Күллі әлемді ғажайып дауысымен, орындаушылық шеберлігімен тәнті еткен Димаш Құдайбергеннің әр елдегі жанкүйерлері Астанада бас қоспақ.
Оның негізгі ұйымдастырушысы – Қазақстанда ресми түрде тіркелген тұңғыш фан-топ – «Dimash@Dostar».
Қандай да бір фан-топтардың бас қосу шарасы Қазақстанда бұрын-соңды өткізілген жоқ еді. Және жанкүйерлердің заңды тұлға ретінде тіркелуі де Қазақстанда тұңғыш рет болып отыр.
АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Украина, Жапония, Қырғызстан елдеріндегі фан-топ мүшелері Димаш Құдайбергеновтің концертінен бір күн бұрын осы кешке қатысады. АҚШ-тың Аризона штатынан келген АҚШ-тағы «Димаш фан-тобының» жетекшісі Алиса Келлог өз көлігінің номерін арнайы сертификатпен «DIMASH» деп алыпты. Оның көшірмесін әншіге кеше табыс етті. Алиса Келлог ешқашан шет елге шығып көрмеген екен. Оған себеп – ұшақтан қатты қорқатындығы. Бірақ, осы жолы Димаштың концертін көру үшін тәуекелге бел буып, мұхиттың арғы жағынан 14 сағат ұшып келіпті.
Димаштың және қазақтың ән өнеріне деген құрметтерінің белгісі ретінде 26-маусым күні бас қосқалы отырған фан-топ өкілдері – әр елдегі әр түрлі және әр жастағы мамандық иелері. Олардың қатарында дәрігерлер де, тіл мамандары да, зейнеткерлер де, студенттер де бар. Олар осы кеште халықтар арасындағы достыққа өнердің ықпалының ерекше екендігін паш етпек. Осыған дейін тек ғаламтор арқылы хабарласып, сырттай таныс болған олар сол күні бір-бірімен жүзбе-жүз көрісіп, пікір алысады. Келер күндерге жоспар құрады.
Оставить комментарий