың үніндей,
Тарап жатты сол дауыс әр кеудені тілімдей.
Шабақтаған ақ таңды дауыс еді бұл қандай,
Бір жалғызды көп қорқау жарға қамап тұрғандай.
Жұрт жиналды көргені – алпамсадай жігітпен,
Дырау қамшы өзегін қорғасыннан жүгірткен.
Жатыр сабап бір итті байлап мұқыл терекке,
Сұрамайды жұрт батып неге бұлай, себеп не?
Қос қапталдан аққан қан топыраққа иленіп,
Жатыр байғұс қыңсылап шалажансар күйге еніп.
Мейірінен адамның бар үміті өшкендей,
Өлімсіреп қарайды ешкімге де кектенбей.
Тілгілесе бұзаутіс ит терісін қағаздай,
Қыңсылайды,о, сорлы жанға пана таба алмай.
Сабаушының көзінде тамұқ оты тұрақтап,
Сілтеп жатыр дойырды қыбы қанып құлаштап.
Көзінде оның сөнді ақыр соңғы алау мен соңғы үміт,
Дірілдейді қос өкпе тірлік барын сездіріп.
Шерлі дауыс ол да өлді, басты үнсіздік тымырсық,
Үрей де өліп көзінде жатыр байғұс ыңырсып.
Өз жонымда сол қамшы ойнай ма деп бір күні,
Көп тарады құнысып, ішінде өліп шындығы.
Таң есейді кіндігін қызыл қия тас қиып,
Күміс мұртын күн сүйіп тау қарайды қасқиып.
Үнсіз әне түнімен күңіренген молалар,
Тау да үнсіз, (шыдамай тау қозғалса не болар?!)
Бағдары жоқ сал самал сипай соқса еліріп,
Көктеп шыққан қабірден гүл билейді желігіп.
Сәт бұрынғы шайқалған, қайта тауып мүлгуін,
Бейбақ ауыл құнысып сіміреді күн нұрын.
Осы үнсіздік тауды да жұтып жатқан сияқты,
Жер жүрегін бір үрей түтіп жатқан сияқты.
Бебеулеген сол зарды гүл биімен некелеп,
Есірік жел барады оны алысқа жетелеп.
Кеудесінде даланың сансыз бұлақ қыстығып,
Күн бағытсыз сенделді екі беті істігіп.
Кәрі терек, кеш мені, қалған зардан керең боп,
Сен де кешір, жас өскін, келе жатқан тебендеп.
Жұқсыз әке, жынды аға семдірген жас бүршігін,
Ит төзе алмас қорлықтан жанбай сөнген шырпы мұң.
Шыбық аз ба осындай көктей алмай үсінген,
Адам еді ол жауыздық ит кебіне түсірген.
Бедеу көкке телмірген қара беріш белдері,
Желге жайған ақ шашын дала қандай шерлі еді.
Сол даланың төсінде жетім ауыл бүрсиген,
Кеудесін жер, қушиған жаурынын күн сүйген.
Беріш қырда бала отыр бетін сүйіп аңызақ,
Сарсылады сан ойы сан мың жаққа жамырап.
Айғай шықты ауылдан қамшы білеп кіжінген,
Атып тұрып бала оқыс, аңтарыла кідірген.
Аласұра қарайды жан-жағына алаңдай,
Күн күлімдеп тұрса да көлеңкесін таба алмай.
Зәрлі айғайды ұмытып, қалды үрпиіп бұл жүдеп,
Жалғыз сауал аспанын найзағайдай тілгілеп.
Күңірене қол жайды, айналайын, жомарт күн,
Көлеңкемді көлбеген айтшы, қайда жоғалттың?
Аш бөрідей анталап, алқымдайды көп сауал,
Маған қысас тағдырым, тағдыр емес тас қамал.
Ай орнында, күн аман, маңдайымда қос шырақ,
Сайғақта бар көлеңке, неге менде жоқ бірақ?
Бұл жүмілә жалған да өзің салған сүгірет,
Құмырсқа тас басса саған аян құдірет.
Ақылы аздау пендеңнің, айтшы, сарықпай сабырын,
Қайда менің көлеңкем, құдіретті тәңірім!?.
Сіңді барып ауаға жауабы жоқ сөз өліп,
Бетбақтанып бедеу көк тұрып алды безеріп.
