Мен тәңірдің еркесі емес, ертекпін !

/uploads/thumbnail/20170709194137643_small.jpg

Қытай қазақтарының әдеби қауымы "Поэзия кербұғысы" атандырған қуатты шәйір Ақылбек Дәлелбекұлы –

ҚХР-дың Алтай аймағы Көктоғай ауданында өмірге келген. Оқытушылық смяқты қоғамдық қызметтерде болған автор мерзімді әдеби басылымдарда прозалық және поэзиялық шығармаларын үнемі жариялап келеді. Автордың елімізде "Қазақ әдебиеті" қатарлы басылымдарда біраз өлеңі жарияланудан тыс, "Азаттығым - ғажап күнім" жыр антологиясына өлеңдері енген. Автордың "Айпара" атты повесттер жинағы Қытайда баспадан шығу алдында тұр. Автор бұған дейін бірнеше мәрте жыр байқауының жеңімпазы болған.


 

 

Бұғылы сай элегиясы

 

Солай ,  өлген. . . 

Күдік дейтін тіміскі ,

Сол баяғы бұғылы сай-тыныштық !

Мен. . . 

Меңді елес. . . 

Қайығында ескі айдың-

Тербетіліп тағы мөлдір мұң іштік . 

Кілкіп жатқан кіл сезімнің түбінде ,

Бас көтеріп күнәдән пәк күбірлер .

Ұшты. . . 

Жайып далаларға жұмбағын ,

Жұмсақ сөйлеп жұлдыздардың тілінде . 

 

Сәулелі сөз !

Сағынышым ол менің ,

Ояу желге-

Жұпар шашып кел ! - дедім . 

Жырлай қонған құсқа ,  қойдым сүйгізіп ,

Мұңның нілі жұққан бөкәл ернеуін . 

 

Үнсіз күлкі үйірілген мыйыққа. . . 

Сол баяғы бұғылы сай !

Бұйыққан. . . 

Иығыма бас сүйеген меңді елес ,

Ай астында ,  қалды тағы ұйықтап. . . 

 

Уақыт сорып. . . 

Түннің қалған тұқылы . 

Елеңдеткен үмітке Ерем ,  үкілі . 

Таң алдында түсіне еніп кеттім мен ,

Ести-ести ,  нәзік жүрек лүпілін. . . 

 


Ақ семсер

 

Жалын жұтқан жанарымнан тамып қан ,

Жан- тәніммен сені сүйгем ,  жарық таң !

Ажал- жасын от ойнатып аспанға ,

Тажал басын көтерсе де тамұхтан . 

Жан- тәніммен сені сүйгем. . . 

Жарық таң ! !

 

 

Тамырымда жортқан бөрі- бұлақтар ,

Жомарт жерге жоғалғанша сыр ақтар. . . 

Шертілмейді зауал күйі мезгілсіз ,

Мөлтілдейді маған ғашық шуақтар. . . 

 

Қанды жасым таңбалаған ,

Таң- ана !

Аманатым- сағым шөккен санаға. . . 

Сары алтыны он сегіз мың ғаламның ,

Жалғыз түйір ақ сәулеңнен садаға !

 

Тайып ардан ,  жаманатын жайғандар ,

Ғайып- арман ғаламатын Ойрандар . 

Қасыйетін табар қашан айналып ,

Қасыретін жалау еткен майдандар. . . 

 

Келте ғұмыр !

Керек шығар пенделік ,

Кесек қайғы- желкелесе сол желік . 

Сенім дейтін семсерімен серттеспей ,

Сергелдеңге түсер сезім сенделіп . 

 

Көз алдымда көртішқандар тімтініп ,

Ғазал- мұңға шыйрығады шырпы- үміт . 

Қыялымда-

Баратады қырық мың ,

Маржан жауған мәрмәр таңға ынтығып . 

 

Салқар керуен-

Сағынышын артынған ,

Сәруәр дүнійе алауына шарпылған . 

Ағысым бар ,  таңғы үмітке дамылдап ,

Дауысым бар ,  мәңгілікке тартылған. . . 

 

Туған далам- менің Нұрлы Астанам ,

Алдымда жоқ ақ арманнан басқа алаң . 

Қуантайын ізгіліктің құдайын ,

Қуатыңды ,

Мың бояулар ,

Шаш ,  маған. . .

 

Жалын жұтқан жанарымнан тамып қан ,

Жан- тәніммен сені сүйгем ,  жарық таң !

Ажал- жасын от ойнатып аспанға ,

Тажал басын көтерсе де тамұхтан .

Жан- тәніммен сені сүйгем. . . 

Жарық таң ! !

 

   


Сайға барып қайтайын. . . 

