«Қытай мен Қазақ елі арасында Ұлы жібек жолы бойында сауда-саттық, экономикалық бағыттарды айқындайтын кездесу өтті, бұл жиналыста ұлты қытай азаматтардың Қазақстан азаматтығын алуды көздейтіндері де анықталды», - деп хабарлайды Алматы арнасы.
Алматыда Қытай азаматтарының саны көбейген. Биыл қалада 18 мыңнан астам қытай кірмелері тіркелсе, оның 13 мыңнан астамы жеке шаруамен келген. Ал, 300-ге тарта қытай кәсібінің нәсібін көруде. Тіптен қазақ қыздарына үйленіп, тұрақтанып қалар ойы да бар. Бүгінде ел азаматтығын алған 244 қытай азаматы түп-тамырымен Алматыда ғұмыр кешіп жатыр екен. «Ағымдағы жылдың 9 айында елімізге 18 726 қытай азаматы келген. Ол былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырған едәуір көп. 697 азамат әкімшілік жазаға тартылды.Әдетінше, олар айыппұл төлеулері тиіс болатын. Осыдан түскен қаражат көлемі 6 миллионнан асты», - деп мәлімдеген Алматы қалалық Көші-қон полициясы басшысының орынбасары Жандос Тұрысбеков.
Еліміздегі қытайлық студенттер де отанына оралуға асықпайды екен. Ол былай тұрсын, бизнесін жолға қойғандар тіптен кеткісі келмейді. Заңға қайшы келіп, талаптарды пысқырмайтындар да аз емес. Мысалы, биыл 487 азамат визалық уақыт мерзімін создырмаған. Оның ішінде, заңды белшесінен басып, тәртіпке бағынбағандар саны 112.«Алматы қытайланып бара жатыр» деп қазақ журналистері дабыл қаққалы талай болды. Дүниежүзі түгелдей қауіптенетін қытайлықтар Қазақстанға әйтеуір оп-оңай-ақ келеді. Олардың емін-еркін келіп жатқандары былай тұрсын, біздің әлдебір пысықайлар ел топырағына табаны тимеген қытайларға ұшақпен бума-бума азаматтық жіберіп бермек болғаны да бар. «Қазақ қызына үйленген», «Қазақстан азаматтығын алған» деген тіркестер қоса айтылатын «қытай» терминіне барған сайын құлағымыз үйреніп бара жатыр. Үш қазағының біреуі шетелде шашыраған, елге келуге ниетті қандастарының құқығы кез-келген шетелдікпен бірдей, демографиялық өсімі өте жақсы көрсеткішті көрсетіп жатпаған «мәңгілік елдің» қытай мәселесіне сәл қарауына болмайды. Үш айдан артық тіркеуге тұрғызбай, оралманын қуып салатын Үкімет - қытайлардың қадамын қадағалаусыз қалдырмаса екен дейміз.