Қазақстан Республикасының Мемлекетттік хатшысы Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында қаланың бірқатар мәдени нысандарында болды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Гүлшара Әбдіхалықова 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, сонымен қатар Алматы Мұражайының экспозицияларымен танысты.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Алматы әкімімен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылдың мамыр айында Қарағайлы скверінде ашаршылық жылдарының құрбандарына орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қола мен граниттен құйылған төрт метрлік монумент баласын кеудесіне қысқан ана скульптурасын бейнелейді.
Гүлшара Әбдіхалықова қаланың 1000 жылдығы мерекесі аясында ашылған Алматы Мұражайының экспозицияларымен танысты. Мұражай мегаполистің ірі ғылыми және мәдени орталығы болып табылады, мұнда өңірдің тарихи-мәдени мұрасының барлық спектрі көрініс тапқан. Мұражай коллекциясы 40 мыңға жуық экспонаттардан тұрады, олардың арасында көркемөнер шығармалары, қазақ этнографиясының құнды жиынтығы, түрлі дәуірдегі тұрмыстық заттар коллекциясы, нумизматика және басқалары бар.
ҚР Мемлекеттік хатшысы дәл осы күні «Қала күні» мен «Астана ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне орайластырылған халықаралық «Алматы Кок-Тобе Оpera – 2017» фестиваліне қатысады. Фестиваль сахнасында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қазақстандық үздік солистер мен әлемдік опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді.
Бұлардан өзге, Гүлшара Әбдіхалықова жаңартылған «Сұлушаш» панносының ашылуына қатысады. Суретші Молдахмет Кенбаев пен монументалист Николай Цивчинский жасаған қолына ұлттық зергерлік бұйымдарды таққан қыз бейнесі 70-ші жылдары Достық даңғылының бойындағы бір үйдің қабырғасына қойылған болатын. Суретшінің ұлы Алпамыс Кенбаевтың арқасында Алматы қаласыны әкімдігінің қолдауымен панно смальтадан қайта жасалып, Алматының ең көрікті жері – Көктөбеге қойылды.