 

Көктем- мұңлық !

Қарт- таулар кетілгелі . . . 

Тазқарадай тағдырлар кекіргелі. . . 

Жетеле аспан жаққа арманыңды ,

Ей ,  нұрлы ақиқаттың жетімдері !

 

Батар күннің көзінде байырғы аны ,

Адалдық жүр . . .

Сағыныш сайында әлі . 

Айтылар сөз қайда асқақ ,

Отқа оранған-

Ей ,  жұмбақ дүниенің шәйірләрі !

 

Үнсіздік. . . 

Тағы үнсіздік . . .

Қайтер едім ? !

Ізгі үмітке беттесін ,  әйтеу елім .

Сайға барып қайтайын . . . 

Қайран баба !

Қайда әлгі қасқыр соққан ай төбелің. . . 

 


Жүректің жарқылы

 

Қырқай шалсын қырсық мейлі,  қырқадан,

Мен жақынмын ақиқатқа біртабан.

Қауып ұрттап көлеңкелер бояуын,

Қайта шуақ бүріксем ! -деп бұрқанам. 

 

Ескі жылдар Ертек болып кеткелі,

Көшкен жұрттай-

Көңілімнің бөктері. 

Кеңістікті кезеді ылғи ымыртта,

Кеудеме енген адалдықтың кептері. 

 

Әлде-қайдан әупілдеп бір теңгелер,

Алдымды орай. . . 

Барады озып пенделер. 

Ар алдында айтам Нұрлы сөзімді,

Аспан-ана!

Маған алыс көмбе бер! !

 

Қан-жосалы тағдырымның балтырын ,

Сүйеді үнсіз. . . 

Оттай ыстық таң тілі. 

Арзан күлкі жортқан күңгірт жолдарға,

Жетсе деймін, жүрегімнің жарқылы. 

   


Ойлану

 

Күрсінсем . . . 

Күлсейші ! - деп тоты- бақтар ,

Тіл қатады толқындап жапырақтар .

Сияр аспан . . . 

Сыймайды- ау,  жанарыма ,

Аты бар . . . Айналамда ,  заты жоқтар . . . 

 

 

Шырықсам . . . 

Шыдасайшы ! - деп қыраттар ,

Қырсығып ағады үнсіз ,  ақ бұлақтар .

Асынам сөз- садағын ашынғанда ,

Ұстатып сайтанымды саққұлақтар . 

 

Жыласам . . .

Жырласайшы ! - деп жұлдыздар ,

Қарайды айбар шегіп солғын құздар .

Көнермін қай бабына дүниенің ,

Апырай !

Алуан- алуан ,  алдымда із бар. . . 

 


Махаббат дауыстап маған. . . 

 

Жүзіне қан жүгіріп ,

Махаббат талпынып маған ,

Жүк артып жүрек дейтін тентегіме.

Жаураған жан жылынып ,

Жалынға шарпылып барам ,

Айналып Ерен- ғайып ертегіге. . . 

 

Иірім- сезімге бойлап ,

Махаббат тіл қатып маған.

Көмескі сіберлеген көңіл нұры ,

Тұңғыйық көзінде ойнап. . .

Шытырманға шым батып барам ,

Тағдырымды өртке ұстап өмір мұңы. 

 

Шағи белде ,

Махаббат дауыстап маған ,

Шайқалып. . .

Мойнына асынған шарпы. . .

Шәйбәну желге ,

Арманда алыстап барам ,

Кеудеме шашылған қалпы-

Кірпіктен үзілген маржан. 

 

Ғажайып байітке еріп ,

Өліп-тіріліп өбіскен ерінін ,

Тістеп аппақ күріштей тістерімен ,

Махаббат ғайып болып. . . 

О,  дариға !

Қанатты періште көрдім ,

Құйғыта ұшқан құс жөлімен. . . 

 

   


Қиял

 

Құдыретше құсқа айналып мен кетсем ,

Кеудемді,  әттең !

Кер самалға кернетсем. . . 

Жарқыл қағып көз алдымда көкжиек,

Толқынданып бұлт теңізі тербетсе. . .

 

Арнасында қыялымның арғы аспан ,

Рухым бар құс жолына жалғасқан .

Еркіндікке кетеді ертіп еркімді ,

Сағынышым сары жұртқа қонбастан . 

 

Күлапара киген күдік күбірі ,

Күн астында көлеңкеме жүгініп. .

Шексіздіктің быр шетінен құлайды,

Құшағыма алып- ұшып кіл үміт. 

 

Тозаңданған кесек арман кескіні,

Ғазал болған адалдықтың ескі үні.

Ашындырған шақта ,  ақиқат дауысын-

Келді осылай кеңістіктен естігім. . . 

