Алтайды, досым, көрмесең, ештеңе онда көрмедің,
Үйрене салдым орманнан тоқуды ойдың өрмегін.
Кетесің күй боп тартылып ойыңа алмай өңгені,
Толқынында Ертістің ноталар ойнап өзді-өзі.
Жынданып кетпе теректер жаудырған сан мың тілектен,
Шапалақ күтсең жас талдар соғады жапырақ–жүрекпен .
Мәңгүрттеу мынау қалада үйреніп қалдың мақталып,
Жарлығын үнсіз уақыттың жартастар айтар ақтарып.
Тіміскілеп атақтың қалмайтын жандар ізінен
иіскеген ару гүлдерім
ауырлап талай үзілген...
Тәбиғат сырлы анамда құпия қанша бар ұлы?!
Аяғын сүйіп жүрсіңдер,
Гүлдердің басы – тамыры!!
Айналып кетсе таңғалма самал жел кенет дауылға,
Өзге боп бізде кеттік-қой бірге өскен кеше бауырға.
Төпесе көктен тамшылар,
Шалғындай шатты дір етем,
Мың тамшы жастан адамда бір тамшы ғана шын екен.
Бүркіт те көрмес бір-бірін көргенде таудың тұманын,
Буалдыр мынау уайымның әкесін бырақ ұрамын.
Безілдетсе Бежеңнің күйлерін шалы даланың,
Домбыраны тартуды ұмытып бырақ қаламын!
Орманды кезсем өзімше ойларға шомып, түнеріп,
Жиғызар есті жас шыбық жағымнан тартып жіберіп.
Шын жылай алсаң, егерде, жаңбырмен бірге жылап ал,
Тарихыңдай өзгерген жаңбырдан соңғы қыналар...
Мың жұлдыз жәндік ұстайтын торыңның мың сан көзіндей,
Қалмассың өзіңді қауқарсыз көбелектей бір сезінбей!
Әкелер шын алдыңа бейнеңді сонда жаңғырық,
Қаңғыған шын дауысын әлдебір таста қалдырып.
Сапарға ұзақ шығармыз ұмытып бәрін ат мініп,
Уақытқа көр қазармыз тағамен кейін лақтырып.
Кісінесе айғыр арқырап дала оты болып лаулағын,
Кеудеңнен шығар қуалап азғын бір ойдың азбанын.
Күл шашар кейде бұқалар,
Өзгеріп ауыл реңі,
Сипағанды білмес сирлар,
Жоқтауды, бірақ, біледі...
Алаңсыз сол бір әлемде анаңды ғана айланып,
Құлынмен бірге желіде келеді қалғың байланып.
Жаңа ашқан көзін жалғанда таңғы шық тұрса дірілдеп,
Күнәні сезген ең алғаш есіңе сәби күнің кеп...
Буы ұрмас Алтай – алтын тау құшаққа сені басады,
Алтынды дәйім қап-қара топырақ көміп жатады.
Алтынды қазсаң, қап-қара топырақ шығар ілесіп,
Қаралықпенен шын алтын көргенде емес күресіп.
Сермеумен екі қолыңды өтінем өлең оқыма,
Қара жермен де сырласқан қойшының қара қосында.
Мақтауға ғана жаралған мүйізін кессең бұғының,
Бұрқырап қанап кетер-ау сұлулық жайлы ұғымың.
Сезініп суық бауырды жүректің кейде тоңғаны,
Алтын бар жерде қашанда жылан да жүрер ордалы.
Тұрады қоңыз демалып домалатып жүрген тезекті,
Күлгендей кейде, о, тоба,
Бердім деп саған кезекті...
Қайтармыз сосын қалжырап қабағы суық қалаға,
Көктем де келер алдамшы,
Жапырақ басып жараға.
Жаз өтер және қыс келер алдауға алған ақ қары,
Ісініп қарға семірер қаланың қара батпағы.
Бас араз болған ағайын шақырмас мені Алтайдан,
Бала бір күнгі бал сурет,
Алтайым қазір қартайған!
Арманда кетті қайтейін Алтайым жаттың қолында,
Өзерген бәрі-бәрі де,
Сағыныш қана орынында...
Алтайды, бәлкім, алыста сағыну үшін жаралдым,
Пәк күнім кеткен сол әппақ шашына сіңіп анамның.
Өлеңді қойып, бұл күнде өзіме кеттім жат болып,
Бала күн қалған – тайымның езуінен аққан ақ көбік.
