«Ата Заң – еліміздің тұрақтылығының негізі» атты дөңгелек үстел өтті

/uploads/thumbnail/20170831094412376_small.jpg

2017 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің кіші мәжіліс залында Конституция күніне орайластырылған «Ата Заң – еліміздің тұрақтылығының негізі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға елімізге белгілі заңгерлер, тарихшылар мен өзге де зиялы қауым өкілдері және музей қызметкерлері қатысты. Жиында сөз алған ҚР Ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Озғанбаев Өмірзақ: «Біз Конституциямызды заман талабына сай шынықтыруға күш салдық. Бірақ ол өзгертулердің негізінде бастапқы Конституциямыз тұрды. Себебі барлық заңның негізі – Ата заң болып табылады. Еліміздегі қабылданатын кез келген құқықтық құжат Конституциямыздың негізінде болады. Егер Конституцияға қарсы қандай да бір тұстары болатын болса, ондай заңның күші жоқ деп есептелінеді», – деп Конституцияның маңыздылығына тоқталып өтті.  

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстан Республикасының Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой пікірлерді ортаға салу.

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз егеменді мемлекеттің бірінші Конституциясын қабылдады. Яғни, халыққа қызмет етуге шақырылған жаңа мемлекеттік органдардың құрылуы, тәуелсіз елдің азаматтарының құқықтары мен бостандықтары, егеменді Қазақстан мемлекетін нығайту мәселелеріне үлкен мән берілді. Алайда 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында жаңа мемлекетті дамыту жолындағы кейбір мәселелер ескерілмеген еді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының бүгінгі таңдағы Конституциясы 30 тамыз 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституция күні болып саналады. Мемлекеттің негізгі заңының қабылдануы Конституция жобасының халық арасында кең көлемде талқыға түсуіне алып келді. Талқылауға 3 млн-нан астам азамат қатысып, 33 мыңға жуық ұжымдық жоба қарастырылған.

Конституцияға қабылданғаннан бері 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары 4 мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.     

   

Связанные Статьи