Испания корольдігі ЭКСПО-2017 күні аясында Ұлттық күнін атап өтті

/uploads/thumbnail/20170717153523163_small.jpg

Бүгін «Экспо-2017» аумағында Испания корольдігінің Ұлттық күні өтуде деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Салтанатты іс-шараға Испания Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор қатысты. Іс-шараның ресми бөлімінен кейін испандықтар қонақтарға белгілі «Compañía Flamenca» тобының, «Carros de Foc» көше театрының қатысуымен өтетін қызықты мәдени бағдарламаны дайындап отыр, сондай-ақ, «Ламанчтық айлакер идальго Дон Кихот» романы көпшілік арасында оқылатын болады.

 «Біз «Астана Эскпо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып отырғанымызға аса қуаныштымыз. Испания - жасыл энергетиканы зерттеу саласында көш бастап тұрған ел. Мәселен, Алмериядағы PSA күн электрстанциясы күн жылуының энергиясын зерттеу саласындағы әлемдік деңгейдегі озық орталық болып табылады, ал CENER – жел турбиналарының беріктігі мен сапасына сынақ жүргізетін әлемдегі тұңғыш зертхана. Жаңартылмалы энергия көздерін қолдану саласындағы соңғы жетістіктеріміз бен жинақтаған тәжірибемізді үлкен мақтанышпен таныстырып отырмыз», - деп атап өтті Ана Пастор.

Испания павильоны креативтік әрі метафоралық дизайнмен безендендірілген. Павильон ортасында үш үй орналасқан: «Жаңартылмалы энергия көздерінің уақыты» деп аталатын бірінші үй көміртексіздендіруге және жасыл энергетикаға негізделген жаңа энергетикалық үлгіге өтудің қажеттілігін көрсетеді.

«Арманшылдар, ізашарлар, жаңашылдар» деп аталатын екінші үй жаңартылмалы энергетика саласында соңғы онжылдықта Испанияда әзірленіп, ендірілген нақты жобалар мен инновациялық шешімдерге арналған. Бұл жобалардың көбісі энергетиканы көміртексіздендіруге бағытталған.

 «Испания: ғаламшарға арналған энергия» атты үшінші үйде осы елде табысты түрде ендірілген жаңартылмалы таза энегияны өндіруге арналған шешімдер мен құралдардың кең түрлері жайлы баяндайтын панорамалық бейнероликтерден тұратын проекциялық шоуды тамашалауға болады. Бұл композиция Испания компанияларының жасампаз әрі технологиялық мүмкіндіктерін, жасыл энергетика саласындағы бай тәжірибесін айшықтайды.

 Зал ортасында жайқалып тұрған тірі ағаш адамзат мекендеп жатқан «жаһандық ауылдың» нышаны іспеттес. Ол адамзатқа ғаламшармен үндесе отырып дамуға көмектесетін таразыланған әрі тұрақты шешімдерді іздеудің қажеттілігін байқатады. Павильон құрылысы мен дизайнына жұмсалған жалпы қаржы көлемі 2 млн. еуро құрағанын атап өту қажет.

«Көрме жұмысының алғашқы айында біздің павильонға 130 мыңнан аса адам келіп үлгерді. Біздер үшін бұл көрме - Испанияның жел, фотоэлектр және күн жылуы сынды жасыл энергетикадағы үлкен сұранысқа ие болып отырған энергия көздерін зерттеу, дамыту және ендіру саласында көш бастай отырып, жаңартылмалы энергия көздерін дамытуда жеткен соңғы онжылдықтағы жетістіктерін әлемге көрсету үшін бірден-бір мүмкіндік», - дейді павильон директоры Кармен Буэно.

Инновациялық жобаларға қоса, Испания көрмеге келушілерге бірқатар мәдени іс-шараларды ұсынып отыр. Мәселен, 17 шілде күні Ұлттық күн аясында «Ламанчтық Дон Кихот» романының үзінділері орыс тілінде көпшілік алдында оқылады. Бұл шығарманы Испания павильонында қызмет жасайтын қазақтандықтар оқиды. Бұл қызықты костюмді қойылым кезінде павильон қызметкерлері көрме қонақтарын мінберге шақырып, романның бір үзіндісін сахна төрінде оқуды ұсынатын болады.

Ұлттық күн аясында мұндай іс-шараның өткізілетіні кездейсоқ емес: Испанияда жыл сайын саясат, спорт және шоу-бизнес саласындағы белгілі қайраткерлерді шақырта отырып «Дон Кихот» романын оқу дәстүрге айналған. Осылайша испандықтар өз дәстүрлерін құрметтеп, ұлы жазушы Мигель де Сервантестің рухын қастерлейді.

Сондай-ақ, 17-21 шілде аралығында күнде кешке сағат 19:00-де «Compañía Flamenca» фламенко спектаклі өтетін болады. 17-26 шілде аралығында күніне бірнеше мәрте «Carros de Foc» көше театрының күнделікті қойылымдары ұйымдастырылады.

Тамыз айында павильон қала кинотеатрларында Испандық кино фестивалін, сондай-ақ, испан тілін қолдауға арналған бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Связанные Статьи