Мәскеу билігі мигранттарға орыс ертегілеріндегі кейіпкерлер арқылы өзін қалай ұстау керектігін айтып береді. Жадынамада мигранттарды этникалық орыстарға қарсы қойған және орыс тілін жетік білмейтін адам үшін оның мазмұны түсініксіз болады деп хабарлайды bbc.com.
Қазан айының соңында Мәскеу қалалық ұлттық саясат, аймақаралық байланыс және туризм департаменті «Мигранттың Мәскеуде жүріп-тұру ережесі туралы» әдістеме құралына тапсырыс берді. Бұл мемлекеттік сатып алулар туралы сайтта жарияланды.
Департамент өкілдері, жадынама астананың қала ретінде жақсы иммиджін сақтау үшін және шетелдік жұмысшы мигранттарының ресейлік қоғамға бейімделуі үшін қажет дейді.
Конкурсты «Мәскеудің еңбек етіп жатқан мигранттарын қолдау» Аймақтық қоғамдық ұйымы жеңіп алды. Екі айдан кейін желтоқсанның соңында ол 100 бетті кітапшаны 50 мың данамен орыс тілінде шығарған.
«Осы аптада ұлттық саясат департаменті ол жобаны шығарып, кітапшаларды тарата бастайды» дейді «Мәскеудің еңбек етіп жатқан мигранттарын қолдау» Аймақтық қоғамдық ұйымының басшысы Александ Калинин.
«Мәскеуге шетелдік азаматтар келеді. Біз оларды ертегі кейіпкеріндей көреміз және оларды да ресейлік ертегі кейіпкерлері қарсы алады. Олар келушілерге қалада жүріп-тұру ережелерін түсіндіреді» дейді Калинин.

Мигрант-кейіпкерлер бастапқы кезде ұлты бойынша жазылған, кейін ешкім ренжімеуі үшін бұл идеядан бас тарттық дейді ол.

Ақпараттық жадынаманы мигранттардың құқығын қорғайтын заңгерлер жасаған. Кітапша тілін мигранттардың тіліне қарай икемдеу көзделген. Оны мигранттардың тілдік білімін тексеретін мұғалімдер атқарды.
Жадынаманың бірінші бөлімінде мигранттар өзін көшеде қалай ұстау қажет екенін жазған.
«Ең басты ереже айналадағы адамдарға ыңғайсыздық тудырмау» деп ескертеді авторлар.
Өзге елдерден келгендерге кетіп бара жатқан әйелге қарамауға, көшеде тамақ жемеуге және көшеде ұзақ, қатты сөйлемеуге кеңес береді.
«Жаңа таныстарыңызбен бірден «сенге» көшуге асықпаңыз» деп айтылады жадынамада. Авторлар жаңа таныстықты бірден достыққа айналдырмауға кеңес береді. Іскерлік және жеке байланыс ұстау үшін мигранттарға байланыс телефондарын беру қажеттігін айтады.
"Жадынама ең алдымен заңсыз елге келген мигранттарға арналған. Біз олардың сауаттылық деңгейін көтергіміз келеді» дейді Калинин.
Ең алдымен келушілерге миграциялық карта алып, тіркеліп, жұмысқа патент алу керектігін түсіндіреді. Ертегі кейіпкері Мәскеуде алынған патент қала шекарасында ғана күші бар екенін айтады.
Авторлар полицейледің мигранттардың құжаттарын тексеруге құқығы бар екенін ерекше атап өтеді. Балуан кейпіндегі көкірегінде «ІІМ» деген жазуы бар полицейлер «Полицейлер сіздерге айып тағып тұрған жоқ, оның құжаттарды көрсету туралы өтніші сіздердің жеке бастарыңызға нұқсан келтірмейтінін есте ұстаңыздар» деп көрсетілген.
Шетелдіктер жадынамадағы ақпаратты жақсы түсіну үшін авторлар оларға тест тапсыруды ұсынады. Ең қиыны құжаттарды рәсімдеу туралы сынақ.
Тест сұрақтарының бірінде «Тәжікстан азаматы Мәскеуде 90 күн тұрып, РФ аумағынан шығып кетті. Қайта оралды. Бірақ оған патент рәсімдеуге рұқсат берілмеді. Неге?» делінген.
Орыс тілін білу деңгейін анықтайтын сурет түріндегі тестте ақшақар «Далада қазір суық, сондықтан мен...А) панама киемін, Б) көзілдірік киемін, В) тон киемін» дейді.
Мәскеу тарихын білу деңгейін анықтайтын кроссворд сұрақтарының барлығы дерлік 1-ші Петрдің өмірі жайында. Кітапшаның соңында тестің жауабы берілген.
Мигранттарға арналған жадынама мазмұнынан мигранттарды жабайы, мәдениеттен жұрдай, қарапайым әдеп ережелерін білмейтін, сауатсыз адам ретінде көретінін байқағандай болдық. Кітапшадағы кеңестер еріксіз адамға күлкі сыйлайды. Оң мен солын танып үлгермеген мектеп табалдырығын енді ғана аттаған 1-ші сыныптың оқушысына әдеп ережелерін үйретіп жатқандай әсер қалдырады, басқа ұлттарды кемсітушілік байқалатындай. Әрбір көзі ашық мигрант аталмыш жадынаманы оқығаннан кейін құрастырушыларға ренжитіні анық.
Аударған: Әсем Әлмұханбет