Бала күн қалған елуге бөлініп елдің іргесі,
Ашыққан бұзау секілді ілініп талға сіргесі.
Бесіктегі сәбидей нән мысық басқан кеудесін,
Шарасызданып қиналам,
Ойламау жерді ерге сын!
Жат табанға таптатып түркінің алтын бесігін,
Алсамшы қару қолыма,
Сұрамай босқа кешірім.
Жатады жанып кеудемде айналған жерім отарға,
Жібермеді Ертіс – анамды бұрымын байлап бетонға.
Айналған халық тобырға,
Домбыра ғана қолында,
Қаптайды қара шегіртке жусанды отап жолында.
Баладай қамсыз күйіммен, Алтайым, саған қайтармын,
Зар-мұңымды әуелі жаһанға жыр ғып айтармын.
Қаптаған қалың дұшпанға айтылар сонда кесімім,
Аластап алам жырыммен түркінің алтын бесігін!
******
Ғаламда бұрын болмаған, білемін, жаңа бояумын,
Көктемде көбелек қанаты өткенде желпіп ояндым.
Алаяр ай – көз,
Көк аспан көргенде осы көрікті,
Тағдырыма ризамын,
Көз жасыма езіп беріпті.
Сезімтал мынау дүниеге мен келген сегізінші нотамын,
Айта алмай кеткен зарынан алғамын оны ботаның.
Құлқыны тоймас, ей, қоғам, оны да, бәлкім, қылғырсың,
Сегізінші нота үнсіздік әуені шығар, кім білсін?
Түйсігіме көшеді тастарда қалған жазулар,
Оқиын десем, сәт сайын басады қайғы - қалың қар.
Шуылға толы әлемге керек пе үнің бұл сенің?!
Түтініне орап шылымның сөзімді көкке бүркемін.
Саралар сөзді бұл маңда қалыпты, білем, сот қана,
Өліпті қурап емендер,
Көлеңке тірі тек қана...
Көшпелі құмды құшақтап құтқармақ болған ғарыппын,
Айтамын тағы теңізде жүргенін шөлдеп балықтың.
Салбырап көктен мың сәуле байланып айға аяғы,
Тінтеді жерді жоғымды іздесіп менің баяғы.
Кірпігімді жүздірем көзімді жасқа толтырып,
Қар - құсын іздеп сүйем деп алған бір өзім өлтіріп...
Бір өмір мені сағынтқан оттан да ыстық бір ән бар,
Кетердей еріп шырқасам самайда әппақ қыраулар...
Тышқаны болып тірліктің тыныштықты ұзақ кемірдім,
Ақ шашын күнге боятып келеді тағы кемпір – түн.
Дәуірім дәрі ішкізген ойларым сәтке оянды,
Күн түсіп еске күйдірер,
Таң түспей кейде қояды...
Есейіп төмен құладым,
Тауларда заңғар өстім де,
Етекте жатыр езіліп басылған көңіл көшкінге.
Мен, бәлкім, дыбыс шығармын естілмей өтер ешкімге,
Бояу боп жырда тұрармын,
Көрінбей, бірақ, ешкімге...
*******
Дүниенің мынау кеңдігін,
Көрермін соңғы кешімде.
Ұйқыда жатыр өмірім,
Өлімді көріп түсінде...
Шалынып менің тіліме,
Жығылды шаттық, білемін.
Мағынасыздық жібіне,
Маржандарымды тіземін.
Далаң кең еді,
Далақтап
шаптың ғой
Іздер енді кім?
Іріңді ай – тілі салақтап,
Сүйеніп тауға өлді түн.
«Өмірге рас келдім» – деп,
Әлдене күттің, бірақта...
Безгегі ұстап безілдеп,
Селкілдеп жатыр сағат та.
Күнімді көріп өзімнің,
Жыбырлаймын ғой баяғы.
Өзегіне сөзімнің,
Түспесем құрт боп жарады...
Түн гүлі
Сөнсе сынық сәуле де шашыраған,
Түн гүлі түйсігімде ашыла алған.
Мазалап жүрген мың сан маса – ойларым,
Жабысып жаппай өліп жатыр оған.
Көзімді жұмып мың бір бояу көріп,
Сәбидей сүт сезімді тоям еміп.
Шаттанып шық секірер жер – өлімге,
Жапырақтан қолдарын қоя беріп!..
Сырын ашып жасырған бұрын менен,
Мен емес,
Дүие ғой дірілдеген.
Ғайыптан самал есіп,
Үңірейген
орыны аққан жұлдыздардың гуілдеген!..
