«Сүйкімсіз жан» (өмірде болған оқиға ізімен)

/uploads/thumbnail/20170710000520730_small.png

- Алматының түні несімен әдемі ағай?

- Сырбаз да, сырлы мамыржайлылығымен болар.

- Дұрыс айтасыз, деседе, тұңғыйық түнге төгілген көше жарықтары жұлдыздармен жымдасқан күйі жұмбақ үндестік тауып, қалаға тылсым көрік беріп тұрған жоқ па? Егер осы жарықтар болмаса, Алматы меңіреу бір үңгір секілденіп қалар еді. 

Бұл осыдан талай жылдар бұрын шәкіртім Жандос екеуіміздің жаздың айлы түнінде Көктөбенің төбесінде тұрып сырласқан кезімізден қалған бір үзік естелік еді. Осы бір екеу-ара диалог бейне  дыбыстарды ағаш діңдері мен үй қабырғаларының сіміріп алып, мәлім уақыт өткен соң климат ерекшелігі кезіндегі жағдаймен сәйкес келгенде, сол дыбыстарды қайтадан әуеге тарататынындай Көктөбеде жалғыз тұрғанымда жадымнан жаңғырды...  

Бүгін түстен кейін университеттегі жұмысымды тамамдап жолай мектепке ат басын бұрдым. Онда біздің соңғы курс студенттері педагогикалық іс-тәжірибеден өтіп жатқан болатын.

Мектеп ауласында Айнұрды кездестірдім. Ол біздің осыдан екі жыл бұрын түлеп ұшқан түлегіміз еді. Содан бері  осында мұғалім. Мені көріп жадырай “ағайлап” амандасқан Айнұр, өзінің сыныбына ертіп келді. Өзі пысық, еті тірі қыздың сыныбы да мұнтаздай таза әрі ретті екен. Аз-кем әңгімеден соң Жандостың жағдайын сұрадым. Ол Айнұрдан бірнеше жыл бұрын университет бітіріп, дәл осы мектепте 4-5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан болатын. Менің сұрағыма Айнұр үнсіз қалды. Әлде неге кінәлі адамдай тартыншақтай отырып:

- Ағай білесіз ғой, ол өте жақсы жігіт, адал әрі мейірімді, білімі де терең. Бірақ, ол жұмыстан кетіп қалған. Айнұр осыны айтты да, жерге қараған күйі үнсіз отырып қалды. Мен тосын естіген жағдайға түсіне алмаған күйі:

- Айнұр-ау, сонда қалай, ол өз қалауымен бе әлде?

- Ағай, анық-қанығын мен де толық білмеймін. Оқу жылының соңында кетті. Міне қыркүйек айы болды, содан бері өзім де көрмедім, ол да хабарласпады - деді, сол төмен қараған күйі баяу үнмен. Айнұр екеуіміздің әлгіндегі емен-жарқын әңгімеміз бен жадыраған көңіл күйіміз лезде су сепкендей басылып, біразға дейін томсырайып отырып қалдық.

Менің ойымда Жандос..., Мен оны университеттің үшінші курсынан бері жақсы білемін. Мінезі бір тоға болсада, біреуге есесін жіберердей жуас та емес. Бастысы тәртіпті, білімге құштар жас еді. Кімге болса да көмектесуге әзір тұратын. Содан болар топтың жетекшісі болатын. Соңғы курста дипломдық жұмысына өзінің қалауымен мені жетекшілікке алған еді. Сол кездері екеуіміздің ара-қатынасымыз бұрынғыдан да тереңдей түсті. Қоғамдағы,  адамдық қарым-қатынастағы, білім мен мәдениеттегі, тіл мен діндегі толып жатқан күрмеуі көп дүниелер туралы сырласудан, пікір бөлісуден жалықпадық. Әне сондай сәттердің бірінде  Көктөбеде болған едік...

Айнұр екеуіміздің арадағы үнсіздікті өзім бұздым:

- Сонда, ол әлде біреумен, бастықпен келіспей қалды ма, жоқ әлде бірдеңе ұнамай қалды ма?-дедім көкірегімдегі көп сұрақтың ретін таппаған күйі әр сұрақтың басын бір шалып.

- Жоқ, ол біреумен араздасатын жан емес. Оның үстіне шаруақор,  көмек сұраған жанға жоқ демейтін. Мен алғаш келгенде оны өз пәнінен сырт, дене шынықтыру пәнінен және аула тазалайтын жұмысты да қоса атқарып жүр екен деп ойлаппын. Сөйтсем, ол кім жұмсаса да, қарсылық танытпай, уақыт талғамай істей береді екен ғой, онысын кейін білдім,- деді. Айнұрдың бұл әзілге жуық сөзі аз болса да екеуіміздің мұңайған көңілімізге алакеуім шақтағы таңның бозғылт жарығындай солғын сәуле шашып өтті. Осы бір сәттік жылымық көңіл-күй Айнұрдың әңгімесін жалғастыруға себеп болды-ау деймін. Ол сөзін сабақтай түсті:

- Ағай, Сіз оның темекі шегіп, аузына арақ алғанын көрдіңіз бе? Ал мен, біраз жыл бірге істесем де, оның бірде-бір рет сондайларға барғанын көрмедім. Есесіне ата-анасын қатты силайтын, қолында барын бауырларымен бөлісетін. Тіпті, мені де бір университетте оқыдық қой деп жақын тартатын. Бірде қатты науқастанып қалғанымда мені өз ақшасымен емдеткені де бар. Мен оған ағамдай бауыр басып қалып едім, содан болар, кейде сөзімді тікесінен айта салатынмын.

