Алмазбек Атамбаев президенттік сайлаудың кез келген нәтижесін қабылдап, бейбіт түрде билікті беретінін мәлімдеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Knews.kg-ге сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні Есік көлі аумағында Атамбаевтың жылда ұйымдастырылатын пресс-конференциясы өтіп жатыр. Оған 70 шақты республикалық, аудандық журналистер және халықаралық БАҚ өкілдері, саясаткерлер, сарапшылар қатысып жатыр.
Дәстүрлі жазғы пресс-конференция Атамбаевтың билік басында болған 6 жыл уақытын қорытындылау іспетті. 1 желтоқсанда оның президенттік уәкілеттілігі тоқтайды. Ал 15 қазанда кезекті президенттік сайлау өтеді. Конституцияға сай, қазіргі президент оған қатыса алмайды.
«Мен президент ретінде соңғы пресс-конференциямды өткізіп жатырмын. Екі жарым айдан кейін халық жаңа президентті таңдайды. Барлығын жасап үлгермегенім өкінішті, алайда әлі де үлгеремін деп үміттенемін» деді Атамбаев.
Ол кез келген президенттік қорытындыны қабылдауға әзір екенін де атап өтті.
«Сайлаудың нәтижесі қандай болса да оны қабылдау керек. Есептеу әділ түрде жүргізілетініне және билікті бейбіт түрде табыс ететініме кепілдік беремін» деді Қырғызстан президенті.
Президент сайлауының қорытындысы үшін уайымдайтынын да жеткізді.
«Қазір президенттікке үміткерлер жақында ғана елде бірінші және екінші сортты адамдар бар екенін мәлімдеген. Біздің халық өте сенгіш және кешірімді. Алайда саясаткерлерге кешіруге болмайтын жағдайлар болады. Ешқандай бір күндік мәртебе елдегі жағдайдың ушығуын ақтай алмайды» деді ол.
Оставить комментарий