Алмас Нүсіп: Бір тұтам(әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708150827009_small.jpg

Жақында "Жалын" баспасынан жас қаламгер Алмас Нүсіптің  "Барлау" проза жинағы жарық көрді. Аталмыш жинақтан автордың "Бір тұтам" және "Кешірім" атты әңгімелерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Сен нағыз талантсың! Бұл сөзсіз. Тілің төгіліп тұр. Жазуыңа бас ием. Сен... сен... Сені әлі әлем мойындайды!

 – Сен де талантсың! Талантты сазгер! Сенің әндерің әлі аспан астын шарлайды. Сен шығар биік әлі алда!

Екі адам. Екі жігіт. Солай дегенбіз. Бір-бірімізге риясыз көңілмен жоғары бағалағанбыз. Сөзімізде күмән жоқ еді. Асырып айтыппыз. Талант қайда...

...Өтірікші болып шықтық. Екеуміз де.

...Бекер іштік.

Даудың басы даяшының көк шөлмегі...

 – Мені түсінер сен ғанасың! – деген телефон тұтқасының ар жағындағы дауыс. – Өнерді ұғар, сөз түсінер, менің сөзімді түсінер бастың иесі – сен ғанасың! Мен үшін сенен асқан өрелі кәлләсі бар жан жоқ!

Мынадай сөзден кейін кездесуден бас тарту мүмкін емес еді.

Қалаға келген алғашқы жылдары танысқанбыз. Орта бойлы, арық жігіт. Бірақ өзін атан түйедей сезінетін болуы керек. Кеудесі тік. Күтім көрмеген, артқа қарай ұқыпсыз қайыра салған шашы мен шаршай қарайтын көздері өз ортасынан мүлде бөлек кейіп танытады. Риза емес. Бір нәрсеге риза емес. Өзін жұрттан артық сезінеді. Абыр-дабырды шеттей тұрып алып, шуылдақтардың төбесінен асыра қарап тұр. «Әй, сендер де!» дейтіндей. Қимылы самарқау болғанымен, батыл. Ойына келген істі тындырмай тынбайтын адамның сойы.

У-шудан шеттеу тұрғам. Менің де түр-тұлғам оңып тұрмаса керек. Әлгінің ар жақ, бер жағы. «Балықшы балықшыны алыстан таниды». Алдымен көзіміз түйіскен. Екі мәрте. Көп ұзамай қатар тұрдық.

Жайлап басып қасыма келді. Қол алысып тұрып, сынай қараған. Қызметшісін тергеп, тексеріп тұрғандай.

 – Темекі тартушы ма ең? – Алғашқы сөзі. Үй жұмысын орындамай келген оқушыға мұғалім осылай сөйлейтін. Ұнап тұрған жоқ маған.

 – Ал?

 – Былайырақ шығып өртеніп қайтайық, онда. – Жауап күтпестен алға түсе берген.

Түтінің түзу ұшқыр, жаңа, жартылай танысым шылымды да оңдырып шекпейтін болып шықты. Сирек дәм татады демесең, бұрқыратып ұстайды да тұрады. Жарытып ештеңе айтпадық.

 – Ұқсаспыз, ә? –деді өзімсіне. – Сенің де менен асып тұрғаның шамалы. – Үнсіз бетіне қарағам. Көзін тайдырып әкетті. Арбасып тұрар жайым жоқ деген кейіпте. – Хабарласып тұрайық – деді қырын қарап тұрған бойы. Нөмір алмастық. Ұсыныс айтатын – ол, бас изейтін – мен. – Ішке кірейік. Даңғаза болса да  бізге арналған кеш қой, атасына нәлет! Қармағымызға бірдеңе ілініп қалар.

Қармағына не іліндіргелі жүргенін құдай білсін, түсініксіз танысым бастап ішке беттедік.

...Енді міне, араға екі жыл салып қоңыраулатып тұр. Нөмірі сол баяғы. Бұл жағына ұқыпты болып шықты. Аң-таң кейіпте тұтқаны көтергем.

 – Әй, аззаммат! Айттым ғой ұқсаспыз. Сол бұрынғы нөмірің. Қайдасың? Жолығу керек. – Одан соңғы айтқаны әлгі.

Кездестік. Көлденең мәселе қоймай-ақ, өзі келген. Маған ыңғайлы жақын жерге. Берекесіз болса да, аман-саулық біліскен болдық.

 – Ішуші ма ең?

 – Ал?

 – Айттым ғой ұқсаспыз! Кеттік!

Қаланың қақ ортасы. Біз тұрған жерге ең жақын орналасқан мейрамханаға ат басын тіредік. Қақ төрдегі бос орынға жайғасып жатырмыз. Берекесіз досым маған анықтап бір қарап алды да:

 – Оффициантка! Мұнда келіңіз! – Қол бұлғап шақырып алды. – Бізге, тәәәк, қайсысы? Ең аштысын тартайық а? Атаңа нәлетті! – Даяшыға қайта бұрылып: – Ең аштысы және ең қымбаты. Бірдіні әкеліңіз! ...Закуска ма? ...Е мейлі, соны бере беріңіз!

 – Ал, – деді, бәрі дайын болғанда. – тартып жіберейік, атасына нәлет! Сөз кейінгісінде бола жатар.

Тартып жібердік. Тартып жіберу әп-сәтте үш мәрте қайталанды.  Көңілдің көтеріліп, тілдің күрмеуі шешілер сәт. Берекесіз досымның тілімен айтқанда «бұл атаңа нәлеттің» қолынан келмейтіні жоқ. Қорқақтан батыр, ширақтан болбыр жасап шығар қасиеті бар. «Бұл атаңа нәлеттің» арқасында саушылығында аузы-аузына жұқпас, ұшқалақ немелердің тілін жұтып қойып, қой аузынан шөп алмас момынға айналғанын да көргенбіз.  Керісінше, табиғатынан тұйық «біз сияқтылардың» бір-ақ сәтте мылжыңға айналып, іштегі қоқыр-қоқсығын сөзбен ақтарар сөзуар бәле дәрежесіне жеткеніне де куә болғанбыз талай. «Бұл атаңа нәлетің...». Таң емес.

