Қазақстан-Дания құрама командалары арасында Алматыда өткен ойын осындай ойға жетелейді. Оңбай жеңілдік.
Неге? Жасыл алаңда доп тебетін қазақ баласының қарасы көбейіп, құрама команданың жейдесін киген жігіттердің төбе көрсетуі барша жанкүйерді қуанышқа бөлеп жүр. Риза боласың. Кезінде белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев талай мәрте мәселе көтеріп, шырылдап жүріп «Намыс» деген команда құруға атсалысты. Өзгелер ұршықша үйіретін ала допты біздің қаракөз ұлдар да меңгере алады деген мақтаныш сезімі орнады кеудемізде. Енді бүгін Құдайға шүкір, ол арманымыз орындалды.
Бірақ «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбуырылдың баптауының бір күні кем болғаны сияқты біздің футболшылардың, әсіресе, қазақ жігіттерінің ұстамсыздығы ұдайы көзге ұрып тұрады.
Қазақстан чемпионатында талай мәрте куә болып жүрміз, жоқ жерден қоразданып, қарсы команданың ойыншысын кеудемен қағып, едіреңдеп шыға келетін ойыншылар аз емес. Өте жағымсыз көрініс. Сол әдет Қазақстанның ұлттық құрама командасына шақырылған жігіттердің бойынан жиі көрінеді.
Даниямен болған кездесуде де солай болды. Біздің команда тәп-тәуір ойнады. Бірақ біз сөз етіп отырған психологиялық әлсіздік тығырыққа тіреді. Бірде Таңат Нөсербаев, енді бірде Сүйінбаев дат жігіттерімен жаға жыртысуға шақ қалды. Бауыржан Исламхан шынтақпен дат ойыншысы Вилльям Квисттің жағынан қағып жіберіп алаңнан қуылды. Әрине, Дания ойыншылары да қит етсе төрешіге шағымданып, қулық жасап жатты. Оларда шаруамыз жоқ.
Айтпағым, ел намысы сарапқа салынып жатқан кезде біздің ойыншылар жауапкершілікті сезінуі керек еді. Олардың жеке басының намысы ел намысынан биік емес. Қызбалық кімде жоқ. Осыны түсінуі керек қой. Исламхан қанша жерден шебер ойыншы болса да артында ел тұрғанын, Қазақстанның абыройы үшін ойнайтынын ескермеді. Жігіттер намысты екенін дөрекілікпен емес, ойынымен көрсеуі керек.
Түбі мұндай «сырқатты», қазақ футболынан түп-тамырымен жою керек сияқты. Әйтпесе, арам шөп сияқты қаулап өсе береді.
Ғабдул Мерқұрман