Мән таба алмай қайғыру, шаттанудан,
Аяймын көз жасымды ақтарылған.
Отырамын әлдебір періштеге,
Қанат тоқып ағарған шаштарымнан...
Сұғылып кірпік – найза әр күдікке,
Сүйеймін маңдайымды мәңгілікке.
Түн гүлі ғайып болар,
Орынында
қалады жырымдағы соңғы нүкте...
Ғар үңгір
Ей, жүрегім, ақ сәулелер қуарып
күтті...
Мені ғар үңгірден шық алып.
Ықылымның ырғағына ырғалып,
Көп биледім көздерімнен құм ағып...
Таста қалған тағылымға шаршадым
батып кетер деп жабырқап саусағым...
Жатыр, әне, тауда қарны жарылып,
Мені аңсатқан сол ақша бұлт – аңсарым.
Көкірегімде бәрі-бәрі кетті өліп,
Шын қуандым,
Шаттығым да жоқ болып...
Ол да билеп жатыр өлім биіне,
Бір ызғардан дірдек қағып от тоңып...
Деуші ем қамап ғар үңгірге ұстармын,
Қайда қашып кетті уақыт – дұшпаным?!.
Бақытты да бауыздады,
Қап-қара
қауырсынын қанжар қылып құстарым...
Жеңілтек тау құшағындай ашылғым
келмей
тағы ғар үңгірде жатырмын.
Қорқор қылып қолыма алып құс жолын,
Тамызуға күн – баланы шақырдым...
******
Дүние, мейлі, мені керек етпе,
Құлқым жоқ құлқыны кең ерегеске.
Сәл ғана маза бергін,
Көңіл құртым
айналып кеткенше ұшып көбелекке...
Жетем деп бір тамаша таңға қашан,
Қақалып қалды қанша қарбалас ән?!.
Байланып көңілімнің көк қылына,
Ұя – мида ұмсынған сан балапан...
Ернім сөзбен толтырып елесіңді,
Көзбен көріп,
Жиярмын мен есімді...
Өрт ішінде жүрсем де
Өмір өтті
өзім үрлеп жағам деп өз отымды...
Маңдайымда мызғаса аласа күн,
Осында күтем сені, болашағым.
Табар білем жанған бір жүрек күлін,
Қазғандар ойдан жырдың жерошағын...
*****
Кеңістік кейде құшақ жаяр маған,
Ұшында қаламымның ай аунаған.
Көремін уақытты,
Көзден аққан
жасымды ауырсынып баяулаған...
Қабығын кемірсе мың таң шуағы,
Алдымда алма – аңсарым аршылады.
Орман – ана ұйқыда,
Төсін емген
сәби бұлттар ауынап әлсін-әлі...
Қалықтап аспанда аққу-қаз үндері,
Ақынның жырына ырғақ әзірледі.
Мәңгілік жымияды мәнін білсем,
Көрініп кемпірқосақ – әжімдері.
Бар сұлулық,(келмейді айта бергім)
Сендерді бірден сүйіп қайтады ерін,
Жалғыз тал шыққа түйген байтақ елім!
Алдаркөсе – өмірім ән сала бер,
сендағы шаршамашы шайтан – өлім...
Патша – Сөз барлығын да өз ырқына алып,
Шүкір!
Шүкір!
Осылай бұрқырадық!
«Шап – деймін – алға тынбай!»
Уақытқа
Мүше беріп жырымнан жыртып алып!!
Туған жер
(Сөзі/әуені:Қалау Сәлеметбайұлы)
Биікпін-ау дер едім,
Тауларыңнан қорқамын.
Тұнықпын-ау дер едім,
Суларыңнан қорқамын.
Қайрмасы:
Туған жер,
Туған жер,
Думанды ел,
Көбелек алғаш қуған жер.
Сенің ыстық төсіңе,
Кіндік қаным тамыпты.
Кіндік қан боп өзіңде,
Сағынышым қалыпты.
Жайқалып мида орманың,
Алысқа кетті жыршы ұлың.
Иіскейді сені жолдарым,
Кеудеңе тығып тұмсығын.
******
Бұлт теріп келдім қырлардан,
Жаңбырым тағы құйылсын!
Жейдесін шешіп бұл жалған,
Жалаңаш тоңып жүгірсін!
Ақ парақ – осы алаңда,
Жауамын, келмей басылғым.
Тамшыдан адам табар ма,
Аспанда қалған асылын?..
Қаламды қағып қолымнан,
Түсірмек дүние дүр етпе.