Берекесіз досымның берекесі кіре бастады. Мен де төгілтіп отырмын. Бәрі әлгі... «атаңа нәлеттің» арқасы.

 – Жазғандарыңды оқып жүрем. Оқымысты емеспін, бірақ сенің атың тұрған жерді айналып өтпеймін. Алғашқы шимайыңнан бүгінгі шатпағыңа дейін белгілі маған. Адақтап шыққам...

 – Шатпақ пен шимай? Дұрыс емес! Сен түгіл азуын айға білеген аталарыңның өзі аузын ашып, көзін жұмып оқиды менің шимай мен... әлгі шатпағымды.

 – Сабыр батырекесі, сабыр! – Алға сәл ұмсына, қос алақанын маған қарата жоғары көтерді. – Шимай-шатпағың айтуға тұрмайтын болса біз бұлай отырмас ек. Өзімсінгенім еді. Жазушылар шамданшақ келеді деуші еді, рас екен! Сенің шимайларың туралы шимайларды да оқығам. Әлгі, аузымен ай аулап жүрген аталарыңның сызып жүргені. Мақтауыңды келістіріпті. Баяғыда, естуім бойынша жаңа шығарманы жерден алып, жерге салып, сынап жататын деуші еді, қазір ол күйістеріңнен де жаңылыпсыңдар.  Өзімізбен жазушылық деген мамандық жойыла ма деп  «қорқып» жүргенде, күтпеген жерден сен шыға келіп, толқығаннан қағазға жүгіріп, қаламға жүгінген ғой.

 – Жазушылық жойылады? Оттапты!

 – Сен, тыңдашы мені! Айтып алайын. Әдебиетіңнің жағдайы белгілі. Кім оқиды? Кім оқып жатыр? Жазарман жетеді. Рас болса, жазудың көркемдік деңгейі шырқай өскен дейді. Айтқыштар мен жазғыштарға сенсең, сұмдық! Бірақ... тыңдашы енді, бірақ соны оқитын оқырман қайда? Жазармен мен оқырман. Қайсысы көп болу керек? Әрине, кейінгісі. Сендердің еңбектеріңді бағалаймын. Бір өзі екі түрлі міндетті қатар атқарады. Жазғыш та өзі, оқығыш та өзі. Әдеби қауымның өз арасындағы жабық жиналыс іспетті. Көлденең көз деген атымен жоқ.

 – Бұл уақытша нәрсе! Татымсыз жұбаныш пен арзан көңіл делбеуден жалығады әлі мына жұрт!  Әдебиет киелі ұғым, бауырым! Мейлі, ел оқымасын! Бірақ, құрметпен қарайды. Қадірлейді. Құрметтің кемімегені адамның әдебиетсіз, сөз өнерінсіз күн кеше алмайтындығы. Кітап оқу ескіліктің елесі болып, жаңалықтың көлеңкесінде қалып кетпейді. Ешқашан! Заман жаңарады, әдебиет те жасарып отырады. Қайталап айтам, әдебиетсіз адам күн көре алмайды. Жаңалыққа жаппай ұмтылу революция, иә, төңкеріс кезінде де болған. Ақыры не болды? Аспан астын астаң-кестең етті. Адасты да кетті. Қазақ екенін қазақша айта алмайтын жаңа қазақтың пайда болуы да жаңалық болып па? Иә, жаңалық! Ешкімнің ойына келмеген сұмдық. Жақсы жаңалық емес. Әкеңнің абыройсыз өліммен өлгенін естуден де ауыр қасірет. Жаңалыққа құмар шала туғандар оқымады екен деп әдебиеттің жаназасын шығару керек пе? Жоқ, бауырым! Жазылу керек. Жазу керек! Бұл күн де өтеді... Сөзімді бөлме! Қоя тұр оныңды! Ішу қашпайды ешқайда... Туһ! Не айтып жатыр едік? А, иә, жазылу керек. Ғалымның хаты өлмейді. Ертеңге жетеді. Кейінгі ұрпақ оқиды. Тарихтан сабақ алады. Біздің қателігімізді жасамайды олар. Мынадай заманда қаламын тастамаған бізге сүйінетін болады. Алғыспен еске алады. Дұғасын бағыштайды. Құдайдан кейін аузына алып, медет, дәрмен тілейді. Ал, сенің анау, жаңа қазақтарың басының қайда қалғанын да білмей қалады. Ұрпағының бетіне шіркеу. Өзің ойлашы, бабам сараң, сасық бай болыпты деп мақтана алар ма едің? Бұл да сол сияқты. Өтеді бәрі. Түзеледі. Ал, мақұл алып тастайық! Қазақтың, қазақ әдебиетінің ертеңі үшін!

Әзірге тіліміздің мүкісі жоқ. Алып та отырмыз, ағып та отырмыз. «Шіркін-ай!» – деп қоям іштей. – Осы әңгімелерді қаз-қалпында жазып алса ғой. Қаншама шикізат. Өңдемей-ақ, өзгертусіз көшіріп шықсаң...

Тағы да біразға шапсам керек. Аздаған даумен басталған әдебиет айналасындағы әңгіменің аяғы досыма әсер еткен. Мені біржола мойындап, алдымда тізе бүккен.  Менің құрметіме тост көтеруді ұсынды.

 – Сөз жоқ! Сөзім жоқ, бауырым! Не болары белгісіз келер күн үшін еңбектену – түбінде не бар екені белгісіз тұңғиыққа сүңгуден де ауыр, қорқынышты нәрсе. Сен – талант!.. Өзің айтқан ұрпақтың аузында мақтанышпен айтылатын болады есімің. Сен туралы ән жазам. Сөзің жетпесе де, менің әнім арқылы өзің, ісің жетеді ертеңге.

 – Беу де! Қоя тұр! Менің сөзім жетпейтін жерге сенің әнің қалай жетеді? Ұрпақ күні ертең бүгінді менің қаламымның ізінен тани алмаса, сенің былдыр-батпағыңнан не ұғады?

