ЕЛШІЛІК ҚЫЗМЕТ: ТАСМАҒАМБЕТОВТІ ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҮМІТКЕР ДЕУШІЛЕРДІҢ ҮМІТІ ҮЗІЛДІ

/uploads/thumbnail/20170709203849901_small.jpg

Бүгін Ақордада күтпеген жаңалық болды. Қазақ даласының ен түкпіріне әлі жетіп үлгермеген жаңалық болса Қазақстандағы саяси тұлғалардың арасында аса беделді және ықпалды Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің Үкімет басшысы орынбасары қызметінен босатылып, Ресейге елші болып кетуі еді.

Бұған дейін Ресейде елші қызметін тағы бір ықпалды саясаткер, бұрынғы ҚР мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин атқарған болатын. Ол, 12 қаңтар күні Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметіне тағайындалып, Астанаға оралды.

Елбасы жұрт күтпеген тағайындауды былай түсіндірді:

«Қазақстанның Ресейдегі елшісін тағайындадым. Ол – Иманғали Тасмағамбетов. Біріншіден, Ресей – біз үшін көрші әрі әріптес, экономика мен саяси тұрғыдан өте жақын мемлекет. Ол жерге өте беделді, тәжірибелі, салмақты, Қазақстан мен Ресей арасындағы жағдайды білетін тұлға қажет болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екіншіден, Тасмағамбетовтің қалауы солай болды. Ойы мен тілегін ескеріп, екі жағынан да сай келетін болғандықтан, оны сол қызметке тағайындадым.»

Иманғали Нұрғалиұлы Қорғаныс министрі қызметіне келгенде қалың жұрт алақайлап қуанған. Өйткені 1995 жылы-ақ Тасмағамбетов қазір босатылған Премьердің орынбасары қызметіне жетіп үлгерген. Ол орынбасарлықпен қоса министр қызметінде де болды. Осыдан 15 жыл бұрын-ақ, ҚР премьері болып тағайындалған.  Қазақстанның 5-інші премьері ол лауазымда ұзақ отырмады. Көп өтпей Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік хатшы қызметін де қысқа уақыт атқарған Тасмағамбетов он жыл бойы Алматы мен Астананың әкімі қызметінде болды. Бұл – премьерлік қызметтен кейін әрине саяси дәрежесі төмен қызмет еді. Он жылын әкім болып жоғалтқан Иманғали Нұрғалиұлы Қорғаныс министрлігіне келгенде қоғам айырықша қуанғаны да содан.

Қазақстанның үкіметін тапжылмай 9 жыл басқарып отырып алған Мәсімов кеткенде жұрт Иманғали Нұрғалиұлын Үкімет басшысы қызметіне келеді деп күткен. Премьер болмаса да орынбасары болды. Жемқорлықпен аты былғанған Қорғаныс министрлігін қалай реттеп кетсе, үкіметке келе сала да БАҚ бетінен Иманғали Нұрғалиұлы түскен жоқ. Атқарған істерінің ең ірісі кеше ғана Астанада үкіметтік деңгейде дөңгелек үстел өткізіп, «Алаш орданың 100 жылдығына» ұлан-асыр той жасауға тапсырма бергені еді. «Қамшы» тілшісі жазған Байтұрсынұлы мұражай үйінің жағдайы туралы мақаланы назарға алған Иманғали Нұрғалиұлы Алматыдағы Байтұрсынұлы Мұражай үйіне арнайы келіп, Ахмет Байтұрсынұлы ғана емес, барша Алаш арыстарын ардақтау мәселесін үкімет деңгейінде көтерді.

Тасмағамбетовтің «Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет... Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық, тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек», - деген сөзін барша баспасөз жарыса жазған.

Әлқисса!

Иманғали Нұрғалиұлы елші қызметіне неге жіберілді? Болжамдар...

1. Совет кезінен қалған жазылмаған заң бар. Елші болған адам елге басшы бола алмайды. Әрине бұлай ойлағымыз келмейді, дегенмен Совет билігі кезінде шетелге елші болғандарды ешқашан бірінші хатшылыққа тағайындамаған. Сенімсіздік білдірген. Бұлай болған жағдайда Иманғали Нұрғалиұлы келесі президент сайлауында үміткер бола алмауы мүмкін. Сенімді дереккөздің айтуынша 2000 жылдардың басында Иманғали Нұрғалиұлына АҚШ-қа елші болып кету ұсынылған. Ол бармай қойған деседі.

