Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысында «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, сол тектестер және прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қ.Қасымов өз сөзінде Қазақстан да өзге елдер сияқты синтетикадан жасалған жаңа психобелсенді заттардың таралу қаупімен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Бұл заттардың нарығы олардың жаңа түрлерімен тез толығуда. Сондықтан оған уақытылы шара қолдану, соның ішінде елде оның барлық түріне тыйым салу, заңсыз айналымнан алынған «қылмыстық салмақтың» мөлшерін бекіту қажеттігі туындайды.
–Алайда, мұндай тыйым салу механизмін енгізу – айтарлықтай ұзақ процесс. Тыйым салынған есірткі құралдары мен психотроптық заттардың Ұлттық Тізімі заңмен бекітіледі, оған түзетулер енгізу біраз уақытты қажет етеді. Бұл жаңа психобелсенді заттардың таралу қаупін күшейтеді, – деді министр.
Халықаралық тәжірибені зерттеп, еліміздің Конституциялық кеңес қорытындысын алғаннан кейін, Үкіметтің қаулысымен тыйым салынған есірткі құралдарының Ұлттық Тізімін бекіту қажеттігі туралы шешімге келді, бұл өз кезегінде нарықта пайда болған психобелсенді заттардың жаңа түрлерімен жедел күрес жүргізуге мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрі Қылмыстық кодекс пен «Есірткі құралдары туралы» Заң жобаларына енгізілетін келесідей түзетулерді атап өтті:
• Ұлттық Тізімді бекіту бойынша Үкіметтің тікелей құзыретін айқындау. Есірткі құралдары тізімі мен оларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерлерге жатқызу жөніндегі Құрама кестені Үкімет бекітеді.
• Есірткінің Ұлттық тізімі мен Құрама кестесі айтарлықтай қауіпті 88 психобелсенді заттармен толықтырылады. Бұл Еуразиялық экономикалық одағы елдері және БҰҰ есірткіні қадағалау жөніндегі халықаралық комитетінің бақылауындағы барлық синтетикалық есірткілер тізімін қамтуға мүмкіндік береді.
• Есірткінің баламасы және сутек атомдарын алмастырушы сияқты жаңа түсініктер де тізімге кіргізіледі. Бұл психобелсенді заттарды есірткінің баламасына енгізудің нақты механизмін бекітіп, баламаларға клиникалық зерттеулер жүргізу қажеттігін жояды.
• «Есірткі құралдары туралы…» Заң есірткінің, соның ішінде оның жаңа түрлерін бақылауға қоюдың негізі мен тәртібін айқындайтын нақты нормалармен толықтырылады.
• Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тыйым салынған заттан «криминалдық салмақ» немесе «бағалау мөлшерін» бекіту қажет. Қолданыстағы Құрама кестеде есірткінің 275 түрі бар, соның 86-сы бағалау мөлшерімен шектелген. Заң жобасы аталған 275 түрі мен енгізілетін жаңа 88 психобелсенді заттардың негізгі түрі көрсеткіштерін бекітуді қарастырады.