Ошақбай СУХАНБЕРЛИН. НЕ ДЕГЕН НАМЫССЫЗ ХАЛЫҚПЫЗ?!

/uploads/thumbnail/20170709194447510_small.jpg

«Еркегінің мысы мен сұсы жоқ үйдің мысығы да бетімен кетеді», -деп үлкендер айтатын еді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның әруағын аяқ асты ететіндердің аузын жаба алмаймыз не тиым сала алмаймыз. Не деген намыссыз халықпыз! Октябрь ауданының атын Әлиханға береміз деп айтқан облыс әкімінің лебізіне күмән келтіріп, қолдамайтындықтарын білдірген бұлар кімдер?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет — сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!» деуі бекерден бекер емес. Мемлекеттілік мұраты, Алаш идеясы, Тәуелсіздік ұғымдары бір-бірімен үйлесім тапқан ажырамас, ұлттың өмір сүруіне тірек болатын түсініктер екені даусыз.  Солай бола тұра, Алаш арыстарының арманы ауылдан аспай жатыр. Кінәлі өзіміз. Қазақтар. Шала қазақтар. Ауып келгендер. Босқындар. Қазақтың нанын, етін жеп, байлығын пайдаланып, қоң жинап, есін жыя бастағандар. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды».

Кеңестік империяның Алаш көсемдерін Әлиханды, Тұрарды, Нығметті т.б. Мәскеуден шығармай ұстауында не гәп бар? Олар Қазақстанда болса, кім біледі, тарих көшінің қалай қарай бұрылатынын. Сол тұста Қазақстанды басқарған Голощекиннің көсемсіз қалған қазақтарды «кіші октябрь» жасап аштан қырып тастағанын кім ұмытады? «Бүркіттің көлеңкесінен көкжал да қорқады» дегендей Алаш қайраткерлерінің Мәскеудің ішінде жүруінің өзі қауіпті еді. Қалтырап тұрған қан жұтқыштар бұларды «халық жаулары, жапон тыңшылары» деген желеумен атып тастап құтылды. Олардың аттары аталмады. Әлихан 80-ші жылдардың соңында ғана тарих бетіне шыға бастады. Осы арадағы бос кеңістіктің орнын толтыруда көптеген іс-шаралар атқарылып, әлі де атқарылып жатқанымен аяқтан шалатын, сүріндіргісі келетін көсемпаздар пайда болып жатыр. Таяуда ғана облыс әкімі Н.Қ.Әбдібеков қатысқан Әлиханның 150 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Оңтүстік Кореядан, Германиядан, Украинадан, Ресейден, Түркиядан және өзімізден қатысқан атақты ғалымдар Әлиханның еңбектерінің ғылыми айналыстағы орны мен әсері жайлы мазмұнды баяндамалар жасап, көп мағлұматтарға қанықтырған еді. Осыдан-ақ Әлиханның кім екендігін тануға болатын еді  Осындай іс-шаралар туралы облыстың екі газетіне де жазылып жатты. Бұдан Бойко, Мирзоев дегендер хабарсыз болуы мүмкін емес.

