Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақты экспозиция ашылады

/uploads/thumbnail/20170822164454412_small.jpg

Қазақстан Республикасының Президенты Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында  Алматы музейінде «Қолжетімді музей» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған тұрақты экспозиция ашылады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық категориясы үшін қолжетімділігі бойынша қызметтер ұсынылады: музей қорынан тактильді экспонаттар, аудиогидтер, тифлокомментарий, Брайль шрифтімен жолсеріктер, археологиялық артефактілердің рельефті суреттері, залдардың тактильді мнемосызбалары, сурдоаудармамен экскурсиялар және т.б.

Бүгінде Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 47 мыңды құрайды. Олардың барлығы музейде болмаған, тіпті кейбіреуі мәдени орындарға барғанда оларға көрсетілетін жеңілдіктер туралы білмейді. 2015 жылы Қазақстан Республикасында ратификацияланған мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына сәйкес «мемлекет-қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени өмірге басқалармен тең құқығын мойындайды және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімді форматта театр, музей, кинотеатр, кітапхана секілді мәдени орындарда мәдениет туындысына қолжетімділігін, сондай-ақ ұлттық, мәдени құндылығы бар ескерткіштер мен нысандарға барынша жоғары қолжетімділікке ие болуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды».

Айта кетейік, «Қолжетімді музей» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған тұрақты экспозицияның ашылу салтанаты 23 тамызда сағат 11.00-де өтеді. 

Оған Алматы қаласының әкімі Б. Байбек, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі бойынша әкім кеңесшісі В. Алаев, «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер Ассоциациясы» Қоғамдық Қорының төрайымы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Л. Қалтаева, Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымы Одағының төрағасы А. Аманбаев, «Аржан» Қоғамдық Қорының директоры К. Омарова және т.б. қатысады.

Қолжетімді музей – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді музейлік ортамен қамтамасыз етіп, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамның психологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздейтін әлеуметтік-мәдени жоба.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың басқалармен қатар өмір сүруге, жұмыс істеуге, яғни қоғам өміріне араласуға мүмкіндігі болуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркінен тыс кез-келген аластату, оқшаулау секілді жағдайлар оларға қатысты жасалған кемсіту болып есептеледі.

Әлемдік музейлер тәжірибесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай жобалар кеңінен қолданылады. Мысалы:

-  Франциядағы Лувр музейінде арнайы тактильді галереяда музей қорынан мүсіндердің миниатюралық көшірмелері жиналған тұрақты жұмыс істейтін экспозиция бар;

-  Нью-Йорк қаласындағы замануи өнер музейінде зағип және көзі нашар көретін жандарға арнайы қолғаппен мүсіндерді «зерттеуге» рұқсат етілген;

-   «Гараж» музейі (Мәскеу) зағип жандар үшін тактильді экскурсияларды тұрақты түрде өткізіп отырады, сондай-ақ есту қабілеті шектеулі жандар үшін орыс тілінде сурдоаудармамен экскурсия өткізеді.

Ал, отандық тарихи музейлер арасында Алматы музейі ғимараты мен экспозициясын мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық категориясы үшін бейімдеген алғашқы музей болып отыр.

Связанные Статьи