Бір күні мен оның мектеп ауласында шаң-топырақ болып, жұмысшылармен бірге істеп жүргенін көріп:

- Жандос бастыққа жағам деп шаршайтын болдың ғой, егер директордың орынбасыры болсаң, қарындасыңды ұмытып кетпе - дедім әдейі әзілдеп. Ал ол болса:

- Айтасың-ау Айнұржан, мен не істесем де адамның емес, Алланың ризашылығы үшін істеймін. Ал бастық болу менен гөрі саған көбірек жарасады, -деді еш риясыз көңілімен езу тартып күліп. Бірақ Жандостың бір ғана мінезі маған, маған емес-ау көпшілігімізге ұнамай қалатын.

- Ол қандай мінез?-дедім жұлып алғандай, Айнұрға тіке қарап.

- Ешкімге жарамсақтануды, жағатсуды білмейтін, ойына келген пікірін бетке тіке айтатын турашыл, қыңыр мінезін айтам. Оған талай рет:

- Жандос, осы мінезіңді өзгертші, сенде барлық жақсы қасиеттер бар. Тек, бастықтарға, өзің ісің түсіп алдына баратын адамдарға туылған күндерімен немесе мереке күндері сыйлық ұсынсайшы, олар да адам баласы ғой, қолдарынан келген көмегін істер еді саған - дедім. Ол:

-Айнұржан, сенің меңзеп отырған “сыйлық” дегенің жылтыратып айтылған пара ғой, ал параны беру де, алу да заң алдында, арың мен  Құдай алдында ақтауға келмейтін дүние ғой. Мен ондайға бармаймын, адал еңбекпен күн кешемін!-деп үзілді-кесілді бас тартты. Оның осы мінезі мен қылығы оны әлде кімдерге “сүйкімсіз”, “ақымақ” етіп көрсетті. Мен олардың Жандостың сыртынан “сүйкімсіз жан”-деген сөздерін әлде-неше мәрте естіп жүрдім. Сол үшін оның “өзгеруін” қалап, бір ыңғайлы сәтте ойымды тағы қаузадым. Ол баяғы салмақты қалпымен:

- Әлде кімдердің сыртымнан “ашық ауыз ақымақ”, “шық бермес шығайбай” немесе өмірдің рахатын білмейтін көштен қалған біреу санап, күлетіндерін сеземін. Шындығында, мен олардың пендешілігіне күлемін, соларға жаным ашиды. Егер олар осы кекетуі мен мұқатуын қоймаса, мен де өз жолымды бір күні табамын, - деген еді. Айнұр әңгімесін осы арада үзіп, жанқалтасынан қол жаулығын алып көзін сүртті. Мен не деп айтарымды білмедім, орнымнан тұрдым да:

- Айнұр,  сау бол, тағы кездесерміз, -дедім де, қоштасып, шығып кеттім. Содан Көктөбеге қарай жаяу тартым. Аралығы біраз жер болса да, Жандос жайлы ойлап, соны еске алып жүре бердім.               

  - Алматының түні несімен әдемі ағай?

-  Сырбаз да, сырлы мамыржайлылығымен болар.

- Дұрыс айтасыз, деседе, тұңғыйық түнге төгілген көше жарықтары жұлдыздармен жымдасқан күйі жұмбақ үндестік тауып, қалаға тылсым көрік беріп тұрған жоқ па? Егер осы жарықтар болмаса, Алматы меңіреу бір үңгір секілденіп қалар еді... 

Күн еңкейіп, көз байланып кеткен шақ. Мен баяғыда Жандос екеуіміздің тұрған текшеден Алматыға көз салып, жалғыз тұрмын. Көз алдымнан Жандостың бейнесі, құлағымнан оның осы бір үні кетер емес. Жандос деймін ішімнен, сен, меңіреу түнге сәуле шашар жарық болуды сонау күндерде-ақ арамандаған екенсің-ау, амал қанша, өздеріне жарық түсуін қаламайтын қаншама тұйық әрі қалтарыс көшелер бар бұл өмірде... Бастысы, сен өз жүрегіңе жарық нұрды төге білдің, сол үшін де бақыттысың. Ұстаз ретінде, сендей шәкіртімнің болғанына мақтанамын, әрі өзіңдей жастардың көп болуын тілеймін.   

 Алматының қызылды-жасылды шамы жарқыраған көшелері тым әдемі әрі сиқырлы. Олар сонау көкжиекте сам жамыраған аспанмен астасып, барқыт түнге балауса сәулесін шашып, әсемдік бағыштап тұр.....   

 

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Елтану және туризм кафедрасы доценті 

Связанные Статьи