Жайлы өмір үшін адамға не керек? Қомақты қаржы ма? Үлкен пәтер мен үй ме? Мүмкін кең асхана мен әдемі киім шығар?
Техас университетінің профессоры Джефф Уилсон үшін мұның барлығы маңызды емес. Профессор қолдағы бардан бас тартып та жақсы өмір сүруге болады деп есептейді. Ол өз ойын тәжірибе жүзінде дәлелдеуге тырысты.
Бірнеше жыл бұрын Уилсон үлкен үйде тұрған. Ажырасқаннан кейін жалдамалы пәтерге көшеді. Ол бұрынғы үйінен бес есе кішкентай. Сол кезде-ақ ол қоқыс салатын контейнерге көшуді ойлап жүрген.
Үйдің пәтер ақысын төлейтін уақыт жеткенде Уилсон заттарын сатып, тек бір шамадан киімді ғана қалдырған. Жеті ай бойы ол кабинетінде түнеп жүрген.
2014 жылы Джефф қоқыс салатын контейнерге көшті. Онда ешқандай жағдай жасалмаған. Алғашқы алты айда ол қораптардың үстінде ұйықтады. Ең алдымен бөлмесіне желдеткіш орнатты. Себебі күндіз контейнер 55 градусқа дейін қызатын. Келесі кезекте қабырғаларды бояу, еден жасау болды. Уақыт өте келе контейнердің сәні кіре бастады.



Джефф матрас пен жастықтардан төсек жасады. Қазір контейнердің қоқыс салатын жәшік екеніне сену қиын. Қазір онда өмірге қажеттінің барлығы бар. Яғни кәріз жүйесі, электр тоғы, тамақ дайындауға арналған пеш және т.б.

Техас университетінің профессоры адамдарға қоқыс салатын контейнерлерге көшуге шақырмайды. Джеффтің айтпағы көп орынды алмай-ақ, су мен тоқты үнемдеп, қалдықтарды аз қалдыруға болатынын көрсету және ең бастысы жақсы өмір үшін жағдайды адамның өзі жасай алатынын айтады.

