Қыз бен жер әлмисақтан бері жалғасып келе жатқан қазақтың бағы мен соры. Жерсіз ел болмайды, жерсіз тірлік жоқ. Жер үшін шыбын жанды шүберекке түйіп жұлқысты, қара бала, қара қазанның қамы деп қарсы келген қиындықтан қаймықпады. Жер үшін Қап тауынан асып қара теңізді жағалады, тас қамалдарды талқандап тасадағы аждаһаның азуын жұлды... Өзі де тықсырып келген дұшпанының алдында тынышы кетіп шарасыз күй кешіп, байтағынан айрылып жер түбіне тығылып жемтікке айнала жаздады. Балам болсын, бақытым болсын десең жер керек!
Қыз, оның аты Хауана. Алла жаратқан Адамның қабырғасы, Құдай адал етіп жұптасуға нәсіп еткен жұбай! Анамыз, қызымыз, қорғайтын намысымыз, баратын алысымыз! «Қызға қырық үйден тыю, ең аяғы есіктегі күңнен тыю» дейді бұрынғылар. Кім арсыз әйелден туып, тегі белгісіз шата болғысы келеді? кім ұятсыз салдақының күйеуі болғысы келеді? кім кезбе шүйкебастың әкесі болғысы келеді? Әрине ешкім де! Заман бұзылмайды, пенде бұзылады. Дәуір азбайды, Инсан азады. Отан отбасынан басталатыны рас болса, қыздарымызға жауапты, тәрбиелеуші, тура жолға салушы, адалдық жолында сақтаушы ЕР азаматтар! Қалай десек те жауапкершілік Еркектің мойнында. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Жаһилия заманында ертеңгі күні қызының теріс жолға түсетінінен алаңдаған «намысқой» әкелер ет перзентін тірідей көміп құтылған екен. Ал, бүгін ондай қараңғы кезең емес. Көміп құтылуға, сөгіп құтылуға, айыптап құтылуға, жазып құтылуға болмайды. Еркектер тіміскі, нәпсіге еріп өзгенің іргесін түргісі келіп тұрады, көңілашар іздеп көшеге көзін сүзеді... Сондай пенденің қойнында жары жоқ па? Оң жағында отырған қызы жоқ па?
Тура жолдағы еркек тура жолдағы отбасын ұстайды. Үйінде үлкен кісі, қырық қадам аттаса бүлік салатындар мұнапықтың дәл өзі! Бала-шағам көрген жоқ дегеніңмен бәрін Самиғ-Алла көріп тұр... Алдыңнан бір шығары сөзсіз... Өкініштісі, мықтылықтың белгісі--«жігіттік-желік» болып тұрған бұл күнде, бұл «өнерді» атақ-дәреже санап қымсынбайтындар көбейіп келеді. Жаны мөлдір, пікірі әділ, қаһары қанжардай қайсар ұл айналасын ықтырып та, бұқтырып та сақтайды. Сыртқы жаудың арам пиғылында тоса алады. Ағыны қатты терең судан кімнің өтуге дәті барады? Тобықтан келер жайдақ суды ит пен құс кеше береді. Шариғатқа бармай-ақ, Ардың азабына салып көрейікші!..
Бірі тұман күндердің, бірі күмән,
Іліп алар нең қалды, ірі күнәң.
Ұяты мен ұлтымның ұлы көшін,
Байқау керек қыздардың қылығынан.
Қаптап жүрген заман да Құзғын аса,
Кетіп бара жатырмыз мұзды баса.
Қансырайды ұлтымның қасиеті,
Ең әуелі азғындап қыз құласа!..
(«күнәсіз мекен» жинағы 162-бет, 28.09.1994 жыл) ... деп жазыппын. Сондағы «құзғындар» сүттен ақ, судан таза... табанымызда тайғанақ мұз, алдымызда ұшпа құз. Одан беріде 23 жыл өте шығыпты. Не өзгерді?! Қызды аздырған, енді келіп бар айыпты солардың басына үйіп төгіп отырған сырты жылтыр, іші мерез телпектер көбейген сайын қоғам осылай тозады.