 – Былдыр-батпақ емес! Естімей жүрмісің? Алматының... Қазақстанның қай түкпіріне барма, менің әнім алдыңнан шығады. Керең болмасаң мойында осыны!

 – Қайсы, анау «Сезім сыры», «Махаббат оты» дегендер ма? Сөзі де, әні де бір-бірін қайталайтын? Қаздың балапанындай ұқсас. Мұндай әндермен ертеңге қай бетіңмен бармақсың?  Кезінде бір ай тыңдалып, лезде ұмытылған әннің авторы екен деп қай қазақ басыңа шырақ жағады? – Бұл кезде мен күшейе бастағам. Берекесіз досым жол бастаушылық қасиетін жоғалтып алған.

 – Әй, оларды қойшы! – деді қолын сілтеп. Аңдамай осал тұсын басқызып алған, басылып қалыпты. – Кезіндегі көстите салғандар ғой. Оларды айтып тұрғам жоқ, кейінгі жазылған патриоттық рухтағы «Мен қазақтың баласы», «Қазақ жері», «Атажұрт» немесе жұрт тегістей жылы қабылдаған, әні де, сөзі де тың бағыттағы «Гүл мен жыр», «Аялдамадағы ару» деген махаббат туралы әндер ше? Алды екі жылдан асты, ел арасында әлі жүр.

 – Иә, сонымен қоса «Алға Қазақстан», «Арман қала – Астана» деген діңгірлектеріңді қосып қой.

 – Жоқ, олар да ақымақшылық. Сенің әдебиетіңде де науқандық шығармалар деген болмап па еді? Сол секілді дүние ғой. Бізге де күн көру керек. Ала дорба арқалап ел кезіп кет демесең, түсінуге тиіссің.

 – Мүмкін. Сананы тұрмыс билейді. Әндерін қымбатқа сататын болыпты деп естуші едім, рас екен. Иә, осылай күн көріс қуалай берсең байлыққа да жетерсің. Атақ та сенікі. Науқаннан науқанға дейін бір ән жазып, жемісін жеп өткен, түлкі заманның алғыр тазысы деп еске алады бізден соңғылар.

 – Тілдерің ашты сендердің. Айтқаның орынды. Бірақ, маған неғыл дейсің? Аштан өлуім керек пе? Кім маған қол ұшын беретін? Науқандық шығарманың бір науқаннан аспайтынын білем. Бірақ, түсінуге тиіссің қайталап айтам! – деп қойды, «қайталап айтамға» ерекше мән бере. – Болашаққа қарын қамы үшін жазылған жүз әнім емес, мәңгілік өшпейтін бір әнім жетсе болды. Ұрпақ біздің заманнның аужайын сенің жазуың арқылы таныса, – кешіреді.

 – Ертеңгі буынға ауыр салмақ салып отырсың, бауырым! Пендешілігің үшін олар жауап беруге тиіс емес. Ыңылдай салған дедің бе? Ыңылдай салма! Көститпе! Ән өндірістің заты емес. Тапсырыспен кесіп-піше салатын. Ән – сәби сияқты. Сенің перзентің. Құрсағыңда көтермесең, толғатпасаң тумайды. Жан қиналмай жұмыс бітпейді. Қина өзіңді. Талантың бар. Білем... Тыңдап жүрем. Табиғилық бар. Сен соны жасандылыққа айырбастамақсың. Ақылын алтынға сатқан арсыздан қай жерің артық?  Біз ұсақтауға тиіс емеспіз. Заманды сылтауратпа! Бұдан өткен кер кезеңде де қазақ елдігін жоғалтпаған. Бойыңа дарын құйғаны үшін Тәңірдің ғана емес, ұрпақтың да алдында жауаптысың! Шық жеңілдің астынан. Өз болмысыңды әніңнен танитын болсын елің.  Ұрпаққа жүк артпа! Артыңа абиырсыз іс қалдырма! Ертең сен өлген соң, кейінгілер: «Өлгеннің бәрі жақсы. Артынан қалай ғана жаман сөз айтам?!» деп қиналып жүрмесін.

 – Айттым ғой, мені түсінер жалғаз адам – сенсің! – Төмен тұқырып алып, басын шайқап, тамсанып қояды.

 – Басқасында шаруам жоқ, мен білетін үш-төрт әнің үшін, сен үшін ішем мынаны!

Осы бағытпен біразға бардық. Даяшы «атаңа нәлеттің» қымбатына үш рет  тапсырыс алды. Шарап ашытатын жемістің ағашы үш мақұлықтың қанымен суарылыпты-мыс. Рас па деймін. Ойдан шығарылса да орынды кесім. Алғаш түлкінің қаны дейді.  Біз де мың құбылдық. Әлсіз болса да азуымызды көрсетіп, осал тұсымызды жасырып, қуланып бақтық. Мақтаған болып, мақтамен бауыздадық. Бауыздалып жатып та сайқалдықтан танбадық. Екінші кезең. Арыстанның қаны. Ақыра түрегелер сәт. Түлкі дәуіріндегі шыдамның жарылар тұсы.

Әбден бел алып алған мен, тиісе сөйлеппін. Әңгіменің қайдан шыққаны белгісіз. Даусымыз қаттылау шықса керек, бірді-екілі адамның бізге қыжырта қарағаны есімде.

 – ...Ресторан емес, мейрамхана!

 – Не деген ә? Таза қазақша сөйлейсің! – әбден бабына келген, шегінуші ма еді? Өзімді кекетіп тұр. – Патриот болса сендей болсын! – Кеңкілдей күлген.

 – Иә. Мендей болсын! Қазақ болса – мендей болсын! Сөйлеймін. Таза қазақша. Орысша білмегенімнен емес. Мен-мен деген кез-келген орысыңды сөзден тосам. Орыстың әдебиетін түгелге жуық түгескем. Өзіме, білетініме сенем. Білігіне сенген адам көпірме сөзге үйір болмайды. Аздаған білгенін көрсетуге тырысу табиғатына жат. Ал, осал тұсын білген адам, сол жерін қымтап бағады. Саған, сен сияқтыларға жаным ашиды. Бейшаралар! Сен секілді ауылдың қара домалақтарын айтам, қаланың боз өкпелерінің алдында өздерін қор сезінеді. Себебі, кірме сияқты. Қалалық болып көрінуге тырысады. Орысша дым білмесе де, білген қазақшасын шұбарлап бітеді. Дәл сен сияқты.

