БҰҰ-да АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли Ресейге қарсы санкция Қырымды қайтарып бергенге дейін жойылмайтынын мәлімдеді. Хейли Украинаның шығысындағы ауыр жағдайға Ресейді кіналады деп хабарлайды bbc.com.
«Біз шынымен де Ресеймен қарым-қатынасымызды жақсартқымыз келеді. Алайда Украинадағы апатты жағдай нақты және қатаң түрде Ресейдің іс-әрекетін жазалауды тіленіп отыр» деді Никки Хейли өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген сөзінде.
Хейли Вашингтонның әлі күнге дейін Қырымды Украинаға тиесілі деп есептейтінін айтып, Ресейді басқыншылық әрекетін тоқтатуға шақырды.
Ал Ресейдің БҰҰ-ғы тұрақты өкілі Виталий Чуркин Қырым тұрғындарының Ресей құрамына кіруге дауыс бергенін алға тартты.
Соңғы кездері Донбаста қайта қарулы қақтығыстар орын алғанын еске саламыз. Екі тарап шиеленістің тууына бір-бірін кіналауда.
2016 жылдың желтоқсан айында Вашингтон хакерлік шабуыл туралы шуға қатысты Ресейге жаңа санкция салды. Қаңтар айының ортасында Барак Обама Ресейге қатысты санкцияны тағы бір жылға ұзартқан.
Дональд Трамп президент қызметіне кіріскелі бері, оның Ресейге қарсы санкциялардың күшін жоятыны туралы бірнеше мәрте хабар тарады. Трамп сұхбаттарының бірінде Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту үшін, ядролы арсеналды қысқарту туралы шарт қойғанын айтқан. Алайда көп ұзамай ол жақын уақытта санкцияның күшін жоймайтынын хабарлады.