Бизнесмен Әлидар Өтемұратов және DAR IT-компаниясы отандық және шетелдік фильм мен музыканың кең қорына қол жеткізуге мүмкіндік беретін тұңғыш қазақстандық стримингтік сервисті жұртшылыққа таныстырды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Отандық шоу-бизнес өкілдеріне, музыка және киноиндустрия қайраткерлеріне, БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырылған таныстырылымда келесі тұлғалар сөз сөйледі:
- Әлидар Өтемұратов, DAR компаниясының негізін салушысы және басшысы;
- Насыр Жұмалиев, DAR Play жобасының басшысы;
- Ахат Ыбраев, режиссёр, Қазақстан кинематографшылар одағының төрағасы;
- Бауыржан Шүкенов, «Арман» киножелілер директоры және Батырхан Шүкенов шығармашылығының құқық иесі.
«Біздің мақсатымыз – технологиялар көмегімен сапалы контентті тұтыну мәдениетін дамыту, Қазақстанның барлық азаматтарына кино және музыка туындыларына қол жеткізуге мүмкіндік беру, – деп түсіндірді Әлидар Өтемұратов. – Сондай-ақ, біз құқық иелеріне өз шығармашылығынан қаржы табуға, ал тұтынушыларға ең жақсы сапада музыка тыңдап, фильмдерді ыңғайлы әрі оңай жолмен көруге мүмкіндік беріп отырмыз».
Отандық интернеттің ең көкейтесті мәселелерінің бірі – жергілікті заңды музыкалық және бейнеконтенттің жоқтығында. Қазір отандық музыка мен кино ғаламторда тек қарақшылық ресурстарда ғана таратылады. Ал DAR Play сервисі осы мәселені шешуді көздеп отыр.
«Осы іске қатысатындардың барлығы бұдан ұтады. Музыка орындаушылар көбірек уақытын шығармашылық пен жаңа әндерді жазуға арнайтын болса, кино өндірушілер өз фильмдерін шығаруға көбірек қаржы бөлуге мүмкіндік алады, өйткені кинотеатрлардағы прокат аяқталған соң да бұл өнімдер оларға табыс әкелетін болады. Тыңдармандар мен көрермендер болса, сапалы контенттің ең кең қорына қол жеткізеді», - деп атап өтті Өтемұратов мырза.
DAR Play сервисі аясындағы жұмыс 2016 жылдың соңында басталған болатын. Құйылған инвестициялар көлемі 900 млн. теңгеден астам.
Қазіргі таңда DAR Play қолданушыларында 19 мыңнан аса толық метражды фильм, мультфильм мен сериалды тамашалап, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі 100 мың орындаушының 2,2 млн. әнін тыңдауға мүмкіндігі бар. Жыл соңына қарай DAR Play қоры 3 млн. трек және 45 мың кинофильмге дейін толықпақ.