Жетім сауал ішінде минут санап ширығып,
Бара жатыр өзегін қызыл шоқтай күйдіріп.
Кереңбісің, ой, ит, деп айғай таяп ауылдан,
Кіжініп кеп ағасы тепті қара бауырдан.
Аяуы жоқ соққыдан сорлы өлімші күйге еніп,
Қарақошқыл топырақ жатты қанмен иленіп.
Қатыгездік жойдақсыз есін алып бір ауық,
Күн батысқа құлады қаннан көзі қызарып.
ІІ
Құбыланы қанға бояп, құлап қызыл күн де өлді,
Ақбоз дүние қос тізгінін қара тұмсық берді.
Моншақтарын ұрлап алып шашқан нұр күннің ол,
Алқараға уыс-уыс шашу қылып жүр жынды жел.
Ауыл жатыр бозаң қырдың бетіндегі меңіндей боп,
Шерлі бала әлі отыр, шемен ойдан көз ілмей тек.
Кім шешеді оның шор боп шиеленген жұмбақтарын,
Беріш бел мен безіреймей тыңда оны, тыңда аспаным!
Қараңғылық – қара бояу, сіңіп жатыр жүректі өрлей,
Шырқыраған мұң да өлді, көр кеуделі түн ескермей.
Ғапыл ғалам ішті өртеген өзектегі өртің симай,
Түн теңізге айнала қап ыңырана толқитындай.
Сезбейді оны бейбақ ауыл, жатыр үнсіз бұйығып тек,
Жарлы лашық, жалқы жігіт соққан құйыны іште.
Аға кеткен желік қуып, тепкіменен шері тарап,
Бала отыр жүйкесін жеп, сыртылдаған кәрі сағат.
Жатыр ұйықтап жесір ана және жалғыз қарындасы,
Араларын бөліп тұрған көрші бөлме қабырғасы.
Бүлкілдейді жас жүрегі іште дауыл тұратындай,
Қара барқыт түнді жыртып бір жарыққа шығатындай.
Шайқап төгіп айрандайын қалған тыныштықты,
Аула жақтан оқыстан бір дүрсілдеген дыбыс шықты.
Келді таяп өкшесімен, жерді ойып жіберердей,
Қорқыныштан қалды бұғып орынынан түрегелмей.
Аңдып келген арсыз төбет адам бар деп қорынбастан,
Қолын салды сорлы ана мен ары таза қарындасқа.
Жалғыз қалған құлыншақты қамағандай бөрі атойлап,
Шырқырады қарындасы түнді жырта ағатайлап.
Қарындастың намысынан бұл жалғанда не бар ауыр?
Көтерілді ішінде оның буырқанып қара дауыл.
Тамырында тұтанған от өртеп өтті шапшып өзін,
Атылды енді суырмаққа әңгі есектің тас жүрегін.
Қару салған қара абдыра, ашып еді, тәңір атқыр,
Жау жасқайтын түгі де жоқ, жатыр іші қаңырап құр.
Орып түссе құлайтұғын белі бекем нар атандар,
Қайда кектің жалғыз серті, алмас жүзді қара қанжар.
Жатыр әне әңгі есектер қыздың арын ойнап ашып,
Тұрды қарап, ойсыз, тілсіз, қалды екен кек қайда адасып?!
Қара түнге сіңіп тынды қыз көзінен аққан қаны,
Ағасының көз алдында оның кірсіз тапталды ары.
Алау-далау қыз өңірін жапқан болды сорлы анасы,
Ай жоғалды беті күйіп қарай алмай таудан асып.
Кешір мені, кешір, ана, сорлы іштей сыбырлады,
Мен білмеймін абдырамнан қаруымды кім ұрлады.
Кім ұрлады, неге ұрлады білмеймін мен себебін де,
Ақталады мағынасыз, өкініш жоқ өзегінде.
Қарындастың қайғысынан дымданбапты жанары түк,
Мұны көріп түннің көзі бара жатты қарауытып.
ІІІ
Көкжиекті шықты жарып, тағы да бір таң іңгалап,
Ұшты бері қара түннен мың көбелек сағым қанат.
Кетті қағып ақ қанатын, кезіп бұйра қыраттарды,
Көктеп шыққан қабірдегі гүлге келіп сыр ақтарды.
Айтты гүлге тәңір жазған жазу қиыс кетпейтінін,
Гүл қабірден, аппақ таңның қара түннен көктейтінін.
