Қытай билігі ұлты қытай еместерге террорист сияқты қарайды

/uploads/thumbnail/20170709194612729_small.jpg

«Қамшы» порталына Қытайдан Әлімбек Нұғыман(аты-жөні өзгертіліп алынды) есімді этникалық қазақ хабарласты. Ол Гуан Джоу қаласында тұрады. Кәсіпкерлікпен айналысатын Әлімбек өз басындағы мәселесін былай деп түсіндіреді:

«Бұл хатты жаза отырып, бір емес жиі қайталана берген Қытайдың жөнсіз тексерістеріне шағымданамын. Ресейдегі клиенттерімнің тапсырысымен Шандұң қаласына барғанмын. Ұшақпен жетіп, ары қарай жүрдек пойызбен өнеркәсіптік қалаларды араладым. Сонда мені әрбір әуежайда, әр бір пойыз бекетінде «Шыңжаңның қазағы» деп тергеді. Паспортым, құжатым бәрі дұрыс болса да, жоғары жақтан бұйрық бар деп тексере береді. Оларға «мен де сендермен тең құқылы Қытай азаматымын, неге тексере бересіңдер» десем де себебін түсіндірмейді. Жоғары жағының бұйрығымен де таныстырмайды.

Күні кеше ғана, 3 күннің алдында кешқұрым интернет клубта отырғанмын. 8 қытай келді де жеке куәлігімді тексеріп, себебін айтпастан полиция бөлімшесіне алып кетіп, таңғы 8-ге дейін қамауда ұстады. «Мал ұрлап, кісі өлтірген» айыбым болмаса да суретке түсіріп, бармақ ізімді күшпен алды. Телефонымды алып, түгел ақтарып, олардың заңсыз тексерісін түсіріп алған суреттерім мен бейнежазбаны өшіріп тастады. Бұл жағдай менің ғана басымда емес, Шыңжаңнан, Ішкі Монғолдан барған ұлты қытай емес Қытай азаматтарының бәрінің басына келіп жатыр. Бәрімізге де террорист сияқты қарайды. Бұл Қытайда дәріптелетін «56 ұлттың бұзылмас ынтымағына» қытайлардың өз қолымен сызат түсіріп отырғанының айғағы. Мен қазақтың баласы ретінде Қазақстан билігінен, президентінен шетелдегі қандастарға араша болса деп сұраймын. Путиннің Украинадағы орыстарға араша түскені сияқты бізді де қолдаса деймін. Осы мәселені Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарына, 12 миллион қандас бауырларыма айтамын.

Қытайда қытайлар өздерінен басқа ұлт азаматтарын адам қатарына қоспай отыр. Біз ешқандай қылмыс істемесек те, адал кәсіппен шұғылданып жүрсек те бітпейтін тексеріс жасай береді. Біз де заңды қытай қалай біледі, сол деңгейде білеміз ғой. Құқығымызды қорғай аламыз. Біз, яғни ұлты қытай емес ұлттар Қытайдың шығысындағы, теңіз жағалауындағы қалаларда еркін жүріп тұра алмаймыз.  Батыс өңірге қарағанда дамыған Шығыс Қытай бізге жабық. Ал, Қытайлар Шыңжаңға алшаңдап кіреді. Ешқандай құжатсыз Шыңжаңда жүреді, тіпті құжатсыз ұшаққа билет алғандарды да көрдім.

Қонақүйге жатсақ түнгі үште келіп тексереді тұрғызып алып. Қарсылық көрсетсек сен заң адамын сыйламадың деп басыңа «қалпақты» кигізеді. Өз құқығымды талап етіп, бастықтарымен жолықтыруды өтінемін. Ұжданы барлар кезіктіреді, бастықтары ылғи да «түсінбестік болды, жоғарыдан бұйрық солай еді» деп құтылады. Қытай ішінде вокзалдарда, жолаушылар бекеттерінде құжат түгілі бір жапырақ қағазсыз жөңкіле көшіп жүрген «санақта жоқ» мыңдаған қытай бар. Оларға мәу демейді де, бізді малша тексереді. Бұл шынын айтқанда Қытайдың фашистік саясаты.  Қытайға Американың да сөзі батпай отыр. Қазақстанның дипломаттары Қытайдағы қазақтарға ара түсіп, Қытай билігінің басқыншыл саясатына тосқауыл болса екен!»

 

Связанные Статьи