Атырау облысының әкімі облыс активіне Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысын таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен бұл лауазымға Елеусізов Айқын Қылышұлы тағайындалды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елеусізов Айқын Қылышұлы 28 қаңтар 1986 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары, Қазақ гуманитарлық заң университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп, Қазақ қатынас жолдары университетінен экономика ғылымдарының магистрі атағын алған.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Астана қаласы бойынша қазынашылық департаментінде мемлекеттік органдармен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.
2009-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және транзиттік саясат департаменті транзиттік саясат басқармасында бас сарапшы, 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Экономикалық интеграция департаменті көлік және инфрақұрылым басқармасының басшысы, 2016 жылдың қазан айынан бері Атырау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Атырау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып Құспан Роллан Қабылұлы тағайындалды.
Құспан Роллан Қабылұлы 16 қыркүйек 1987 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін есеп және аудит бакалавры, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті құқық бакалавры мамандығы бойынша аяқтап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінен аймақтану магистрі атағын алған.
Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақстан жастарының Конгресі» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінде есепші қызметінен бастаған.
2010-2012 жылдары «Қазақстан жастарының Конгресі» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі директорының орынбасары, 2013-2014 жылдары осы бірлестіктің атқарушы директоры, 2014-2015 жылдары «ЖасОтан» жастар қанатының Республикалық қоры» Корпоративтік қоры директорының орынбасары, 2016 жылдың қыркүйегінен бері Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы қызметін атқарды.