 – Мен сияқты?

 – Иә, сен сияқты! Мына сен сияқты. – Саусағымды безеппін. – Шүлдірлейді де жүреді. Ұятты жерін жаптым деп ойлап, өз қолымен көрсетіп бергенін білмей қалады.

 – Ей, жазушы-сымақ! Жай сөйле! Дүниені тіреп тұрған сен емессің. Сенсіз де қазақ ел болған, сенсіз де жөнін табады.

 – Тасырдың сөзі андағың. Өзім мінген кеменің тағдыры – менің тағдырым. Алаңдамай тұра алмаймын. Себебі қазақпын! Қазақтың өткені мен бүгінін бойыма сіңіргем. Жөргегімнен қанықпын. Мұңын түсіне алам, сондықтан қайысам. Сендерге жаным ашиды...

 – Ей, қайтеді мынау? Балақтағы бит басқа шығып...

Қазақтың әдебиетіне тиісе сөйлегенде бүлк етпеген қаным, жеке басымды қорлай сөйлегенде басыма шауыпты.

Орнымнан тұрып кетсем керек.  Ол да. Алғаш жай ғана теке тірес. Сөзбен ұғысарлық хәлден өтіп кеткелі қай заман?! Әлде мен, әлде ол жағадан ала түскен. ...Ары қарай түсінікті.

*****

Басымыз солқ-солқ, буынымыз былқ-сылқ. Айықтырғышта ояндық. Қай уақта, қалай келдік есімде жоқ. Есімді енді жиып жатырмын. Оның өзі шала-шарпы.

Бұл үшінші кезең еді. Жарты тәулік бұрын ғана қазақтың тағдыры үшін қайысып отырған көзі ашық, білімді, сабырлы азаматтар құлқынынан арғыға бас қатыруға шамасы келмес шошқаға айналыппыз. Қалта түгел қағылған. Нәжіс иісті жұтып, әлі қанша жатарымыз белгісіз. Жарты күн бұрын жарты патша едік, ендігі түріміз мынау, қайдағы бір қатардағы жауынгерге пенде болған. Өлген-тірілгеніне қарамай қызыл кеңірдек болған қос мақұлық өз орнымызды енді тауыппыз. Арақтың тілі ғой деп алдарқатам өзімді. Онсыз да қос үндемес түнде өз міндетін артығымен атқарған тіл мен жаққа демалыс берген. Бір-бірімізге ұрлана қарап қоямыз.

Ыңғайсыз-ақ еді. Көңіл көктен түскен. Жігі табылса жерге кірердей. Жан-дүнием алай-дүлей. Өзіме жаным ашиды. Тәкаппарлығынан айырылып қалған берекесіз досымды мүсіркеймін. Сүйекке таңба болар мына бір «аты жаман» жерден құтылудың жолын ойлаған болам. Алға тартар ақталарлық сылтау жоқ. Ол сазгерлігін, мен жазушылдығымды көлденең тартамыз ба? Сөзі мен әуенін өлтірмеу жолында қазақтың ертеңі үшін күресіп, бас қатырып жүрген жандар екенімізді айтамыз ба? Қай бетпен?! Кім сенеді?

Ол үшін де ұятты аттап өту керек қой. Бұл қиын енді. Кімнің шыдамы бұрын таусылады? Кімнің тілі алдымен шығады? Соған байланысты. Әзірге екеуміз де сыр берер емеспіз. Бір мәнісі болар деп үн-түн жоқ, жатырмыз.

«Ұқсаспыз!» – деп еді берекесізім. Дұрыс айтқан екен.

04.05.2011

Алматы, Шаңырақ-2.

Кешірім

–  Күнсұлу Сағымды кешіріпті!..

–  Кешіріпті? – Ызалана мырс еттім. – Неткен кешірімді жан бұл Күнсұлуың? Салдақы!

«Ештен кеш жақсы» дейді. Бірақ кешігудің де жөні болады ғой. Неге кешіреді? Он жылдан соң несіне кешіреді? Жаны ашымайтыны бесенеден белгілі болған. Табалау үшін? Саудасы біткен баяғы күйеуін келемеж қылу ма? Адам кейіптен ажыраған, тоз-тозы шыққан байының қиналғанына айызы қана қарап отыру үшін бе? Әлде... Түсінді ме екен? Нені? Кінәсін. Күнәсін. Ол енді мүмкін емес. Тіпті де. Солай ойлаудың өзі күлкілі. Қатесін түсінгіш болса соншама уақыт қайда қалыпты? Енді келіп...

Кешіріпті...

Бұрын таңданатынмын. Басым, ақылым жетпейтін. Ал, мынаусы шалқамнан түсірген. Алаңсыз сайранды салады келіп, салады келіп. Желігі басылып, зауығы тараған соң мейірімді.., тфуй, кішілік таныта қояды. Осыншама шу болардай, кешірімге зәру болардай жазығы бар ма еді? Кінәласуға тұрмайтын үй ішілік ұсақ-түйек кикілжің. Осындай еді деп ауызға алып, алға тартуға тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе. Жұрт солай айтады.

Сағым. Сорлы Сағым. Осынша дәрменсіз болармысың?! Төмен етекті ақылсыз қатын үшін асыл жаралған еркек басыңды көрге тығып. Адам түгіл бүкіл дүние танымастай өзгерер уақыттан соң да кешірдің-ау ұялмай. Намыссыз ез!

...Сап-сап. Оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Өз кейіпкерлерімді осынша жек көретіндей, жерден алып көрге салардай жөнім жоқ еді. Әйтсе де, алғаш естігендегі көңіл-күй... Солай дегем. Ашуланғам. Ақылға салып, салмақтап тұрарлық хәлде болмағанымды түсінуге тиіссіздер. Ешкімді аяғам жоқ.

