Стамбул қаласында автобуста отырған бір жігіт қысқа шорты киген қызды елдің көзінше соққыға жықты, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Стамбулдың 21 жастағы тұрғыны Асена Мелиса Сагламға автобуста ашық-шашық киінгені үшін бір жігіт тап берген.
Деректерге сәйкес, оқиға Пендик ауданында 21 маусым күні болған және де ол автобус салонында орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Зардап шегугінің айтуынша, Қызылатеш атты жігіт бойжеткен автобусқа міне салысымен тап берген.
«Ол күні мен ақ шорты киіп отырған болатынмын. Ол менің артымдағы орындықта отырды. Автобусқа міне салысымен маған: «Рамазан айында осылай киінуге болады ма? Ұялмайсың ба?» деді. Мен оған қарамастан «Ал, сен қарама!» деп жауап бердім. Ал ол болса «Сенің бүкіл жерің ашық тұр, қалай көзің түспейді. Сондықтан да қарап отырмын» деді. Мен үндемедім. Кенеттен біреу бетімнен ұрып жіберді. Қарасам артқы орындықта отырған сол жігіт екен, автобустан түсіп бара жатып мені ұрып кетіп бара жатыр. Оған тап бергенімде, басымнан ұрып, жерге құлатты. Орнымнан тұрғанша ол кетіп қалды», - дейді бойжеткен.
«Мұндай киімдер адамдарды азғырып, жаман ойға жетелейді», - деп Эрджан Қызылатеш автобуста отырған Асена Мелиса Сагламның өзіне қарсы сотқа арызданды.
Шолушы: Назерке Лабихан