«Сарыарқа» пікір талас клубын атын қазақша қойғанға қарап, ұлттың мүддесін қолдайтын қоғамдық ұйым ба деп ойлаушы ем. Бұл астыртын ұлтқа қарсы ұйым екенін енді өздері көрсете бастады. Бұл ұйымның құрамында ғалымдар жоқ, тарихшылар жоқ.  Тәуелсіздік алған алғашқы қиын күндері бұлар басын бұғып, інінен шықпай, ұрлағанын тығып жеп, ешкімге көрінбеуші еді. Енді қазақтың мүддесін қорғайды дегенге қалай сенуге болады?. Тәуелсіздіктің тарихи бастауында Әлихан және ол құрған «Алаш» үкіметі тұрғанын Бойко, Мирзоев дегендер біле ме екен? Бүгінгі мемлекетіміздің жасампаз бағдарламасы Алаш қайраткерлерінің жасаған бағдарламасының жалғасы, жаңартылған, әлемдік үлгілерімен толықтырылған бірден-бір құжат екенін біле ме екен? Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, тілін білмейтін бұлар жер, елді-мекен атауларына, оларды қазақи қалыпқа келтіруге қалай қарсы шығады? Қазақтың арасында тұрып, қарсы шығады. Басынғандық емей, немене? «Күшік асырап ит еттім, ол тіземді қанатты...»(Абай). Бүкіл өмірі Қарағандыда өтіп келе жатқан Бойко мырзаның сауда-аспазшы(торгово-кулинарный) оқу орнын басқарғаны болмаса, өңірдің білім, әлеуметтік салаларында қандай жаңалықтар енгізгені, несімен қоғамдық қайраткер атанып жүргені ешкімге белгісіз тұлға. Не бір ауыз қазақша амандасуды білмейді. Немістің атақты философы: «Барлық жексұрын пенде, өкінішке орай, тіл тапқыш, көпшіл келеді» деген екен. Бойконың осындай қабілеті бар. Құрғақ сөзбен, толған фактілер жинап, өзіне жолатпай, көпшілік жиындарда жымысқы арам ойларымен трибунадан бұрқыратып сөйлеп, жылжып кететінін көріп жүрміз. Марапаттардан да, қомақты ақшалай сый ақылардан да құр қалып жүрген жоқ. Бірақ оны ақтап жүрген ол жоқ. Осыны көбіміз, аңқау қазақ, байқамай қаламыз. Сондықтан да олардың назарына ұлт болашағына, мемлекетке байланысты мәселелер тапсырылатын болса, олардың бұл салада қаншалықты сауатты екендігін тексеру қажет. Пікір талас клубына білімді қазақ мамандары қатыспаса, ондай клубтың қажеті қанша, таратып жіберу керек. Олар қазіргі Қазақстанның территориясының бекітілуі Алаш партиясының арқасында екенін де теріске шығарғысы келеді. Қазақтардың жері Шыңғыс ханнан бері қозғасаң талай тарих. Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің қазіргі қазақтың жерін ешкімге кескілеспей аумалы кезеңде бекітіп алуы бұлардың миына кірмейтін оқу. Олар Әлиханды былай қойып, кешегі Хрущевпен айқасқа шыққан Тәшеновті де білмейді, білгісі де келмейді. Ал осындай ардагер жалған патриоттар тұрғанда орыс тілді, қазақтан басқа ұлт өкілдеріне және орыс мектебінде білім алып жатқан шәкірттерге қазақ мемлекетінің тарихын, тылсым заманнан бері азаттық үшін күресіп келген, жанын қиған ұлт қайраткерлерін дәріптеуді үйретіп көр. Орыс мектептерінде саяси тақырыптарға өтіп жатқан тәрбиелік мәні бар іс-шаралардың ішінен Әлихан Бөкейхан, Ж.Тәшенов туралы сайттарынан бірен-саранын ғана кездестіресіз. Сондықтан бұлардың өзін оқыту керек. Кеңестік жүйенің кезінде саяси-ағарту университеттері жұмыс істеп, кадрларды сол жүйенің идеологиясына байлап қоятын. Еріксіз политинформатор болып жүретінбіз. Бұларға да осы әдісті қолданған дұрыс шығар. Және айтатын бір мәселе  қазақ ғалымы басқаратын осындай пікір-талас клубын ашу керек те, анау білгіштерді осы клубқа шақырып сауаттандырып отырса деймін. Қазақтың барын өзіміз көрсетіп, алға қарай жылжытып, нығайта бермесек, ұрандап жүргеніміздің бәрі бос айғай. Оның ішінде тіл бірінші орында. «Орталық Қазақстанның» кейінгі санында Мирас Асанның «Әлихан әлі тасада» атты мақаласында айтылған ұсыныстарды қолдауымыз қажет. Октябрь ауданын қазірден бастап Әлихан Бөкейхан атына бере беру керек деп есептеймін. Кідіртіп, созылып кеткені біреулерге тиімді. Ал Алаштың 100 жылдығына орай «Алаш алаңы» немесе «Алаш даңғылы» деген атаулар пайда болса. Енді бір жанға бататын шаруа «Желтоқсандықтарды» мүлдем ұмытып кеткеніміз. Алаңға қарусыз шыққан жастардың қанын судай шашып, ар-намыстарын таптап кеткен кеңестік содырлардың кейбір басшылары мемлекеттік сый-сыяпаттарын алып, қайраткер болып жүргенін есіп жүрміз. Желтоқсандықтар кеңестік жүйенің іргесін сөгіп, басқаларға жол ашып бергенін Балтық елдері жазған сияқты еді. Желтоқсандықтарға тәу ететін белгі де жоқ. Кешегі түкірігі жерге түспейтін ел басқарған ел ағалары бүгінгі күндері тып-тыныш. Ұлт мүддесін қорғауда не бастамашы болмайды не қазіргі жастардың бастамаларын қолдап, үн қоспайды. Омырауға тағатын науқан кезінде құр қалғысы келмейді.  

Жиырмасыншы ғасыр соңында Қазақстанда «Ғасыр адамы» атағының тізбесіне енген Алаш ардақтылары мен қоғам жөне мемлекет қайраткерлерінің алғашқы ондығының басында Әлихан Бөкейханов тұр. Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлұлы Бөкейхановты «әлемге белгілі Махатма Ганди, Ататүрік, Нельсон Мандела сияқты жалпы адамзаттық биікке көтерілген саясаткер»,-дейді. ЮНЕСКО аясында «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейхановты қорлауға жол бермейік! 

Связанные Статьи