Бірақ, мәселе мен ойлағаннан мүлде басқа болып шықты.

*****

Сағымды бала күнімнен білем. Менің ағамның досы. Көрші ауылдан. Үйіне де барғам. Бізге тіпті жиі келетін. Ұзын бойлы, иықты, ашаң жүзді сұлу жігіт. Мінезі, мінезі қандай еді! Елгезек, жұғымды, кішіпейіл... Кете береді. Менің балаң түсінігім берген баға емес, үлкендердің өзі солай дейтін. Талай естігем. Мақтауға сөз таппай отырғандай көрінетін. Әлбетте сыртынан ғой. Ал, ол барда... Ол келгенде үйдегі жағдай мәре-сәре мерекеге ұласатындай әсер ететін. Қырық жыл көрмеген туысың Қытайдан оралса дәл бұлай қуанбассың. Бала – мен түгіл, әке-шешеміз де қопаңдасып қалады. Еркін жүріп, еркін сөйлейтін жігіт атасының табалдырығын аттағандай ардың-гүрдің кіріп келе жататын жылулық арқалап.  Мойнына асыла кетем. Мен – баламын, ол – оныншыда оқитын түбіт иек бозбала. Сонда да еркелейтінмін.

Кейін оқу бітірген соң, елдің бәрін таңдандырып ауылындағы мектепке жұмысқа тұрды. Қатардағы мұғалімдік емес, үлкен, әлдеқайда үлкен болашақ күтетін жұрт аңтарылып қалған. Ал біз... Жалғыз шешесіне қарайлап қана келгенін ұққанбыз іштей. Көп ұзамай үйленді. Бұл кезде қалалық болып кеткен ағам бар, ауылдағы әке-шеше, іні-қарындас, үй ішіміз түгел барған. Менен басқасы. Тойына арнайы келіп шақырып кетсе де, бара алмадым. Алматыда едім. Мектептің атынан жарысқа қатысып. Кәдімгідей ренжіген. – «Жігіт болдың, мұндай жағдайды қалыс қалдырмауың керек қой», – деген. «Сені «қайнымды көрем» деп сарыла күткен жеңгең тіпті көрместей болып отыр», – дейді.

Жеңгемізді көп ұзамай көрдік те. Бұл кезде туған жеңгем бар. Яғни, ағамның әйелі. Солардың тойына келген.  Мен ойлағаннан да әдемі. Сұңғақ. Кітапта суреттелетін талдырмаштың нақ өзі. Қатар жүрсе Сағымға ғана жарасардай. Тойымызға келмеді деп, көрместей болып жүргені Сағымның жай ғана ойдан шығарғаны екенін білсем де, сырттай жақын тартып, іштей жақсы көріп жүргем. Бас алып құшағына баспаса да, «ааа, әлгі қайным осы екен ғой», – деп күле танысатындай көрінетін. Сағым арнайы шақырып таныстырғанда бетіме немкетті қарады да, қойды. Тым салқын екен. Және тәкаппар. Айналасына кесірлене, жеріне қарайтындай. Қылалық қыз деп еді, ауылдың ашық-шашық тойханасындағы абыр-сабырды бойына шақ көрмей тұрғаны байқалады. Бір қызығы, Сағым әйелінің жанында әлденеден қуыстанып, қысылатындай, әлденеге абыржитындай көрінді. Баяғы сарт-сұрт жүріс, ашық-жарқын мінездің елесі де қалмаған. Бойына үйлеспейтін кереғар мінез – биязылық бітіпті. Күле сөйлеп, кішілік танытып жатса да, баяғыдай іші-бауырыңа енбейді. Аңқылдақ қалпымен елжіретпейді. Алыстықты сезінгем. Сұп-суық сұлу жеңгем Сағымды тартып алыпты. Менен ғана емес, бәрімізден.

Тойдың соңын ала үйленген екі жасты ортаға алып, таңға дейін би болатын. Немесе, кілең жастар тойды бір үйде жалғастыратын. Оған көбіне күйеу жолдастың үйі таңдалады. Яғни, соның міндеті. Біз жақта сондай жазылмаған заң қалыптасқан. Оған да қарамады. Қал деп қанша қиылса да илікпепті. Жұмыстары бар. Сылтау екенін, амалсыздық екенін көріп тұр. Себебі... Белгілі. Үнсіз шығарып салдық. Не айтса да, сөзінің соңын әйеліне бір қарап, күмілжіп барып аяқтайтын Сағымды қоңылтақсып қалып едім. Иә, бұл басқа Сағым болатын.

Соңғы рет сонда көрдім. Хабар да алыспадық.  Әйтсе де, мүлде хабарсыз емеспін. Сағымның ауылдастарымен ұшыраспай тұрмайсың. Сағымды сұраймын. «Е, ол жүр ғой», – дейді. Қазір тракторист көрінеді. «Галстук тағып шікірейіп, жиырма мың жалақымен жарымай жүргенше, май болсам да бай болайын», – депті. Өзі айтқандай жағдайы да жаман емес. Даңғарадай үй салыпты. Жақында ұлды болыпты. Жөн екен десіп, сырттай тілектестік білдірдік те, қойдық. Біраз уақыттан соң, ұзынқұлақ ажырасыпты деп жүрді. Әркім әрқалай қабылдаған. Біреулер «анадай әйелден айырылып жүрген еркекте де ес бар ма», – деп, бас шайқап, бармақ тістеп таусылды. Бұлай деп, аңдамай сөйлеп қалып жүргендер көбіне еркектер жағы. «Әйелің жыландай ысқырынып тұрса көрер едім қалай сөйлегеніңді!» Бұл бұрқ еткен ашуын бір ауыз сөзбен төгіп салған шарт етпе келіншектердің ләмі. «Ее, есті-ақ бала еді, бір себебі болған да». Неге де болса сабырмен, жанашырлықпен қарайтын көпті көрген кемпір-шал лебізін осылай білдіріп жатты. Пыш-пыш, гу-гу... Ал, мен қуанғам. Дұрыс болған екен дедім. Дұрыс болған. Іштей ғана айтқам. Сыртқа шығарсам да ешкім таңданбас еді. Керек десеңіз себебін де сұрамас еді. Себебі, себебін бәрі білетін.