 

Ғазиз көңіл ғайыптарға шөлдеген.

Қан жүрегім қалуға үнсіз көнбеген .

. . Құсқа айналып құдыретше түсімде ,

Нұр жетелеп қайта оралам жерге мен. . .


Аңсау

 

Ұйқыда ауыл !

Атырап тыныш мүлде ,

Ай жатыр шалқасынан ,  шың үстінде . 

Шырайы бал- бұл жанып. . . 

Жанарымен-

Әлдене айтқысы бар күміс- түнге .

Мен ояу !

Күміс- түннің көзіндемін ,

Шайқаған мас сәулелер сезім- көлін . 

Қыянда қалған қызғыш дауысты іздеп ,

Ағытам қыялымның бөзінгенін . 

 

Олжасыз бір сапардан оралсам да. . . 

Айғай- шу арасынан жоғалсам да. . . 

Жолағын шалғай жаққа шашқан көңіл ,

Ғайыптан ,

Әттең !

Нәзік ән аңсауда. . .

 

Ғайыптың дамылдатқан далалары ,

Сол әуен-

Айға жұмбақ ,

Санама мұң !

Сезем тағы ,  сетері тағдырымның-

Ғажап сертке байланып ораларын. . . 

 

Сағымнан сарай салып сағынышым ,

Жадымда !

Бұрқанғаным жалын ішіп. . . 

Құсқа айналған елесі жалғызымның ,

Барады ай кеудесін жарып ұшып. . . 

 

 


Рухыңның сәулелерін шаш, бері

 

1

 

Елеңдесең . . . 

Ескі жұртқа кел ,  тектім !

Мен тәңірдің еркесі емес ,

Ертекпін !

Күнгейімде- жүзі күңгірт күбірлер ,

Теріскейім- тентек мұң . 

 

Көңілімде- бояулары боз кештің ,

Көлеңкелер көбейгелі ,  сөз кескін.

Ақырғы үміт аттанғанша аспанға ,

Ақиқаттан безбеспін . 

 

Құс жолына асықтырған соқпағы,

Алау маған ,  ақыйқаттың оттары .

Арқарлардай алысқа ауған адалдық ,

Әйтеу бір күн. . . 

қайтар біздің жаққа әлі. . . 

 

Мәңгіліктің жұтпас сірә мазағы ,

Жұмыр қайғым- теріскейдің ғазалы . 

Текті арманнан-

алақұйын күдіктің ,

Айтеу бір күн. . . 

ажалы !

 

Жартасты ұрған жалғандықтың күңгірін,

Шым батырса. . . 

шындық дейтін мұңлығым . 

Аунайды әлі ,  жан- сарайға ізгілік ,

Жаулайды әлі ,  нұрлы күн !

 

Мәртебелі. . . 

Мәз. . . 

Тірліктің мәстегі ,

Бола тұрсын ,  елемегін әсте оны .

Кеңістіктің дауысымен ,  сәруәр-

Рухыңның сәулелерін шаш ,  бері. .

2

 

Айқаспайды- ау ,  кірпіктерім бұл күндер ,

Ойқастайды- ау ,  ойымда әттең ,  дүлдүлдер . 

Таңғы арайға ауады ылғи аңсарым ,

Сол маңайда соғушы еді күлгін жел . 

 

Мыйығынан жымыятын жылы ағыс ,

Жұмбағы мол жүрегіме жұбаныш.

Көкке ынтызар ақиқаттың көзіндей ,

Сол маңайда болушы еді құба құс.

 

Күлгін желге аманаттап күлкімді ,

Күбірлетіп. . . 

Күрең төбел жұртымды . 

Кеудесіне кеткем еніп елестің ,

Түкпірінде сәуле ұйықтаған бір түрлі . 

 

Кеткем. . . 

Кеткем. . . 

Кешікпей бір келем ! -деп ,

Құбақан құс қалған үнсіз елеңдеп .

Қасыйетін іздей жорттым тірліктің ,

Қасыретім ай астында тебендеп . 

 

Жалғызбын да ,

Жаяумын- ау ,

Жол жырақ. . . 

Түлкі- тірлік !

Түрме мейлі ,  сен құлақ . 

Ұйқыдағы сол сәулені оятпай ,

Оралмаспын. . . . 

Жоғалмаспын. . . 

Мен ,  бірақ !

 

Жан- сарайда жатпайды енді бұғып от ,

Сәулелерсіз- ғұмырдың да құны жоқ . 

Сенім- серік ,  сезімде төрт қуатым-

Сен. . . 

Күлгін жел. . . 

Құбақан құс. . . 

Құдырет !  

 

Связанные Статьи