БАЯН МАҚСАТҚЫЗЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҚ ТАЛАБЫНА «ҚАМШЫ» ПОРТАЛЫНЫҢ ЖАУАБЫ

/uploads/thumbnail/20170709200917538_small.png

«Қамшы» порталы – отандық ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар ақпарат құралы. Порталда жарияланған ақпараттар мен сараптамалар үнемі оқырмандар тарапынан қызу талқыланып, қоғам қызығушылығын  туғызып жатады.

18 қаңтар күні сайтта «БАЯН БАҚЫТЫН ТАПТЫ, БАҚЫТБЕКТІ ТҮРМЕДЕН ШЫҒАРУ КЕРЕК» атты материал жарық көрді. Осыған байланысты белгілі продюсер Баян Мақсатқызы өзінің Instagram парақшасында «Қамшы» порталына қаратылған наразы талабын жариялады. Онда Б. Мақсатқызы өзінің алғаш рет «Қамшы» порталына талап жасап отырғанын айта келіп, БАҚ-тан жеке өміріне қатысты ақпараттық этика сақтауды, әйтпегенде заңға сай құқығын қорғайтынын баяндайды. Ол жариялаған хатта – жекеменшік адвокаттар кеңесінің бірі 20 қаңтарда адвокаттық қызметке Баян Есентаеваның жүгінгенін жазады. Есентаева «Қамшы» порталы жариялаған материал өзінің ар-ожданы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргеніне шағымданып, «Қамшы» порталының кешірім сұрап материал жариялауын талап еткен.

Құрметті, Баян Мақсатқызы!

Сіз – Қазақстан өнер әлемінде аса танымал тұлғалардың бірісіз! Сіздің шығармашылық өміріңіз кез-келген отандасыңызды бейжай қалдырмайды. Оған әлеуметтік желідегі оқырмандарыңыздың саны, шығармашылық өміріңіз туралы жазылған материалдардың оқылымы дәлел! Танымалдығыңыз соншалық, соңғы кездері сіздің жеке өміріңізде болған оқиғалардың өзі қазақ қоғамында қызу талқыға түсіп, елдің жіті назарына ілігуде.

«Қамшы» порталы – еркін ақпарат алаңы. Сайт бетінде мемлекеттегі маңызды оқиғалар, саяси жаңалықтармен қатар елді елең еткізген мәселелер жиі жарық көріп, жарияланымдарға оқырмандар да үн қатып, редакцияға хабарласып жатады. Сондай белсенді оқырмандарымыздың бірімен 18 қаңтар күні порталдың кезекші тілшісі Әсем Әлмұханбет сөйлескен. Онда оқырман Сіздің Қазақстандағы қыз-келіншектер үлгі тұтатын тұлға екеніңізді айта келіп, өміріңізде соңғы уақытта болған оқиғаларға қатысты өз пікірін білдірген. «Қамшы» порталы материалды ақпарат тарату ережелеріне сүйене отырып жариялады. Мақалада оқырман есімі өз өтініші бойынша өзгертіліп берілген.

Құрметті, Баян Мақсатқызы!

Қамшы порталы Сіздің наразы талабыңызға сай мынаны хабарлайды:

Біріншіден, өзіңіз атаған материалдың аудио нұсқасы, хабарласқан оқырманның телефон байланысы бар. Ол мәліметтер Сіз наразылық танытып отырған материалдың редакцияның ұстанымынан туған дүние еместігіне дәлел бола алады.

Екіншіден, Сіз наразылық білдіріп отырған материал адвокаттар алқасының хатында жазылғандай екі тілде емес, тек қазақ тілінде жарияланды.

Үшіншіден, ҚР «БАҚ туралы» заңының талаптарына сай «Қамшы» порталы жоғарыда аталған материалға қатысты жауап, терістемелер жариялаудан бас тартпайды. Заңнамаға сай, осы жағдайға қатысты Сіздің де көзқарасыңызды сайт бетінде жариялауға әзірміз.

Төртіншіден, Сіздің наразылығыңызды туғызған материал авторының пікірі жеке басыңызға қолайсыздық туғызып, ар-намысыңызға нұқсан келтірді деп санасаңыз, аталған материалды сайттан алып тастау мүмкіндігі қарастырылатынын хабарлаймыз. 

Жазира Байдалы, «Қамшы.kz» порталының Бас редакторы

Связанные Статьи