Кеше 12 ақпан күні Оңтүстік астанамыздың төрінде Республика сарайында жырау, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, әнші, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Елім менің» атты шығармашылық кеші өтті.
Қашанда қалт айтпайтын қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі Бекболат інісі туралы: "Бекболаттың барына тәубе дейік! Ол болмаса, қазақ музыкасы құрқұлақпен ауырып, бүкіл тісі саудырап түсіп қалғандай екен..." деп баға берген өнер иесінің кешіне халық нық толы жиналып, концерттің басталуын асыға күтті.
Кеш қонақтары қатарында Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Арман Қырықбай, Мұхамеджан Тазабек сынды танымал тұлғалар болды.
Концертте Бекболат Тілеуханның орындауында жыраулардың жауһар жырлары орындалды. Олардың ішінде Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбеттің жырына қанық болды. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлы мен Дулат Бабатайұлының мәнді де мағыналы жырлары орындалып, дәстүрлі әнге шөлдеп қалған халық риза болып қайтысты.
Сондай-ақ, концертте бауырлас ноғай, қырғыз елінің өнерпаздары да төбе көрсетті. Қытай елінен келген қандасымыз да жырақтағы бір жарым миллион қазақ халқының атынан ыстық сәлемін жолдап, халықты әнімен бір серпілтіп тастады.
Кешті арнайы тамашалау үшін Қытайдағы қазақ балуандары да келді. Олар Қытайда өткен жекпе-жек турнирінің финалында бір-бірімен жұдырықтаса алмай, жарыстан шеттетілген еді. Балуандардың бұл әрекетін қазақ жанкүйерлері жоғары бағалады.
Сондай-ақ, кеш қонақтары болған Досымжан Таңатаров, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Ибрагим Ескендір, Айгерім Қалаубаева мен "Алашұлы" тобы халыққа ән арнап, тыңдарманды ән әлдиінің бесігінде тербеді.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтар күні Астанада Бекболат Тілеуханның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Елім менің» атты концерті өткен болатын. 3500 адамға арналған «Қазақстан» орталық концерт залында адам лық толы болып, әншілігін жоғары бағалайтын тыңдаушылары дәстүрлі ән өнерінен бастап, эстрадалық әннің жауһарларымен сусындады.
Марал Шайхы
Оставить комментарий