Ресей депутаты: «РФ құрамына Қазақстан жерін қосуға уәде беремін»

/uploads/thumbnail/20170709203630216_small.jpg

Территория — әрбір қазақ үшін қасиетті ұғым. Ол — этникалық ген һәм басты құндылық.

 Мемлекет басшысы қазақ шекарасын шегендеп, БҰҰ деңгейінде бекітті де. Еліміз көршілермен территориялық дауы жоқ бірден-бір мемлекет.

Енді күні кеше РФ-ке қосылған Қырымда жиын өтіп, Қазақстанның шекарасына қатысты «қатерлі» пікір айтылды. 

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Павел Шперов  парламенттік «дөңгелек үстел» отырысында РФ құрамына «Қазақстан жерін қосуға» уәде беріпті-міс:

—  Қазір көрші мемлекеттерді өмір сүріп жатқан орыс ұлтының өкілдерін – диаспора деп атаймыз. Шын мәнісінде олар біздің отандастарымыз. Бар болғаны шекара бөлінісі кезінде өзге мемлекеттің жерінде қалып кеткен және кез келген уақытта Ресей құрамына қайта қосылуға дайын. Бұл уақытша сырт мемлекеттің еншісіне кеткен біздің жеріміз. Шекаралар мәңгілік емес және біз Ресей мемлекетінің шекарасын қалпына келтіреміз. Бұл жақын уақытта орын алады,-депті.

Бастапқыда біз бұны — украин ақпарат алаңының кезекті «уткасы» деп қабылдадық. Кейін жоғарыдағы «мәлімдеменің» видео және аудио нұсқасы шыққанда, алаңдай бастадық. Себебі видео-аудиофиксация — факт. Демек бұндай мәлімдеме жасалды. Сонда бұл – Ресей парламентінің ресми позициясы ма? Жалпы, бұл не: мәлімдеме, факт әлде сандырақ?

Осы оймен біз РФ Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володинге хат жазып, жоғарыдағы мәлімдеменің ақ-қарасын анықтап беруін сұрадық. Тексеру жүргізіп, Шперов қазақстандықтардан кешірім сұрасын деп талап қойдық. Жауап көп күттірмеді:

«Қайырлы күн, Нұрлыхан Қалқаманұлы, Мемлекеттік думада мұндай идея ешқашан да көтерілген емес. Парламент фракцияларында да, ТМД істері және халықаралық істер жөніндегі профилдік комитеттерде де мұндай ұсыныс жасалған емес.  Оған ешқандай негіз жоқ. Шперовтың сөзі контекстен жұлынған, ол екі мемлекет арасындағы шекараны қайта қарауды ұсынған жоқ. Қазақстан – Ресей үшін бауырлас және жақын әріптес болып қала береді». Сенуге тырыстық. Бірақ қанағаттанған жоқпыз. Сондықтан Мемлекеттік Думаға жолданған сұрақты да, келген жауапты да – Ресейдің ықпалды деген ақпарат агенттіктеріне жібердік. Мәселен, «Регнум» және «РИА Новости» фактчекинг (факт тексеру) жүргізіп, расталатын болса, желіге жариялайтындарын жеткізді. Тексерілді. Расталды. Ақпан айының алғашқы күнінде – профильдік «Парламенттік газетадан» бастап, барлық ақпараттық агенттіктер «мәлімдеменің жалған» екенін жеткізді. Келген жауапты біз неге Ресейдің ақпараттық агенттіктеріне жібердік деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден – аудитория, екіншіден – Ресейдің ресми ақпарат құралдары, ал үшіншіден – ендігәрі РФ-те болсын, басқа жерде болсын бұндай «мәлімдемелердің» жасалуын тыю еді. Іс осымен бітті дегенде, ізінше, «ЛДПР»-дің Қырым бөлімшесіндегі ресми сайтында Шперовтің түсініктемісі шыға келсін. «Шын айттым»,-дегендей. Бір грамм өкініш жоқ. Мәссаған, безгелдек!

Енді келіп, біз «ЛДПР» партиясының баспасөз хатшысы Анна Крыловаға хабарластық. Анна ханым «ЛДПР» фракциясының Мемдумадағы депутаты Леонид Эдуардович (Слуцкий) БАҚ-тағы сөзі – ЛДПР-дің позициясы екенін, ал Қырым бөлімшесіндегі сайтта жарияланған депутат Шпервотың пікірі ЛДПР партиясы Жоғарғы Кеңесінің ойымен үндеспейтінін жеткізді.

«Сонда Қырым аймақтық бөлімі ЛДПР партиясының Орталық аппаратына бағынбастан, өз саясатын жүргізе ме?»-деген сауалымызға Анна ханым жауап таппай қиналды. Бар болғаны: «Депутат Слуцкий бәрін айтты. Осымен бұл мәселе жабылды»- деп жауап берді. Нонсенс дегеніміз осы! Слуцкий де, Шперов та – Жириновский құрған партияның өкілдері, бір фракцияның мүшелері. Слуцкий мырза: «Шперовтің сөзі контекстен жұлынған, толыққанды жалған»,-десе, Шперов болса: «Мен кез келген сауатты адам келісетін пікірді айттым»-деп көсілді. Оның өз партиясы: «Шперовтің пікірін қолдамаймыз»,-деп отыр. Сонда Шперов онда не істеп отыр? Депутаттық мандаттан айыру қажет шығар?! Әрине, ол енді ішкі мәселелері. Бір анығы, «ЛДПР»-дың «территориялық амбицияларына» қатысты ойларын ресейліктердің 0,6 пайызы ғана қолдайды екен. Бұл туралы РБК мәлімдеген. Ол партияның негізгі электораты – зейнеткерлер. Шперов Қырымда пенсия ала алмай отырған зейнеткерлерге көмектесудің орнына, ай қарап, шошқа тағалап, жұлдыз санап жүр.

Демал, дем ал, Павел! Нүкте.

 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Дулат ЖАЛҒАСПАЙҰЛЫ

Қарағанды.

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи