Ғылымда «летаргиялық ұйқы» деген түсінік бар. Ол – адамның ұзақ мерзімге ұйқыға кетуі. Летаргиялық ұйқы мен клиникалық өлім процесінің сырт көрінісі ұқсас болғанмен, айырмашылығы жер мен көктей. Клиникалық өлім сәті – ең ұзақ дегенде бес минутқа дейін созылатын адам өміріне қауіпті процестің бірі. Ал, летаргиялық ұйқыға кеткен адам уақыт өлшемінен тыс болады және арақашықтық өлшемі мен ажалдан босайды.
Тарихқа үңілсек, түрлі жағдайлармен тірідей жерленген адамдар болған екен. Мәселен, Англияда ескі мазаратты бұзған кезде, бірнеше табыттағы адам сүйегінің теріс қарап, етпеттеп жатқаны белгілі болған. Сондай-ақ, кезінде орыс жазушысы Николай Гоголь летаргиялық ұйқыға кетіп қалатынын ескертіп, мүрдесі иістене бастамайынша денесін жер қойнына тапсырмауын айтып, өтініш қалдырып кеткен. Ұзақ жылдар өткен соң Данилов шіркеуінің қасына жерленген ұлы жазушының мүрдесін тексеріп, эксгумация жасағанда, табытының тырналып тасталғаны және ұлы қаламгердің сүйегінің етпетінен жатқаны анықталған.
Жасыратын несі бар, физиолог Павлов 1898 бен 1918 жыл аралығында тырп етпей қалың ұйқы құшағында жатқан бір науқас туралы қызықты дерек қалдырған. Өмірде болған мұндай оқиғалар әлемнің әр шалғайында да кездеседі. 20 жыл ұйқы құшағында жатқан әлгі адамның жүрегі минутына 2-3 рет қана баяу соғып тұрған (негізі минутына 60-90 рет соғуы керек). Бұларды не өлдіге, не тіріге жатқыза алмаған ғалымдар адам бойында болатын кейбір құбылыстардың шешуін әлі күнге таба алмай келеді. Жерленгелі жатқан адамның табыттан тұрып кетуі, тіпті көрден шығуы секілді жайсыз жағдайлар болған өмірде...
1938 жылы бұл жағдайды барлық газеттерде сипаттап жазды. Ағылшын қызын жерлеу рәсімінде табытты жер қойнауына түсіру барысында қиналған адамның даусы естіледі. Діндардың қарсылығына қарамастан, табытты ашады. Өліп қалған қыздың етпеттеп жатқанын, түрінде қорқыныш белгісі байқалып, қолдарында тырналған іздер қалған. Өкінішке қарай, көмек кеш келеді.
Бұл оқиға Англияға сабақ болып, тиімді жалғасын табады. Сол кезден бастап қазіргі уақытқа дейін барлық британдық мәйітханалардың тоңазытқышы қоңырау ілінген жіппен жабдықталған: егер біреу летаргиялық ұйқыдан ояна қалса, ол жіпті тартып, қызметкерін шақырады.1960 жылдан бастап сигнальды құрылғы жетілдірілді: тоңазытқышқа жүрек белсенділігінің өзгерісін тіркейтін арнайы аппарат орнатылған, ол сиренамен жалғанған.
Словакияда табыттың ішіне заряды толтырылған ұялы телефонды бірге салып қояды. Комадан шыққан немесе летаргиялық ұйқыдан оянған «марқұм», оның үстіне «ең қолайсыз орында» оянған кезде бір нөмерді есіне түсіре алатынына, әрине, сенімділік жоқ.
Бір қызығы, «Тірі өліктер» соған қарамастан, бәрін естіп жатады, бірақ тірі екенін білдірту үшін не қолын, не тілін қимылдата алмайды. «Петербургская газета» хабарлағандай, 1910 жылы бай отбасында дүниеге келген қыз летаргиялық ұйқыға кетеді. Ата-анасы дәрігерлерді шақыртады. Олар қыздың денесіне ине тығып та, отпен күйдіріп те, мұрнына нашатыр спиртін иіскетіп те көреді, алайда – бәрі бекер болып шығады. Сондықтан дәрігерлер оны өлдіге санайды. Ата-анасы қызды жерлеуге дайындалып, табытқа салады. Алайды күннің ыстықтығына қарамастан, оның денесі шірімейді.