«Сағым ажырасыптыдан» екі жыл өткенде біз де мектеп бітірдік. Қаңқуға қарағанда әлгі сағым ішетін болыпты. Басы бостан, енді баяғы қалыбын табар, жарқылдап жиі келір тұрар деп күткенмен төбе көрсете қоймап еді, – рас шығар дестік. Ол келмеді деп ренжісек, өзіміз баруға болатын еді ғой. Сағымды іздеп. Бірақ... Не деп барасың? Құтты болсын айтарлықтай...

Үй ішімізбен дастарқан басында жиі сөз қылатынбыз.

–  Сол келін бір көргеннен-ақ ұнамап еді, бір түрлі... – деп бастап келе жатады шешеміз.

–  Тәйт әрі! Өсегіңді бала-шағамен емес, өзіңнің көк езу қатындарыңмен отырғанда бықсыт, – деп тыйып тастайды әкеміз. Бірақ, көп өтпей: – Жап-жақсы бала еді, обал болды әкең... – дейді шайын күйіне ұрттап.

–  Кеше мына Нұргүл қызының үйіне барған екен, сол айтып келді, Сағымың даже тоқтамай ішетін болыпты деп...

Кейін ұмыттық. Сағымды мүлдем естен шығармасақ та, өз қызығымыз бен қиыншылығымыз «басқа жұрт қалай екен?» деуге мұрша бермей кеткендей еді. Ақыры жолым түсті. Алғашқы курсты тәмамдап, жазғы демалыста ауылға тарқам. Қол бос, қарап жатпай көрші ауылға тартқам. Арнайы Сағым үшін. Көзіммен көріп қайтпақпын.

Есікті баяғы сұлу жеңгем ашты. Аң-таңмын. «Қайтадан қосылған екен ғой», – дейді шашыраңқы ойым.

–  Сағым тұрмайды бұл үйде. – Түк ұқсам бұйырмасын.

–  Қалай сонда? Сіз... Бұл Сағымның үйі емес пе?

–  Бұл менің үйім!

–  Сонда... Сағым қайда?

–  Мен қайдан білем? Жатқан шығар бір бұрышта.

Күмілдіп тұрып қайда тұратынын сұрадым.

–  Білмейм!

Зірк еткен дауыспен сарт еткен дыбыс қатар шықты. «Майға малшынып жүріп салған үйін қатынына берген екен ғой», – деймін көз алдымда екпіндей жабылған есіке қарап тұрып.

Сұрай-сұрай Меккеге де... Садағы кеткір Сағымның үйіне де жеттім. Ауылдың ортасы болса да, келмеске кеткен кеңестен қалған үңірейген қос бөлмелі қоржын там елсізде қалғандай үрейлендіреді. Шүйкедей қара кемпір қарсы алды. Әрең таныдым. Қолынан дәм татып ем-ау бір кезде. Етті-жеңді, ақ борықтай салиқалы кісі еді. Адам өстіп те тозғындайды екен, көзің сенбейді. Жөнімді білген соң, кемсеңдеп келіп бетімнен сүйді.

–  Е, жарығым-ай, Сағымды іздей қоярдай бұл кім десем, өзіміздің... Кел айналайын, төрлет.

Сырты сұрқиядай сұрықсыз үйдің іші жинақы көрінді. Баяғы мөлдіреп тұрған мүлкі болмаса да, жоқтан бар қылып, барынша ұқсатып баққаны байқалады.  Екі бөлмелі қоржын үйдің  төргісі жатын үй болса керек, кірмедік. Ас үй ғана емес басқа шаруаларға да ыңғайланып жабдықталған кіре беріс оймақтай бөлмеге тізе бүктік. Қақ ортаға дөңгелек стол қойылыпты. Малдас құрып отырып ас ішетін қазақы дастарқан. Сол жақ қабырғаға төрге тірей қойылған ескі, шиқылдақ, торлы темір кереует. Және ыдыс-аяқ салуға арналған сыры көшкен шкафтың бетіне ақ мата жабылыпты. Оң жақта киім ілгіш міндетін атқаратын көлденеңінен ұзыншақ ағашқа жартылай қағылған шегелер тізіліпті. Ол да көлемді ақ матамен жабылыпты. Тек жиектей қызыл жіппен көмкерілген және ортасына шеңберлей кестеленген оюға ұқсас тігісі бар. Кіре берісте дөңгелек темір пеш. «Мұндай пештер жылуды ұзақ сақтай алмаушы еді, қыста қайтіп жүр екен». Еденге жеткен жеріне дейін көк-сұр палас, ары қарай жұлмалана тозған алаша төселіпті. Төрге көрпе тастады да, мені жайғастырды.

Аһілеп-үһілеп жүріп дастарқан жайды. Жайнатып жібермесе де бір қонақты абыроймен шығарып саларлық. Неткен көнбіс адам. Өлтірмей жүрген де «жалғызым қайта түзелер» деген үміт қой. Тамағымнан түйір өтер емес, әйтсе де, азап-мехнаттан өзге татпаған Шүйке кемпірдің көңілі үшін қаужаңдаған болам. Анау-мынауды әңгіме қылған болып, шүңкілдесіп біраз отырдық. Сағымды сұрадым.

– ...Кеш батқанша күтсең, келіп қалар. Жүрген шығар бір жерде. Өзің де хабардар сияқтысың. Үуһ! – Кемсеңдеп кетті. – Алғашында көшеде ұйықтап жатқан жерінен көзкөрген ағайын жанашырлық танытып, үйге әкеп тастайтын. Мен де намысқа бағып, іздеп тауып алатынмын. Кейін бәрінің көзі үйреніп алды. Көшеде жатса аттап, жолында тұрса айналып өтеді. Зіңгіттей немені көтеруге шамам да жоқ, өлмесе келер деп отырмыз міне. Алыс-жақынға таба қылып қарашы... Әйтпесе, қандай еді жарығым. Әйелім сөйтті деп... Ееһ, сорлым-ай...

