Ұранымыз Алаш болатын, Алаш десе аттануға дайын тұратын едік... Биыл Алаш Ордаға 100 жыл толып отыр. Исі қазақ үшін алашшыл азаматтардың орны бөлек екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Сол себепті де «Қамшы» ақпараттық агенттігі мемлекеттік, ұлттық маңызға ие Алаш қозғалысының мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлаған болатын. Конференция, дөңгелек стол дегеннен, былайша айтқанда ауыз жыбырлатудан жұрт шаршағандықтан нақты іске көшіп, соның өзінде құр тойлап, мал шашпай, халыққа пайдалы болсын деген ниетпен негізгі 5 іс-шараны өткізуді ұйғарған едік: Алаш азаматтары рухына құран бағыштап ас беру; 100 ағаш егу; 100 жетім баланы киіндіріп, ойыншық және оқу құралымен қамтамасыз ету; 100 студентке стипендия тағайындау; Алаш мұрасын зерттеген 10 қайраткерге мерекелік медаль табыстап, сый-құрмет көрсету;
Қазақ тілді БАҚ-қа жар салып, Ахаңның мұражай-үйінің алдына киіз үйлер тігіп, ән айтып, жыр оқып, Алаш азаматтарын еске салып, олардың рухына арнап құран бағыштап, ас бердік. 500 адамның басын қосқан асқа Алаштанушы Мәмбет Қойгелді «Мұндай ас бұрын-соңды берілмеген еді» деп ризашылығын білдірді. Бәрін айт та бірін айт, жақсылардың басын қосып, қазақтың еңсесін көтеріп, асты республикалық деңгейде ұйымдастыра алғанымызбен Алаш құрметіне 100 ағаш отырғызуға келгенде саябырсып қалдық. Ісімізді мақұлдап, иығымыздан қаққандар көп болғанымен нақты іс-әрекет жасауға келгенде көбісі үндеместік танытты. 100 ағаш отырғызамын деген «Қамшыға» қала әкімдігі жер телімін де берді. Алматы қаласындағы Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан Байтұрсынов саябағының аумағында ағаш отырғузыға рұқсат алдық. Қала ішінде жеміс-жидек ағашын отырғызуға рұқсат етілмегендіктен таңдауымыз «күл ағашына(Ясень)» түсті. Былайша айтқанда, бәрі дайын. Атадан мал қалғанша, тал қалсын демеуші ме еді, 100 ағаш егілген жердің «Алаш аллеясына» айналғанын қалайтын қазақтың саны аз болып шықты. Өкінішімізге қарай. «100 ағаш отырғызуға тізімделу басталды» дегенде елуден астам адам қолдау көрсетіп, атой салып, мақала астында «қолдаймын, отырғызамын» деп пікір қалдырғанымен, елудің тек саусақпен санарлығы ғана көрсетілген есепшотқа ағаштың ақшасын (бір ағаштың құны 10 000 тг.) аударды. Наурыздың соңы мен сәуірдің басында ағаш егеміз деген жоспарымыздың жоғарыдағы себепке байланысты кешеуілдеді. Бұдан артық күте алмағандықтан тәуекелге бел буып, 15 сәуір күні Алматы қаласында «Алаш аллеясын» отырғызбақшымыз.
Фейсбукте отырған қазақ сырт көзге намысшыл, ұлтжанды болып көрінеді. Қазақты қайрайтын жалынды жазбалар жазатын фейсбукшіл азаматтар да жетерлік. Бірер сағатта ғаламтор бетін шарлап кететін мына мақала фейсбукте де көрінбей қалмасы анық. Ендеше фейсбуктің белсенді 10 000 қолданушысы арасынан 100 алашшыл азамат шықпауы мүмкін емес. Сөз сүйегінен өтетін қазақ «Алаш үшін ағаш отырғызатын қазақ табылмады» деген сынға шыдай алмай, қолына күрек алып, ағаш егуге білек сыбана келеді деген үміттеміз. 1000 сөз емес, қайталап айтайық, артымыздан 1 ағаш қалсын деген ағайынды қамшыгерлер 15 сәуір күні таңғы сағат 09:00-де Алматыдағы Байтұрсынов саябағында күтеді. 10 000 теңгеңізді бейсенбі күнге яғни сәуірдің 13-не дейін мына есепшот нөміріне аударып, бізбен байланысқа түсуіңіз қажет.
«Center credit» банкі
4667 2048 4780 1804
ЖСН: 960124400773 (Ділбар Қадырқұл)
Сома: 10 000 тг.
Барлық сұрақ бойынша: 87017235500
Бас редактор: Жазира Байдалы
Оставить комментарий