Редакциямызға Лаура Мүкібаева есімді Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылының тұрғыны хабарласты. Жалғыз басты ана Кәусар Сәрсенбай есімді 7 жастағы қызының басынан өткерген ауыр жағдайын баяндап берді.
2016 жылы ақпанның 18-де Кәусар мектептен қайтып келе жатқанда, жолда «kz 304 АВ/11» «Камаз 65115» номерлі жүк көлігі қағып кеткен. Көлік Көркейту мекемесіне тиесілі. Ал рульде Руслан Қамалов есімді жігіт отырған. Қыз ауыр жарақат алды. Тағайындалған сот-медициналық сараптамасының 07.04.2016 жылғы №29 қорытындысы бойынша, жасөсіпірім Кәусар Сәрсенбай «Политравма. Ауыр жабық бас ми жарақаты. Бас миының соғылуы, 2-ші дәрежесі. Жұлын миының соғылуы. Беттің, маңдайдың жабық тіндері соғылуы, жарылуы. Екі сан сүйектерінің ортаңғы бөлігінің жабық көлденең ығысқан сынығы. Сегізкөз-жамбас қосылымы ажырауы, сол жақты отырықшы сүйектің ығысқан жабық сынығы, кіші жамбас сақинасының бұзылуы. Оң аяқ басының соғылған жарақаты. Жарақаттық шок, 2-ші дәрежесі. Постравматикалық ауыр дәрежелі анемия» деген қорытынды шығарған. (мақалаға қосымша ретінде барлық құжат берілді).
Кәусар 5 күн жан сақтау бөлімінде жатты. Операция жедел түрде жасалып, 21 күнге жетпей, 19 күнге толғанда ауруханадан оны шығарып жіберген. Лаура Мүкібаеваның адвокаты Гүлнәр Әлияқбарова 21 күнге жетпей жәбір көрген адам ауруханадан шығып кетсе, жарақаты жеңіл болып саналатынын айтқан.
Кәусар үйге келгеннен кейін жағдайы күрт нашарлап, аяғы ісіп кеткен. Амалы таусылған ана қарызданып Астанада қызының аяғына операция жасатады. Дәрігерлер тағы да ота жасау керектігін айтып отыр. Алайда жалғыз басты ана оған қажетті қаржыны таба алмай, қиналып отырған жайы бар.
Лаура ханымның өзі Қызылорда қаласының ІІД Руслан Қамаловтың үстінен арызданған. Алайда сот жүргізушіні емес, 7 жастағы Кәусар Сәрсенбайды кінәлі деп тауып іс жабылған. Кәусар адамдар жүруге болмайтын жерден өтті деген уәж айтқан. Алайда, Лаура ханымның айтуынша Қызылжарма ауылында бағдаршам да, жол белгісі де жоқ. Кәусардың анасына айтуы бойынша, жүргізуші телефонмен сөйлесіп келе жатқан.
«Жеті жастағы қыз қалай кінәлі болады? Ауыр жағдайдағы қызымды көтеріп, бармаған жерім жоқ. Алайда барлығы жүргізушінің сөзін сөйлейді. Әділеттілік қайда? Бұл заңның әлсіздігі ме?» дейді ашынған ана.
«Қамшы» порталы Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылында болған оқиғаға қатысты, сот шешімін, медициналық сараптаманы, тергеу амалдары кезіндегі материалдарды заңгерге жіберді. Олар істің мән-жайымен танысқаннан кейін заң тұрғысынан дұрыс-бұрыстығын анықтайтын болады.
Қазір кішкентай Кәусардың жағдайы нашар. Жиі талып қалады екен. Дәрігерлер басына қатты зақым келгенін айтады. Бір жыл бұрын ғана жүгіріп, ойнап жүрген бала қазір не істеп, не қойғанын білмейтін жағдайлары жиі болады екен.
Дәрігерлер Кәусарға медициналық көмек керек екені айтып отыр. Алайда Кәусардан бөлек алты айлық баласы бар жалғыз басты ана жұмыссыз екенін айтады.
Лаура ханымның көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. «Нұр Отанға», Қызылорда облыстық ІІД, Қызылорда облысының прокуратурасына да барған. Алайда барлық жерде көмектесетінін айтумен ғана шектелетініне налиды.
«Тәуелсіздігімізге 25 жыл толғанда Қызылордағы министрліктен адамдар келген. Мен оларға өз жағдайымды айтып, көмек сұрадым. Арқамнан қағып шығарып салды. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. ІІД полковнигі Хамитбековке де бардым. Ол да көмектесетінін айтып шығарып салды. Алайда міне бір жыл болды, ешқандай көмек көрсетілмеді» дейді Лаура ханым.
Кәусарды қаққан жүк көлігі тиесілі мекеменің басшысы Талғат Қалмұрзаевқа барған уақытта оқиға болған күні рульде отырған Русланға 100 мың теңге көлеміндегі қаражатты қол хатпен бергенін айтып, оның көшірмесін Лаура ханымның қолына ұстатқан. Сонымен қатар, сот кінәлі деп тапса тағы да қаражат беретінін айтқан.
«Руслан Қамалов қыздың жағдайын білу үшін, 4, 5 рет қана тамағын көтеріп келді. Одан бөлек ешқандай 100 мың теңге бермеді. Ол жігітті білемін, жұмысын жасап, тыныш өмір сүріп жүр. Ал менің қызым көлік апатының зардабын тартып жатыр» дейді Лаура ханым.
Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет
Оставить комментарий