Халқымыз ықылым заманнан бері қайырымдылықтан кенде емес еді... Яғни, « Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» рухани кемел ұлт болатынбыз. Бүгінгі таңда бұл қастерлі сөздер мұны жоққа шығарып тұр. Олай дейтініміз, елімізде күннен- күнге безбүйрек аналардың саны артуда, бейкүнә бүлдіршіндер жастайынан тағдыр тауқыметімен арпалысуда. Елді елең еткізетін жаңалықтар- бауыр ет балаларын қаннен қаперсіз дәретханаға, енді бірі- көше бойына еш шімірікпестен оп-оңай лақтыра салатын аналардың істерінен бастау алады. Уақыт зымырай келе бұлда үйреншікті жағдайға айналды. Тасбауыр ата-ананың ықпалынан елімізде де балалар үйі кең етек жайды. Қазақстанда алғашқы балалар үйі 1918 жылы ашылды. Кеңес үкіметі кезінде балалар үйінің: мектепке дейінгі (3-7 жастағы бүлдіршіндер); мектептік (7-14 жастағы балалар); аралас (бүлдіршіндер мен мектеп жасындағылар) және арнаулы (ата-аналары екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан балалар) түрлері болды. 1956 жылы Қазақстан үкіметің қаулысы бойынша балалар үйінде болу мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылды.
Жат жер топырағында көздері жәутеңдеген сәбилеріміз қаншама... Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бізден бала асырап алатын елдерің көшін бастаушы- Ұлыбритания. (Ұлыбритания- 198, Канада-150, Франция-108, Германия-90, Италия-57, Мысыр-35, Израиль-26, Швеция-3, Түркия-2, Ресей-1, Грекия-1, Австрия-1) Әлем бойынша, шет елге бала асырап беру жағынан 3-ші орындамыз. Шет елдіктердің мейірімінен мейірлене түскен, шапағатына бөленген балаларымызды көргенде қуанамыз әрине, алайда, санамызға күдік ұялары сөзсіз. Өз ұлтын сатар опасызға айнала ма? деген зілді сауал көкейімізден кетер емес... Себебі келешекке ешкім кепілдік бере алмайды. Әйтсе де, өз жерінің ыстық ықыласын, аялы алақанын сезіне алмаған балақайлардың бөгде елде жан сауғалап, шетелдіктердің бауырларына басып, мәпелегендері әлдеқайда жақсы. Ал сонда балаларды қамқорлыққа алар балалар үйі ше?! Қазақ халқы: «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деп бекер айтпаса керек. Сөйтіп, Алматы қаласындағы Каблуков көшесінде орналасқан № 2 балалар үйіне жол тарттық, Басшылықтың айтуы бойынша, 2015 жылы 52 тастанды бала келіпті. Соның 32-сін перзенті жоқ ерлі-зайыптылар асырап алған. Биылдың өзінде 13 бүлдіршін әкелініп, 2 айдың ішінде 8-і жаңа отбасыға кетті. Қалған балалардың денсаулығы нашар. Іштен індетті болып туылғандар немесе созылмалы сырқатқа шалдыққандар. Біздің мекеме соңғы 2 жылда «ауру» деп ата-анасы тастап кеткен 15 баланы сырқатынан құлантаза айықтырды. Әлбетте, көңіл қуантарлық жағдай. Материалдық жағынан бәрі қамтылса да, рухани жақтан, яғни ащы да болса шындық, басшылықтан балаларға деген шынайы махаббатты көре алмадық. Балалар үйінің табалдырығын аттағаннан құлаққа түрпідей тиетін қызметкерлердің даусын естіп, аяғымызды алға әрең бастық. Еден жуушының өзі сары күртеше киген жеткіншекті нұқып, зәре құтын қашырып жатқанын көргенде жүрегіміз еріксіз елжіреді. Сонда өсіп, өніп жатқан балалар мейірімділіктің маңына да жоламағандықтан толыққанды отбасыдан шыққан балалардан қарағанда, өркөкірек, өзімшіл, озбыр. Сондай-ақ, балалар үйінде білім беретін орталық болмағандықтан соған жақын орналасқан №13 жалпы білім беретін мектепте білім алады екен. Мектепте толыққанды жанұялардың да балалары мен балалар үйіндегі балалар да бір партада отырады. Сабақ біткеніне асығып, алып ұшқан оқушыларды көрдік. Сапырлысқан ата-аналар. Бейтаныс оқушы анасына: « Мама, бүгін 5-алдым» деп төбесі көкке жеткендей қуанып, әңгімесін өрбітіп жатқанда балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың жәудіреген жанарына қарап, көңіліміз босап сала берді. Қымбат, қымбат көліктерімен балаларын әкетіп жатқан ата-аналарды да көргенде, жеткіншектердің бізді де қашан осылай алып кетеді деген үкілі үміттерін жанарларынан аңғардық. Соның бірі жас ананың қызының құрбысына аяушылықпен сыйлаған қуыршағын кенеттен көріп қалдық. Ал ана бүлдіршін қатты қуанды. Бізде қуануы қуандық. Кейіннен басқа балалар ше?! Оларда бұған қызығары сөзсіз деген ойға келдік. Тереңнен үңілсек, бұл жер екі әлемде өмір сүріп жатқан әр түрлі тағдырдың тоғысуы. Айтпағым, арасы жер мен көктей балаларды бір мектепке орналастырмауы қажет! Жетімдердің тағдыры сан түрлі. Кейбіреуінің ата-анасы ойнап жүріп от басқан махаббатқа салғырт қараған албырт жастар болса, басқалары әке-шешесі қайғылы қазаға ұшыраған балақайлар. Міне, өмір біреу болса да, тағдыр сан алуан. Ең бастысы-иманнан. Иманды жан Алланың хақ жолынан адаспаған пенде ешқашан ала жіпті аттамас еді...
Қайратқызы Шуақ
ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 3-курс студенті