Анық-қанығын да осы кісіден естідім. Сағымды бір көріп кетуге бел буғам. Ол келгенше...

–  Келін түсіргенде мәз болып ем. Қуанышты емес, қаралы күн екенін қайдан білейін.

Сөзіне қарағанда, жалғызы үй болып, төбесі көкке жеткендей желпінген ана барын салып той жасапты. Той өтеді. Келіні кесірлігін көрсете қоймаса да, кербездігі жан жеткісіз. Түске дейін ұйықтайды, – ләм демепті. Жаңа отасқан жастар, еркін болсын дегені. Уақыт өте ес жияр деген үміт. Бірақ... Бір ай өтеді – өзгеріс жоқ. Екі ай өтеді – баяғыдай. Жарты жыл – қашан қараса да көретіні әйелінің асты-үстіне түсіп, зыр қағып жүрген Сағым. Өз-өзінен шаршап, айналасына саз беттене қарайтын, сыздана сөйлейтін Күнсұлу. Ұлым ғана емес, мен де қабағына қараймын. Тіпті, іштей ығып тұратындаймын. Мұндай өктемдікке қашан, қалай жетіп жүр, әлі басым жетпейді. Әне-міне түсінер, жөнге келер деген есек дәмемен жыл өтеді. Емірене иіскеп, алдына алып әлдилеп отыратын немереден хабар жоқ. Жанға бата бастағаны да осы болатын.

Шыдамның да шегі бар. Бірде екеуін отырғызып қойып ақылын айтқан. Тым әріден, өзі келін болып түскен күндерден бастаған. «Біз де жас болғанбыз. Өйтетінбіз... Сөйтетінбіз... Содан жаман болған жеріміз кәні. Елдің сөзі оңай емес айналайындар. Өсегіне бір ілінсең құрығаның. Келін емес, кесір деп қабылдайды. Етек-жеңдеріңді жинаңдар, жетеді осы жатқандарың да».

Ұзақ сөйлеген. Екеуі де үнсіз тыңдады. Ұлы төмен тұқыра береді. Келінінде өзгеріс жоқ. Кіржиіп отыр. Тіпті, бір-екі мәрте ыңырси есінеп те алды. Айылын жиса неғыл дейсің.

–  М... даа, – деді сосын жайбарақат. – Мам, это уже давно, сіздер келін болған. Ол баяғыда ғой. Қазір олай емес. Жұмысым жоқ, ұйықтамаған да не істейм? Қалада тұрайық десем, Сағым көнбеді.

Айтар сөз жоқ екен. Қалмапты. Бұрын да бірдеңе деуге беті ашылып кетер, өзі түсінсін деуші еді. Бекер екен. Ұлына қараған. Бірдеңе дей ме деген ой. Басын салбыратып алып, сол отырысынан танбайды. Шүйке кемпірдің жүрегі суып кетіп еді. Күдерін үзген. Ұл өсірсем, келін жұмсасам деген арманның быт-шыты шыққан. Бір-ақ сәтте ғайыпқа тайып кеткен үміт-арманның күйігі:

– Ауылды қиынсынып жүрсеңдер, қалаға барыңдар. Өздеріңмен өздерің. Ел іші ғой, бір жаман кемпірді өлтіре қоймас, – дегізген.

–  Сағым көнбейді. Мен айтқам.

–  Балам, – деген жай ғана. – Келін дұрыс айтады. Жөндеріңді табыңдар...

–  Жоқ, мама. Ешқайда кетпейміз сені тастап. – Соны ғана айтты. Кесіп айтқан жоқ. Күнсұлу жаққа жаутаңға жуық қарай отырып, үзіп-үзіп, күмілжіп айтты.

*****

Содан кейін-ақ оңбадық, – дейді Шүйке кемпір. – Балам мектептен шығып, трактор сатып алды. Табысты жаман таппайтын. Үйдегі азғантай малды сатып, өз жиғаны тағы бар, жаңа үй салды. Өзің де барыпсың ғой, сол үй. Обалы қане, шаруаға мығым-ақ болатын.

Үйленген соң үшінші жылдың жүзі ауа немерелі болдым. Баяғы – баяғы ма, жатқанның көкесін енді көрдік. Балаға салқын. Сағым екеуміз қараймыз. Түнде жылайды, жұбататын сол, еркек басымен. Жаялығын жуып-тазартатын мен. Бұл кезде келін жұмсау дегеннің адыра қалғанын мойындағам. Керісінше. Бүйте салыңыз, сүйте салыңыз. Өктем. Сырым үшін, – немеремнің аты, – істеймін бәрін. Емізу үшін, онда да емшегі сыздағанда ғана қолына алады. Десе де, бақытты екем. Бақытты болатынмын. Шаршаған-шалдыққанмен кейіс, ренішім сол жаманды бір иіскегеннен-ақ ұмыт болатын. ...Енді ол да жоқ, қарыс жерде отырып қол жетпей...

...Бұл кезде ешқандай шаруаға араласпайтын болғам. Өздері білсін дедім. Тізгін қолына біржола тиген соң, келініме жан бітейін деді. Бұрын білмей жүріппіз, пысықтың нағыз өзі болып шықты. Магазинде бәрі бар, сатып ала саламыз деп, шайқатық етіп отырған жаңғыз сиырды соғымға жығып салдық. Басқа мал баяғы үй салғанда көзден бұл-бұл ұшқан. Мейілдерің дедім. Артық мехнаттан мен де құтылып көрейін. Дүкеннің сүті мен майы таңдайыма жұқпаса да, шыдап бақтым. Жұрттың кемпірі келін жұмсаушы еді, мені келінім жұмсайды. Оған да көндім. Кейде шақылдап жағамнан алғандай болушы еді-ау. Соның ақылымен үйден шағын дүкен аштық. Көрген де шығарсың, дарбазамен қатарласа салынған ысклад сол.

