Жыл сайын Португалияда орман ішінің өртке орануы әдетке айналған. Алайда осы жылы алапат жалынның адуыны мықты болған көрінеді. Табиғи апаттың салдарынан 62 адам қаза тауып, жүздеген адам жедел жердем қызметінің көмегіне жүгінген. Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі Сегодня ақпараттық сайтының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Португал мониципалитеті Педроган-Гранди Лиссабонның солтүстігіне 200 шақырым жердегі орманның 95%-ы өртте оранғанын, сондай-ақ 20 ауылдың тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялағандығын мәлімдеді. Қазіргі таңда көз жұмғандар саны 62 адам.
Қызыл жалынның таралу күштілігі сонша автокөліктің жылдамдығына ілесіп отырған. Соның салдарынан бір-бірімен жарыса қашқан автокөліктерлің қақтығысы орын алған. Онымен қоймай күшті жел тұрып, орман ішінің өртке орануын күшейте түскен. Тұрғын үйлердің шатырына от тиіп, көптеген баспаналар өртке оранған.
Ауыл тұрғындары жанын сақтап қалу мақсатында түрлі әрекеттерге барған. Ажал аузынан қашқан 12 адам, оның ішінде 95 жастағы әйел де бар, құдық ішіне жасырынып аман қалған. Алты сағаттан артық құдық ішінде отырған тұрғындар өмірлерінің амандығына шүкірлік айтысты.
Шолушы: Ақерке Маратқызы