Петропавлда Бәйкен Әшімовке ескерткіш ашылды

/uploads/thumbnail/20170804163029525_small.jpg

Петропавлдағы   мәдениет және демалыс саябағында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы  Бәйкен Әшімовтің ескерткіш-мүсінінің ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Бұл  шара Бәйкен Әшімұлының туғанына 100 жыл толуына орай  ұйымдастырылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш шараға  қоғам қайраткерлері,  шығармашыл зиялы қауым,  ардагерлер, мерейтой иесінің туысқандары, сол сияқты жергілікті университет пен колледждердің студенттері қатысты.  Жиналғандарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады. Өңір басшысы ұлы тұлғалардың  есімін ұлықтау, тарихи-мәдени нысандар ашу, ескерткіштер орнату -  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі екендігін атап айтты.

«Бағдарламаны жүзеге асыру біздің мемлекетіміздің, халқымыздың тарихын тануға,  ел тарихында ешкімге ұқсамайтын Бәйкен Әшімов сияқты кемел тұлғалардың  ғаламат рөлін сезінуге жол ашады. Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін  «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» \медалімен, Польшаны азат еткені үшін орденмен марапатталды. Партиялық кеңес жұмысында ол өзін дана ұйымдастырушы және саясаткер  ретінде ,көрсете білді. Әрине, ол Министрлер кабинетінің төрағасы  лауазымында Қазақ  КСР-інің дамуына  баға жетпес үлес қосты. Мемлекет басшысы Бәйкен Әшімовті «Отан» орденімен  марапаттай отырып, Бәйкен Әшімұлының өмірі Ұлы Отанымызға қалтқысыз қызмет етудің және қажырлылықтың  жарқын үлгісі екендігін атап айтқан болатын. Бәйкен Әшімовтің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның өмірі өскелең ұрпақ үшін үлгі болатындығына сенмдімін»,- деді  Құмар Ақсақалов.

 Даңқты жерлесіміздің  мерейтойына орай  Солтүстік Қазақстан облысында  жастардың, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктер өкілдернің қатысуымен  бірқатар шаралар өтетіндігін атап айту керек.  Соған орай қыркүйек айында облыс орталығында  Бәйкен Әшіміовтің 100 жылдығына байланысты  өңірлік жастар форумын өткізу жоспарланған.

Сол сияқты салтанатты шара барысында  Бәкен Әшімовтің ұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов сөйледі.

«Бүгін біздің отбасымыз үшін  елеулі оқиға  болды, біздің әкемізге Петропавл қаласында ескерткіш орнатылуы мәңгі есімізде қалады. Бұған дейін Алматы қаласында бір көшеге, Қарағандыда жаңа шағынауданға  әкеміздің есімі берілген болатын. Ескерткіштің ашылуы  ерекше  оқиға. Облыс пен қала басшылығына осындай қомақты шараны жүзеге асырғаны үшін зор алғысымды білдіремі. Осы жобаны жүзеге асырған мүсінші Қазбек Сатыбалдыға да айтар алғысым шексіз»,- деді Оңдасын Әшімов.

Салтанатты рәсім барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, сол сияқты еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов пен Алик  Дядин Бәйкен Әшімов туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Ескерткішті құрметті ашу құқығы  өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімовке берілді.

 Салтанатты шараның соңында Петропавл қаласының тұрғындары Бәйкен Әшімовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи