Өткен жылдың соңына қарай, интернетте «Қытайдағы қазақтарға виза бір жылға берілетін болыпты» деген хабар қаптап кетіп еді. «Бәркелді» десіп қуанып қалдық. Ал Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасына түрлі өзгерістер еніп, қандас ағайындарға қам жасап бастап еді. Бір елден бір елге келіп, орнығып кету, Қазақстан қоғамына сіңісудің өзі қайтпас қажырлықты талап етеді. Қытайдан келіп жатқан ағайындар, бірінші кезекте ықтияр хатты алуға тырысады. Мақсаты, екі ел шекарасынан визасыз өту еді. Әрі қарай Қазақстан азаматтығына өтініш беру. Ықтияр хаттың уақыты он жыл. Осы он жыл көлемінде ағайындар артта қалған ауылындағы көп шаруаның етек-жеңін жиыстырып келу болатын. Ықтияр хатпен жүргендер көбіне қария кісілер, олар Қазақстан Республикасынан зейнетақы ала алмайды, себебі оны Қытай елінде зейнетақы алып отырған азаматтар.
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданында тұратын қандастарымызға жергілікті үкімет қысым жасап отыр. Зейнет жасындағы азаматтардың төл құжатын жинап алып, Қазақстанға келуіне тыйым салды. Әр елдің заңы өзіне десек те, кез келген адамның өзіндік құқы бойынша берілген төлқұжатын жинап алу, ол адамның құқына қол сұққандық болмақ. Бұл бір, екінші тек қана Қазақ еліне өтушілерді қатаң тексеріп, қазақ азаматтардың аяғын тұсап отыруы, бұл былтыр ғана бізді қуантқан «Қытайдағы қандастарға виза бір жылға берілетін болды» деген ҚР үкіметінің саясатына тікелей қасақана қастандық жасап отырғаны. Олай дейтініміз, қазір екі ел арасында келіп-кетіп жүрген азаматтар көбінде Қытайда 40 жыл үкіметке жұмыс істеп, мемлекеттік қызметте болып, еңбегі сіңіп, бүгінде сол еңбегінің зейнетақысын алып отырғандар. Олар Қазақ еліне не үшін келмек? Баласын оқытып, немересін бағып, ұрпағына жақыннан жәрдемші болғысы келеді. Ал, олардың төл құжатын жинап алып қою деген бір отбасын екі айыру, Қазақстан республикасының қандастар оралмандарға жүргізіп отырған саясатына ашық қарсылық деп білеміз. Паспорт жинау Шыңжаңда бір жыл бұрын шынайы іске асса, жақында ҚР-ның беріп отырған ықтияр хатын мойындамай, реті келсе алып қойып жатыр екен. Міне осындай келеңсіз жағдайларға Қазақстан Републикасының билік өкілдері бір сәт назар аударып, Қытай билігіне құлаққағыс етсе деген тілек бар. Мен өз басым Астана қаласында тұрамын, әке-шешем Қытай елінде зейнет жасында. Бізді, немересін көруге келе алмағанына екі жылдан асты, біз қызмет, жұмысымыздан шыға алмаймыз, бір отбасының екі айырылуы осы шығар!
Әрине мақсатымыз екі ел достығына іріткі түсіріп, дипломатикаға дақ салу емес! Димломатикалық достықты пайдалана отырып, үкімет аралық келісімдер жүргізіп, қандастар көшін жеделтетуге мұрындық болса! Шекараның екі жағында қалған туыс-туғандардың шын күйзелісін түсініп, жақыннан жәрдемші болса, деген ұсыныс еді.
Қаба Мыңбаев