«Қарындастың көз жасы да қадірсіз...»

/uploads/thumbnail/20170809154904221_small.jpg

Су-су болып,

Жаңбыр кешіп, малмаңдай,

Мен әлі де көретұғын таң бардай,

Жеттім, міне,

Сеңгір кешіп, сел кешіп,

Мені әлі де түсінетін жан бардай. 

 

Сіз тұрдыңыз,

Орныңыздан сәл ғана,

Жеңіл ғана сәлемдесіп содан соң,

Кескін көрдім көз қадаған таңғала,

Әлсіз берген сәлемімді алған соң.

 

Ал, мен болсам асықпаймын, баяғы,

Суық Таудан, суық жақтан оралғам.

Мендік мұңның басы да жоқ, аяғы,

Шенділерге шер төгуден арланған.

 

Аласамын!

Биік менің не теңім,

Менің сөзім балапанның былдыры.

Бабалардың арманының өтеуін,

Сыйдырғандай жүрегіңіз жып-жылы.

 

Сөз еттіңіз құдіретін Өлеңнің,

Одан асқан жауап жоғын сұраққа.

Өзегіне біткен гүлдей өнердің,

Тікенекті көрмедіңіз бірақ та.

 

Кенде емес ем қасиетке өз басым,

Ақын емес едім және тағдырсыз.

Жыласа да, көрсетпейтін көз жасын,

Қарындастың көз жасы да қадірсіз...

 

Қоғам мені қоспайтынын қатарға,

Ұғып шықтым Құдай тұтқан сізден де,

Еңбек ету неткен арман Отанға,

Масыл біткен басып қалған кезеңде.

 

Сіз мақтаған ол өлеңнің құны жоқ,

Сол кеселден құтылатын түрім жоқ,

Жаным – жара,

Қаным – нала,

Ағажан,

Аспаным – От,

Ақордам – Ақ,

Туым – Көк!

 

Мәңгі аялап өтсем деп ем Туымды,

Болса деп ем

Мәртебелі

Мәңгі ел,

Кім қашырған қадірімді,

Құнымды,

Кім жасырған

Бұлт астына күнімді?!

 

...Кім естиді шырқыраған

Үнімді?!

Ақсұңқар АҚЫНБАБАҚЫЗЫ

Связанные Статьи