Қыздың ата-анасы дәрігерлер қателесуі мүмкін деп күманданып, басқа дәрігерлерді шақыртады. Кенеттен олардың көзінше қыз оң қолының саусағын бүгіп, қимылдата бастайды. Сол кезде ғана дәрігерлер оның тірі екеніне көзі жетеді және арнайы зонд арқылы тамақтандыра бастайды. Төрт күннен соң оянған қыз осы уақыттардың ішінде не болғанын айтып береді. «Мен бәрін естідім, бәрін көріп жаттым, бірақ қолымды да, аяғымды да қимылдата алмадым. Менің денем өлі адамдардың денесіне ұқсап жатты. Менің аяғымды отпен күйдіргенде, оны да сезбедім. Дәрігерлердің мені өлді деп айтқанын естіп, шошып кеттім. Атып тұрып, қашып кеткім келді, бірақ тек қолымның саусағын ғана қимылдата алдым. Солайша тірідей жерленуден құтылдым»,– деп басынан өткен жағдайды айтып берді.
XIV ғасырда әйгілі италияндық ақын Петрарканы тірідей көме жаздаған. 40 жасында летаргиялық ұйқыға кеткен ақын жерлеу рәсімі бітер алдында оянған. Одан кейін ол тағы 30 жыл өмір сүрген.
Ал, ресейлік Качалкин деген азамат 1898 жылы ұйықтап, 1918 жылы басқа ғасырда, басқа мемлекетте оянған. Ол бәрін естіп, біліп жатқанын мойындады, алайда, тіпті, кірпігін де қимылдата алмаған. Оның қасында жатқан қыз төрт жыл ұйықтап, бойжеткен кезінде оянған. 18 жастағы қыздың ояна салып, ең бірінші сұрағаны – «Менің қуыршағым қайда?»
Гиннестің рекордтар кітабіна кірген Надежда Лебедина 1954 жылы күйеуімен жанжалдасып қалған ол ұйқыға кетіп, 20 жылдан соң оянған.
Тағы бір гиннестің рекордына үміткер – 36 жыл ұйықтаған Элизабет Вуардак 27 жасында автокөлік апатына ұшырайды. 63 жасында оянады, содан бері бөлмеде жалғыз ұйықтауға қорқады.
Буэнос-Айресте 5 жасар қыз 25 жыл ұйқыда болған. Ұйқыдан оянғанда, ол сол баяғы сәби күйінде болған. Алайда бір жыл ішінде өзінің биологиялық жасын қуып жеткен.
Ал, Индияда қызметінен босатылған министр қатты күйзелістен летаргиялық ұйқыда жеті жыл жатқан.

Атақты америкалық жазушы өзінің «Тірідей жерленгендер» әңгімесінде былай деп жазған: «Тірідей жерлену, әрине, жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылған азаптың ең ауыры екені сөзсіз. Ал мұның жиі, тым жиі болып жататынын ақыл-есі түзу адам әсте жоққа шығармайды. Өйткені, Өмір мен Өлімнің шегі қалай дегенмен де алдамшы да белгісіз. Өмірдің қай арада бітіп, өлімнің қай арадан басталатының кім айта алады? Ауырған кезде кеудеде тіршілік нышаны қалмайтын дерттің бар екені аян, әйтсе де әділін айтқанда, сол тіршілік әсте тыйылып та қалмайды, тек уақытша ғана үзіледі. Адам сырын ұғып болмас тіршіліктің күрделі механизмі бір сәт тоқтайды. Мезгілі жеткенде, сол көзге көрінбейтін құпия құдіретті күш сиқырлы қанаттар мен киелі дөңгелектерді қайта қозғалысқа келтіреді. Күміс жөргем мәңгі үзіліп, алтын шөлмек әсте сынбақ емес. Алайда осы бір сәтте адам жаны қайдан пайда болады?»
Дайындаған: Марал Шайхы