Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Сингапур өз өнімдерін көпшілікке «Шағын қала – үлкен идеялар» деген ұранмен ұсынбақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің аталған елге сапары барысында белгілі болды.
Көрме кезінде Сингапур делегациясын Қазақстанға ел Парламентінің спикері Халима Якуб бастап келмек. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед Х.Якубпен арнайы кездесті. Кездесуде қос тарап Қазақстан мен Сингапур қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді талқылады. Мұхтар Абрарұлы Парламент спикеріне ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, төзімділікке, Қазақстан халқының бірлігіне негізделген Елбасы саясатының маңызы жайында мағлұмат берді.
Ал бұл кездесуден кейін ресми Сингапур мен Астана арасындағы әріптестіктің артатынына сенім білдірген Х.Якуб: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю негізін қалаған екі елдің ынтымақтастығы алдағы әріптестігіміздің берік іргетасы болуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев әр істі стратегиялық тұрғыда бағамдайтын көреген саясаткер. Ол болашақта Қазақстанның қарқынды дамыған экономикасы бар, озы технологиялармен қамтамасыз етілген, жастары білімді ел болғанын қалайды және сол мақсатқа жету үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасап келеді», – деді.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Сингапурдің Премьер-министрі, Халықтық іс-әрекет партиясының Бас хатшысы Ли Сянь Лунмен, осы партияның төрағасы Кхо Бун Ванмен және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің ректоры Кишоре Махбубанимен кездесті. Одан бөлек, Қазақстандық делегация Наньян технологиялық университетінің роботтар жасайтын ғылыми-зерттеу орталығында болды.
Бұған дейінгі партиягерлер көбінесе Ресейге, КПСС шапанынан шыға алмаған единоростарға қарап алаңдайтын еді. Мұхтар мырзаның кеше Жапония, бүгін Сингапур сияқты Азия жолбарыстарына қарай бет бұрғаны әбден дұрыс екен. Қазақстан барысы тегі бөлек орыс аюына емес, өзіне жақын жолбарыстармен қатар жортқаны абзал.