Жүйрік мезгіл тұяғында бара жатқан дөңгеленіп,
Пәни менен бақиды тек тұр деп жалғыз перде бөліп.
Тәңір ие тек ажалды жалғыз қылып жаратқанын,
Әр тағдырдың сол жалғызын іздеп баратқанын.
Жетім ауыл құнысады аппақ таңға қарай алмай,
Жарық түссе ішінде өлген сан мың сәуле оянардай.
Отыр жігіт беріш белде мағынасыз құр мәңгіріп,
Қарындастың шерлі үні құлағында тұр жаңғырып.
Кешір гүлім, кешір күнім, құрбан еді саған жаным,
Құтқарар ем мен сендерді қаруымды таба алмадым.
Түн көрді ғой абдырамды түгі де жоқ қаңыраған,
Үндемейді неге мына, шел көз аспан, сары дала?
Маңдайынан желпігенде қанатымен шағала нұр,
Қайта тулай көтерілген ішінде өлген қара дауыл.
Мыртық жусан мына жатқан алған о да сенің,
Көлбей түссе көлеңкесі құртқа пана саясы оның.
Маған да сол жарығыңды төгіп едің таңдағы арай,
Жусанда бар көлеңкенің, болмайтыны менде қалай?
Жалғыз сұрақ жауабы жоқ, басып тұр ғой сол еңсемді,
Айтшы маған, құдыреттім, қайдан табам көлеңкемді?
Шуағыңа құштар едім, ей, қызыл күн жанары от,
Саған жалғыз сұрағымның айтшы, неге жауабы жоқ?
Өзек өртеп жатқан тынып өрттей лаулап қанша нала,
Күнді жұлып түсетіндей, қолын созды алқараға.
Сонда оны суырғандай шыңырау мұң, түнек түннен,
Түпсіз сонау көк аспаннан күңіренген үн естілген:
Мен нұрыммен бұл ғаламды бірдей сүйдім, кешір, ұлым,
Көлеңке жоқ болса сенде, жұмбақ екен несі мұның?
Бар ол құйттай боз жусанда, шыбында да тағы мына,
Жандары бар себебі оның тосатұғын жарығыма.
Сенде жан жоқ тосатұғын аппақ нұрға жамыраған,
Абдыра емес, кеудең еді, қара түнде қаңыраған.
Шуағымнан қуат алып, бүршік атты көктеп өркен,
Сен сүлдесің сүйретілген, сондықтан да жоқ көлеңкең!
Тынды дауыс, бірақ оны, найзағай боп осып өтті,
Қара қанжар секілді бір қарс айырған көкіректі.
Бұлағайға салған мұны аспанынан бұлт көшіріп,
Алай-дүлей қара дауыл, басылды ол да іште тынып.
Меңірейген шерлі ауыл мен қарап еді далаға сұр,
Бір топ адам бейіт жаққа табыт алып бара жатыр.
Бірін-бірі жұлып жеген артта қалып адам көші,
Қысқан екен құшағына іздеп жүрген ажал досы.
Кеудесінен бостандыққа күліп ұшқан көбелекпен,
Жаратушы құдіретке соңғы сауал ере кеткен.
Құмырысқаның тас басқаны өзіңе аян, құдіреттім,
Мен де елеусіз бір бояуы ем өзің салған сүгіреттің.
Өмір бердің, гүл едім мен алаулаған таңға ғашық,
Нұрға шомған жас ғұмырым бүршіктерін қаулап ашып.
Болмай қалды балалығым, бақ құсы да ұшқан ары,
Таптады ерте бүршігімді жауыздықтың күс табаны.
Маңдайдағы шырақтарым жанбай жатып тұлданды ол да,
Не кінәм бар? Неге келдім тым қатыгез бұл жалғанға?
Періштенің қанатының лебіндей боп сусылдаған,
Құдіретті бір дауыстан тебіренді тылсым ғалам.
Осы үннің қуатымен жазылды да мың жарақат,
Рақатқа шомды жаны, сәуле тарап бір барақат.
Толқын сынды үн тарайды арасынан сұлу сағым,
Үндеме сен, өтті бәрі назаланба, құлыншағым.
Гүл боп қайта көктейді енді, беріш қырға сіңді қайғың,
Тағдыр жайлы сұрамағын, құпиясы – бұл құдайдың!!