2. Елші қызметін керісінше келесі президенттікке дайындық деп қабылдауға болар. Қазақта баяғыдан бар салт. Қазақ хандарының көбі жас сұлтан кезінде атыраптағы елге елші болып барып отырған. 14 жасында елші болған Қазыбек би заманында Орта жүзді билеген.

Қалай десек те, әлем аренасында Ресей Қазақстанның стратегиялық ең үлкен серіктесі. Ертең тізгін ұстап жүретін адамға жақын жолдасты жақсылап танып алу да қажет. Дегенмен бұған аргументіміз аз.

3. Елбасының өз түсіндірмесінде де айтқанындай, қазір Ақорданың төңірегі түгел жемқорлық бойынша ұсталды. Президенттің Әкімшілігін басқарған Майлыбаевтың қамауға алынуы жағдайдың күрделі екенін көрсетті. Тіпті, Тасмағамбетовке де ақпараттық шабуыл жасала бастаған, оның ішінде президенттің жиені Айсұлтан Рахатұлы да бар.  Президент осындай былықтан өзінің ең сенімді серіктесін ұзақ ұстағысы келген болуы мүмкін.

4. Кланаралық соғыста жеңілуі – бұл ең қауіпті жорамал. Иманғали Нұрғалиұлы Үкіметке келгенде Дариға Назарбаеваға орнын босатып кету ауыр тиді деседі. Тасмағамбетов елші болып кеткен соң Мәсімов қайтадан үкімет басына келуі мүмкін. Дариға Назарбаева да қосылып, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішті келесі Президент сайлауына дайындайды-мыс. Самат Сатыбалдыұлы Әбіш 1978 жылы 20 тамызда Алматы облысында туған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2,3,3-1-тармақтарының негізінде Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Тасмағамбетовтің елші болып кеткенін осы қарайған жазу анық түсіндіретіндей көрінеді. Мәскеу Қазақстан емес қой... Бұл, Иманғали Нұрғалиұлын келесі президентке үміткер болады дейтіндердің үмітін бір жола кеседі. 

Ал, Самат Әбішұлы келесі жылы қырыққа толады. Саяси Аренда көп көріне бермесе де, оның қолында саяси элитаны өзін қолдауға көндіретін күш бар екені еш күмән келтірмейді. Мәсімов сол істің дайындығы үшін ҰҚК басына барған болуы әбден мүмкін. Биліктің бейбіт ауысуы үшін бұндай тразитті де құптайтындар бар.

Оған қоса, кезінде Қазақстанда атынан ат үркетін Аслан Мусиннің жақында ғана зейнет жасына толып, қызметтен босатылғаны тағы бар. Содан бері оның жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат жоқ. Ал, былтыр желтоқсанда 60-қа толған Иманғали Нұрғалиұлы әне-міне зейнет жасына келеді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы президенттік сайлау 2020 жылы сәуірде өтетінін ескерсек, зейнет жасына толған Тасмағамбетовтің үміткерлер тізімінде көрінбеуі үшін де жасалып жатқан қадам болуы мүмкін.

Назарбаев соңғы айларда биліктің бөлісі мен өкілеттіліктердің қайта қаралуы туралы көп айтты. Жылдағы дәстүрінен жаңылып, жолдауын жазбаша жариялады. Келесі жылы Астананың 20 жылдық мерекесін тойлайтын Қазақстан мүмкін мезгілінен бұрын президент сайлауын өткізіп қалар. Олай бола қалса Иманғали Нұрғалиұлы әрине сайлаудан шет қалады. Бұл жорамалдың аргументі мықтырақ.

Иманғали Нұрғалиұлы мүмкін саяси дырдудан шаршаған шығар. Оңайлықпен беріле салмас ішкі есебі болуы да мүмкін. Кім не десе де, билік тразиті басталар кезеңде жұрт аузындағы «Имаштың» Мәскеу асып кетерін ешкім де күтпеді...

Нұрғали НҰРТАЙ

Оставить комментарий

Связанные Статьи