Бүгін Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы брифинг өтті деп хабарлайды qamshy.kz. Брифинге облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ахатаев Әділет Бегалыұлы баяндама жасап, белгіленген тақырып аясында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да жауап берді.
Әділет Бегалыұлының мәліметінше, инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығымен бекітілді.
Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы үш бағыт бойынша бағдарлама әкімшісі болып табылады.
Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2016 жылы – 7 нысан құрылысына 3,3 млрд. теңге бөлініп, 5 нысан пайдалануға тапсырылды.
Ал, 2017 жылы 2 мектептің құрылысын жалғастыруға және 3 мектептің құрылысын бастауға ҚР Ұлттық қоры есебінен және жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруға 2,63 млрд. теңге бөлініп отыр.
Жаңа оқу жылына дейін, 1600 оқушыға арналған 2 мектеп пайдалануға тапсырылуы жоспарланып отыр.
Одан бөлек жаңадан басталатын 3 мектептің құрылысы сәуір және шілде айларынанда басталады. Нысандар келесі 2018 жылға өтпелі, - деп баяндамасын қорытындылады басқарма басшысы Әділет Ахатаев.