Бір күні келінім үйде жоқта Сәлима кемпір келіпті, көрші біздің. Қарызға бірдеңе алмақ. Бұрын соңды араласпасам да, пысықтығым ұстап сұрағанын бердім. Еріп келген кішкентайына да тәтті-пәтті ұстатқам. Келін келе шу шығарсын. «Өзің тауып жатпаған соң нең бар қақпас, – дей ме-ау, – өзің тауып жатпаған соң отырмайсың ба  тыныш. Не өлмедің, не қоймадың...» Естімей жүрген сөзім емес, үнсіз жеңіп үйренгем. Сол сәтте үстінен түскен. Кіре берісте бәрін естіп тұрыпты. Түрі өрт сөндіргендей. Шабынып тұрған әйелін жақтан осып жіберді. «Тәубе, – дегем іштей. – Ұлыма ес кіріпті, намысы бар екен». Қателесіппін. Сол күнге тәубе емес, лағынет айтуым керек екен. Бітпейтін шу басталды да кетті.

–  О, жаман неме! Түріңе қарамай сен де мынаны, – көгере тұрып иегімен мені нұсқаған, – мына қақпасты – қолын сілтей көрсетті, – қорғай қалыпсың ғой. Көрсетейін сендерге. Осы шыдағаным да жетер, көзіңе көк шыбын үймелетем.

Жаңа түскенде қазақтың сөзінің өзін бұзып айтатын қыз еді, кейіндеп мақалдатып тұрып сөйлегенде аузы-аузына жұқпайтын болған. Байынан таяқ жеген қатын асса «кетеммен» қорқытушы еді. Оның өзін жаман қатын деп мысқылдайтынбыз. Ал мынау... Мықты қатын боп шықты. Кеткен қайда, өзімізді қуып шықты. Бәленің бәрін оқып туған ба, соттастық, – заң соның жағында, – жеңіп шықты. Кейін естідім, соттағыларға ақша берген көрінеді.

Біз де бұлай сорлы кепке түспей, бірдеңеге қол жеткізер ме едік, Сағымым бас тартты. Бәрінен. Үйден де, басқадан да. Қайта қосылармыз деп үміттенгені екен ғой. Бастапқыда ашумен қол көтерсе де, артынан өлердей жалынды. Аяғына жығылуға бар еді. Сүйеді екен ғой байғұс. Анау илікпеді. Діні қатты екен.

Осы үйге көштік соқа басымыз сопиып. Тигені бірен-саран мүлік пен көк трәктір. Қанша сағы сынса да ел қатарлы тірлік кешіп жатқан. Бірақ, баяғы екпін жоқ. Екі күннің бірінде көшкен жұртына барады да тұрады. Ұлын көргісі келеді де. «Көрсетпейді екен», – деп пыш-пыштайды осы жұрт. Өзі тіс жарған емес. Шыдау қайда, мен де барғам. Есігінен аттатпады.

–  Ана сүмелек балаң екеуің бұларыңды қоймасаңдар, сотқа берем!

Сотқа береді. Аузым әбден күйген, тұра қаштым. Сыртымыздан ел-жұрттың не дейтінін жақсы білем, өлмеген соң көнеді екенсің.  Дей берсін, ел не  демейді... – деп жұбанам ғой әлгі... Әлгі келін... түһ, Күнсұлу сайқал айтады дейді, «Сағымды түрмеде шірітуіме болатын еді, шешесін аядым», – деп. Әй, тәйір-ай. Кең пейілділік танытқандағысы.

Сорлы балам күн өткен сайын мүжіліп бар жатты көз алдымда. Сөйлемейді. Күлмейді. Күрсіне береді. Уақыт өте келе сейілер деген үміт үзіле бастаған. Не істесе де сүйегіне ілініп зорға тұрғандай салбырайды да жүреді. Бір жылдан аса осылай жүрді де, бір күні ішіп келді. Удай мас. Еңк-еңк жылап жүр.

–  Мама, менің не көріп келгенімді білесің бе? – деп құшақтай алған мені.

Мас қой деп, мас не айтпайды деп тұрсам да себебін сұрадым.

–  Сұмдық... Мен өлдім, мама. Түсінесің бе, тірі өлікпін енді. У-у-у... сорлы мама...

Осынша жылай алады екен-ау адам да. Көз жасы тарамданып иегіне төмен тамшылап жатыр. Ақыры, екі қолын жайып, дәрмені біткендей есік жақтауымен сырғанап босағаға сүйеніп отыра кетті. Мелшиіп біраз отырды. Сыртқары дүниеден байланысын үзгендей. Шыр-пыр боп айналып жүрген мені көрмейтін де, естімейтін де сияқты.

–  Мама, – деп күбір етті әлден уақытта. Даусында діріл жоқ еді. – Мен... Ол... Ал, ол... Кешір мама. Айта алмаймын. Кешір...

Жасаураған қып-қызыл көзі... Бетіме қараған. Аянышты еді. Көз алдымнан сол түрі кетпейді әлі күнге.

...Содан түзелмеді. Өзі айтқандай тірі ө... Ееһ. – Жылап отыр екен тағы да. – Әлі ішіп жүр. Бес жыл болды. Сорлым-ай.

Егер, басыңа түсіп, осындай ауыр сәттің куәсі бола қалсаң... Құдай сақтасын. Ешкімнің басына тілемейтін жағдай. Артық азап жоқ шығар. Жұбату керек қой. Не айтам, қандай сөз табам кейуанаға жұбаныш боларлық? Тірі өлік ұл мен бір уыс бейбақ кемпір. Төрінен көрі жуық. Екеуінің де. Бір кезде төрде отырған. Өз көзіммен көргем. Енді міне...

Төр мен көрдің арасы тым тиіп тұрады екен-ау. Төр мен көр...

–  Баламнан, Сағымның сау кезінен қалған естелік осы-ақ, – деді мені шығарып салуға сыртқа шыққанда, қаңқасы ғана қалған тозған көк темірді нұсқап. – Келіп тұр дер едім, мынадай молаға қай бетіммен шақырам. Аман бол, айналайын. Мендей бақытсыз шешең мен сормаңдай ағаңды еске ала жүрсең болғаны. Қанша жүрерміз дейсің біз де, аз ғана... Аз қалды балам...

Оставить комментарий

Связанные Статьи