Ештеңе өнбес оныңнан,
Алғамын шаншып жүрекке.
Өз-өзінен білгемін,
Өмір бұл кірлеп тұратын.
Бұлттарды сықтым,
Мұң менің
миымды солай сығатын!
Алдыға бұрғын бетіңді,
Халқым-ау, сәби – мұңлығым.
Ашыққан құлын секілді,
Өзінің жұлған құйрығын...
Төгуге қайтем асығып,
Боялдың жырға,
Ой алдың.
Қалғанын бұлттың қатырып,
Жүрекке сақтап қоярмын...
Әке
Өзегіндейсің өмірдің,
Өзіңді іздеп шарық ұрам.
Деміме қара темір – түн,
Қып-қызыл таң боп балқыған.
Бара алман саған, аяулым,
Қиып бұл қи – жалғанды.
Баса алмас сәуле – аяғын,
Айға іліп қойсам арманды.
Келеді түспей жырыма,
Өтсе де мұңмен мың түнім.
Ең соңғы рет ұлыңа,
Ымдады нені кірпігің?!
Өлімге бермен орныңды өз,
Сағынышымның төрінде.
Улайды мені ұлы сөз
есеңгіреген ерінде...
Таба алмай соңғы сөзіңді,
Күбірлеп ұлың көз ілген.
Еріді дүние, езілді,
Оттан да ыстық демімнен...
Аға
(Е.РАУШАНОВқа)
Жүзіме күлкі сызып күн кешіріп
шаршасам,
Жыр жазамын мүлде есіріп.
Інгендей бошалаған іңір тағы,
Барады ыңыранып түнге сіңіп.
Қалаға қалай ғана таңғала алам,
Керегі шуыл ма, әлде, шаң ба маған?!
Түтінін қара қостың шалма қылып,
Аспанда ақша бұлтты да шалмалағам.
Ақ көңілді ақ алтын арбаса мың,
Сағыныштан қайнатам арға сабын.
Өлең құрау ойыма келген емес,
Жүрегімді параққа аунатамын!
Жұлдызым үнсіз жазып түнге өлеңін,
Білемін өзімменен бірге өлерін.
Сезгемін кей ағаға іні емес,
Алдында жорғалайтын құл керегін.
Қыраудың құшағында ақ гүл – әлем.
Солып бір бара жатқан сәтті көрем.
Алты айналып,
Ақыры Алматының
жүрегін, аға, сенен таптым әрең.
Отырайын қасыңда (орда қалсын...)
Сағыныштың сәулесі сорғаласын.
Тарттың қара қоғамның көзімдегі
алынбай жүрген қара томағасын.
Тұлпар ем бапталмаған, күтілмеген,
Сыртың басқа,
Аумайды ішің менен...
Аңырып әлі тұрмын,
Алғаш сезім
Алматының жүрегін лүпілдеген...
***
Баяғы өлең мендегі, нүктені ап, қайта қосамын,
Келіпті көктем жамылып баяғы жасыл шапанын.
Өспеген таулар,
Сол қалпы,
«Ақ бас қарт»– дейді ел бұрыннан,
Жатыр ғой әлі жөргекте,
Ағарған шашпен туылған.
Жыршы құс дедік бұлбұлды,
Жырлады дедік қатырып,
Не айтқанын өзінің білеме осы мақұлық?!
Ашылмастай ғып бастырып жұлдызбен түннің түңлігін,
Жаңадан туған тамшылар аспанда жейді бір-бірін...
Қыс мендей суық қабақтан өзі де кетті тоңғасын,
Ағады бұлақ арқырап,
Ақпаса өлер болғасын.
Баяғы ойлар мендегі,
Келмеді мүлде сөйлегім,
Қылмыңдап тұр ғой қурайлар киіп ап гүлдің көйлегін.
Алақаныма әлдене саусағыменен кір шалған
жазады тынбай мазалап,
Жалықтым самал – мылқаудан!
Қойнына қолы жүгірген шуаққа көктем тамсанды,
Қашады-ау жазға ертең ол,
Қағып ап, сорлы-ау, қалтаңды!
Ұшып кеп құстар дүркіреп,
Тұрғандай маған «сүйіншілеп»,
Тауып жеп келген жолынан жемсауын жемі тұр тіреп...
Отырып шағыл – күлкіде ауырлап ұзақ түнердім,
Біздерде шағыл – күлкі көп,
Уыстап шашып жібердім!
Қалау СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ
Оставить комментарий