Қамшы ақпараттық агенттігінің хат қоржынына Қалдықыз Бешімбаева есімді оқырманнан хат келді. Онда Димаш Астанаға келгеннен кейін, халықпен жүздесу үшін ұйымдастырылып отырған жиынға барғанын және ондағы көргенін жазып отыр. Видео Қалдықыз Бешімбаеванікі.
БОЛЫС БОЛДЫМ, МІНЕКИ
...Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Ұлы Абайдың айтқан «болысын» Димаштың концертінен көрдім. БАҚ беттерінде Димашты марапаттауға арналған кештің өтетіндігі және кіру тегін болатыны туралы жарияланды. Димаш елге қашан оралады деп тағатсыздана күтіп отырған халық кештің басталуынан екі сағат бұрын келе бастады. Солардың бірі - қасыма жетпіске таяу қарт анам ертіп, елпілдеп жеткен мен едім. Ерте барғандағы мақсатымыз - қарияның қан қысымы жоғары болған соң, төменгі орындарға жайғасу еді. Алайда іс басқаша болды...
Партерге бардық – орын жоқ, бельэтажға бардық – орын жоқ, балконға бардық – орын жоқ, галереяда ғана орын қалыпты. Есікті ашып, кіргізгені жаңа ғана еді, қалай орын жоқ? Ел аң-таң... Бұлай болмас деген үмітпен партерге қайта келдік.
Қолдарында шақыру билеттері бар «жайсаңдар» кіріп жатыр екен. Билетсіз «мүсәпірлер» бір шетте тұр едік, кенеттен ашуға булыққан біреуі артымыздан екпіндетіп итере жөнелгені. Сол екпінмен ішке ендік. Апыр-топырдан шошынған күзетші жігіттер ата-әжелерге аяқтарын төсей қалғаны. Қарттар шалынып, құлай жаздап өтіп жатыр. Өте бергеніміз сол еді, көзі аларған жас қыз «сіздерге мұнда кіруге болмайды» деп байбалам салды. Менің анам: «мен сияқты қария кірмегенде, кім кіреді?» деп өктем сөйлеп қалып еді, қыз да тыныштала қалды. Орынға барып жайғасқан соң да тыным бермеді. Екінші қыз келді, ол кетті. Орта жастағы ер адам келіп:
- Сіздер бұл орынды босатуларыңыз керек, - деді.
- Неге?
- Бос емес.
- Неге бос емес?
- Шақыру билеті барлар отырады.
- Шақыру билеті не үшін берілді?
- Босатыңыздар.
- Тұрмаймыз, тегін деп хабарланған. Тегін кешке шақыру билеті не үшін берілді?
- Мен әлі келемін.
- Не үшін келесіз? Сіз кімсіз?
- Осы жердің бастығымын.
- Сіздер осындай шенеуніктік жымысқы әрекеттеріңізді қашан қоясыздар?
- Димаш сіздердікі ғана ма? Ол - халықтікі.
Үн-түнсіз кетіп қалды. Ұялды ма? Әй, қайдам? Болған шығар деп едік, бекер екен. Төртіншісі келді (бейнероликте).
«Жайсаңдардың» арқасында аман қалдық. Сол жағымызда министрліктің, оң жағымызда аппараттың «нағыз адамдары» отыр екен. «Министрліктен» деген сөзді естігенде, «кешіріңіз» деді де, жалт беріп, жоқ болды.
«Абай жолы» романындағы ән тыңдаймын деп Майбасардан таяқ жеген кедей жігіт пен «Айғыз бен Қалиқаның кәріне қарамай...» әншілерге кеткен Иіс кемпір біз болдық.
Кештерде, концерттерде арнай шақырылған қонақтар болатыны бұрыннан белгілі... Бірақ олар соғыс ардагерлері, өнер мен мәдениетке еңбегі сіңген қайраткерлер, қоғам қайраткерлері, елімізге еңбегі сіңген құрметті азаматтар, сонымен қоса, Димаштың сыйлы қонақтары болса, түсінерлік жағдай. Әттең, бірақ басқаша...
Біздің жанымыздағы және партерге жайғасқан «жайсаңдар» шенеуніктердің атасынан бастап шөбересіне дейінгі тайлы тұяғы. Олардың әжесі сияқты менің әжем де отыр. Әжеден әженің қандай айырмашылығы бар? Бір қызығы, олар Димаштың концертіне оның өнерін сүйетін көрермен емес, «МИНИСТР» болып келеді екен. Залды толтыру үшін шақыру билетін беруге де болатын шығар, бірақ орын көрсетілмесін. Арнайы шақырылған көрермен мен Димашты бір тыңдап, жүзін бір көруге ынтығып келген көрерменнің қандай ерекшелігі бар?
Қалдықыз Бешімбаева