Танымал әнші Қажымұрат Шешенқұлұлы сәуірдің 10-ында Студенттер сарайында «Туған ел» атты шығармашылық кешін өткізеді деп хабарлайды Qamshy.kz
Шығармашылық кешітің ерекшелігі туралы Қамшы агенттігі тілшісінің сұрағына әнші:
«Сахнада жүргеніме 13 жыл болды. Бұл алғашқы кәсіптік деңгейдегі кешім болмақ. Халықты стилдегі өзгермеген, еліктемеген әуендер шырқалады. Бастысы қытай қазақтарының қаймағы бұзылмаған әуендері Ансамбльмен айтылады. Концертте Роза Әлқожа, Айқын Төлепберген, Мақсат Базарбаев, Аружан Тастекей, Ақжол Мейірбеков, Төреғали Төрәлі сияқты сияқты әншілер өнер көрстіп, Қаражорғаның нақты тарихы таныстырылып, арнайы қойлым қойылады», - дейді.

Айта кететін болсақ, Қажымұрат Шешенқұлұлы Қытай қазақтары арасынан шыққан танымал әнші. Ол 2000 жылдардың басында жарық етіп шығып, бөлек болмысымен, дара жолымен тыңдармандарының жүрегіне жол тапқан.
Бірнеше жыл бұрын Атажұртқа оралған ол еркін шығармашылық жұмыспен айналысып келеді. Былтыр Монғолияда Баян-Өлгейде 1500 адамдық залда екі рет концерт қойған. Қобда аймағында, Бұлғында, ең соңында Ұланбатырда 2500 адамдық залда концерт берді. Сондай-ақ өткен жылы Еуропада гастролдік сапарда, Германияда, Кельн қаласында болып, «Қара жорға» әнін шырқап келді. Оған қоса бірнеше фильмде ішінара рөлдер алып, актерлік жағынан да өз қырын көрсетті. Атап айтқанда "Хабар" арнасындағы "Тағдыр тартысы" телехикаясына түсті.
Қажымұрат Шешенқұлдың «Сені ғана» атты әні шыққанына он жылдан асса да жастар арасында әлі танымал. Әншінің шығармашылық кешіне баршаңызды шақырамыз.
Ерлан Төлеубай