ҚР әскери прокуратурасы шекарадан заңсыз өтпек болғандар мен шекарашылардың арасында болған жағдай туралы жаңа деректер айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратураның берген мәліметіне сай, 2017 жылдың 12 тамызында сағат 19.56-да «Жасөркен» шекара бекетінде 2035 әскери бөлімшесінде 2 сарбаз (П.А.Ергеш пен А.Г.Бөрібай) Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы бөгетті белгісіз 20 адам Қырғызстаннан жылқыларды кіргізу мақсатында бұзғанын байқаған.
Шекарашы Ергеш «Тоқта!» деп айқайлағаннан кейін, белгісіз адамдар шекарашыларды таспен ата бастаған.
Осыдан кейін Ергеш АК-74 қаруымен ескерту ретінде бір рет ауаға атқан. Алайда шекарадан заңсыз өтпек болғандар шекарашыларды таспен атуын тоқтатпаған. Соның нәтижесінде екі сарбаз басынан жарақат алған. Осыған байланысты, Ергеш 2 мәрте тас атушыларға қарата оқ атты. Оның бірі – заң бұзушылардың басына тиген. Ол – Е.Д.Әміртаев есімді Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының тұрғыны екені анықталды.
Прокуратура өкілдері болған жағдайды толық тексеру үшін әскери қызметкерлер мен шекарадан заңсыз өтпек болғандарға қатысты сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Шекарашыларға қатысты заңсыз әрекетке барғандарға қатысты ҚР ҚК 380 бабы 2 бөлімі бойынша іс қозғалды. Қару қолданған шекара қызметкерлеріне де ҚР ҚК 451 бабы 2 пункті 1 бөлімі бойынша іс қозғалды.