Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің әні қыркүйекте Ашхабадта өтетін Азия ойындарының әнұранына айналды деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі «Азаттық» радиосына сілтеме жасай отырып.
Азия ойындарының әнұраны сәуірдің 8 күні арнайы жиналыс барысында таңдалынды. Аваза курорттық аймағында өткен концерт кезінде Бердымухамедовтың «Алға, алға, тек алға, туған өлкем Түрікменстан» деп шырқаған әні сол кезде спорттық іс-шараның әнұраны ретінде ұсынылған болатын. Концертке қатысқан тыңдарман қауымның барлығы ұсынысты бір ауыз қолдаған екен.
Жергілікті ұлттық БАҚ Бердымухамедовтың әнін нағыз патриоттық ән деп бағалады. «Әннің сөзі мен әуені тәуелсіз Түрікменстан азаматтары сезінетін мақтаныш пен бақыт сезімдерін жақсы жеткізеді» делінген БАҚ-та.
Осыған дейін Бердымухамедов Ашхабадта қыркүйектің 17-і мен 24-і аралығында өтетін Азия ойындарының әнұранына ән таңдау үшін шығармашылық байқау жариялауға бұйрық берілгенін БАҚ-та хабарланған болатын. Алайда байқау жарияланды ма, бақ сынаушысы болды ма деген ақпарат беймәлім.
Билікте жүргеніне 9 жыл болған Гурбангулы Бердымухамедов өнерін алғаш рет 2010 жылы Туркменбаши қаласында паш еткен болатын. Балаларымен аккордеон аспабында ойнаған ол жұрттың есінде қатты қалды. Содан бері түрікмен президенті сахнадан түскен емес.
Аударған: Жазира Байдалы
Оставить комментарий